Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Медет Шайсұлтанов: «Адамдарды құтқару бала кезден арманым болатын»

06:11, 18 қазан 2022 160
Қостанай облысындағы өрттен соң мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әскери және қызметтік борышын атқару кезіндегі жанқиярлығы және төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін Қостанай облысындағы орман өртін сөндіруге қатысқан 20 адамды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ қосымша тағы 48 азаматқа алғыс жариялайтыны да белгілі болған еді. Осы орайда жақында Төтенше жағдайлар министрлігінде Қостанай облысындағы өртті жоюға қатысқандарды мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі өтті. Осы марапаттауда әскери және қызметтік борышын орындау кезіндегі жанқиярлығы, сондай-ақ төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі – Шайсұлтанов Медет Еркінұлы да марапатталған болатын. Кәсіби мереке қарсаңында Медет Еркінұлына хабарласып, аз кем сұхбаттасқан едік.



-Мемлекет басшысының 2022 жылғы 22 қыркүйектегі №1020 Жарлығымен арнайы марапатқа ие болыпсыз. Құтты болсын! Бұл алғашқы марапатыңыз ба?

-Иә, еңбектің еленуі алғаш рет болып отыр. Салаға 2018 жылы келдім. Содан бері қолымыздан келгенінше қызмет етіп жатырмыз. Негізі марапат үшін істемейміз ғой жұмысты. Бірақ мамандықтың қиындығы осылай құзырлы орындардың көзіне түсуіне ықпал еткен екен. Қуаныштымыз. Негізі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы, Қызылту ауылының тумасымын. Ақмола облысының төтенше жағдайларымен күресудеміз. Негізгі мамандығым бойынша шет тілдер пәнінің мұғалімі болғаныммен тағдыр еліміздің Төтенше жағдайлар қызметінде жұмыс істеуді жазыпты. Бүгінде осы мамандығымды ерекше жақсы көремін.

-Қостанайдағы өрт кезінде қандай қиындықтар орын алды? Несімен есте қалды?

-Үшінші қыркүйек күні таңғы сағат тоғыздың кезінде Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде, Басаман КШШ аумағында алдын ала болжам бойынша 600 га алаңда ағаштар мен құрғақ шөптер өртеніп жатқаны жөнінде хабар келді. Алғашында өрт аумағы соншалықты ұлғайып кетеді деп ойламадық. Алайда желдің екпіні мен ауа райының +36 градус қатты ыстық болуына орай жағдай күрделене түскен екен. Қостанайдағы өрт кезінде үш күн бойына Аманқарағай ауылындағы тұрғындардың үйлерін құтқаруға атсалыстық. Негізі қызмет барысында ауыр төтенше жағдайлар ерекше есте қалады. Соның ішінде биыл осы Қостанайдағы өртті көпке дейін ұмытпайтын шығармыз. Өрттің екпіні, ие бермей жан жаққа жайылуы кез келген адамның көңіліне үрей шақырарлықтай болды.

-Төтенше жағдай қызметі үнемі қарбалас па? Қандай жағдайларда шұғыл шақыртулар жиі орын алады?

-Кейде екі күн тыныш өтеді, ал келесі күні бір күнде 4-5 шақыртуға дейін шығатын кезіміз болады. Сондықтан болжам жасап болмайсың. Ең бастысы төтенше жағдайға кез келген уақытта сақадай сай отыру қажет. Босаңсуға болмайды. Соңғы кездері қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан орын алатын өрттерге жиі шығып жүрміз. Сондай-ақ тұрмыстық жағдайда газды дұрыс қолданбау, электр құрылғыларына зақым келуі, жылу маусымдарында жылыту пештерінің талапқа сай болмауы секілді мәселелер дәл қазір жиі орын алуда. Сондықтан халықты осындай мәселелермен бетпе бет келмес үшін алдын алуды өтінер едім. Төтенше жағдайда қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызы зор!

-Күн сайын қауіппен бетпе бет келу оңай емес. Отбасыңыз таңдаған мамандығыңызға қалай қарайды?

-Рас, басында отбасым мамандығыма қырын қарады. Басқа салаға ауысу туралы да жиі айтатын. Қазір үйреністі. Мамандығым өзіме ұнайтынына түсіністікпен қарауға тырысады. Негізі бала кезімнен адамдарды құтқаруды, көмектесуді жақсы көретінмін, армандайтынмын. Тіпті адамдарды құтқару бала кезден арманым болды деп те айта аламын. Сондықтан қазір бала кезімдегі арманым орындалып осы салада қызмет етіп жүргеніме қуаныштымын. Отбасым да осыны түсініп, қазір тек қолдап отырады. Құтқарған адамыңның ризашылық көңілін сезінуден асқан бақыт жоқ. Олардың кейін аман қалғанын, денсаулығы қалыпты екенін естігенде ерекше қуанам. Негізі адамзатқа көмектесуден асқан миссия жоқ қой. Сондықтан адамдардың алғысына бөленетін мамандықты жаныма серік еткеніме қуанамын.

-Құтқарушыға қандай қасиеттер қажет?

-Бұл мамандық ең алдымен адамның физикалық дайындығының жоғары болуын қажет етеді. Сондай-ақ психологиялық тұрғыдан да құтқарушы мықты адам болуы қажет. Өзіне сенімді, батыл, басқа адамға қамқорлық көрсетуге деген ынтасы жоғары азаматтардың осы қызметтен табылғанын қалар едім. Маған «өзіңді батыр деп санайсың ба» деген сұрақтар жиі қойылады. Жоқ, ешқашан мен өзімді батыр деп санамаймын. Мен бар болғаны өзімнің қызметімді атқарып жүрмін.

-Салада көңіліңізден шықпайтын мәселелер бар ма?

-Жоқ, саланың жыл санап уақыт сұранысына сай жаңарып жатқаны көңіл қуантады. Төтенше жағдайлар саласының техникалық жарақтануы да жыл санап жақсара түсуде. Негізі құтқарушының физикалық дайындығы мықты, техникалық жабдығы талапқа сай болса төтенше жағдайдың алдын алу әлдеқайда оңай болады дер едім. Сондықтан саланың дамып келе жатқанына қуанамын. Қостанай облысында болған орман өртінен кейін мемлекет басшысы өрт сөндірушілердің жалақысын көтеріп, баспана мәселесін шешуді тапсыруы да көңілге қуаныш ұялатты. Еліміздің тыныштығы мен төтенше және техногенді жағдайлардың алдын алу үшін қалтқысыз қызмет ете береміз деген сенімдемін!

-Әңгімеңізге рахмет! Мереке құтты болсын!

 Ерзия Ерсұңқар
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар