Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қадірлі жастар, жолдарың болсын! Сендердің талаптарың шыққан елдеріңе құтты қонымды болсын!

23:56, 20 сәуір 2024 487

Түркістан аймағының кең даласында мал бағып шаруашылық қылып жүрген киіз тұрақты қазақ-қырғыз халқының жаңа жасөспірім жас оқушы азаматтарына!

Өздеріңе мәлім, адам баласы дүние жүзіне таралып тіршілік қыла бастағаннан бері өздерінің тырысуы арқасында мынадай адам таң қаларлық мәдениет түрінің жер жүзіне жайылуына себепші болып отыр.

Осы адам балаларымен қатарласып дүние жүзінде тіршілік қылып келе жатқанда, (біздердің) мына оқымыста жұрттарға қатарласып жүре алмастан, дүниедегі адам баласының ең артында қалған халқы қазақ-қырғыз болып отыр. Отыруға да себепші болған өзіміздің тұрмысымыз һәм оның үстіне дүние тіршілігіне бұрын-ақ қадам басқан азулы, тісті жалмауыздардың ерік бермегені шығар.

Бұрынғы уақытта қазақ-қырғыз халқының жас буындары оқымысты, өнерлі болуды барлығы бірдей арыз-екі жақсы көріп жүрсе де, іске келгенде һешқайсысы белсеніп тұрып кете алған жоқ.

Бірен-саран шыққаны болса да, о да шөлге біткен гүлге ұқсап қарап тұрып орнына құрып кетіп жүрді. Бай баласы болса, атқа мініп той тойлап, ... болып, қалжыңбас, жалқау ... тегін ас, тегін тамаққа даяр болып жүрді.

Кедей баласы болса, оқу оқиын десе киім, тамақ таба алмай, не қыларын білмей сандалып ол жүрді. Азғантай сөз білетін атқа мінгендері болса, олар да бір-бірімен күндестік таластырып, өзі оңбай келе жатқан халықты ... қылыңдар. Басқадан гөрі сендердің көздерің өткір, қайдағыны көргішсіңдер, қандай қиын жерде көмулі жатқан сасықтарды қазып алып қалталарыңа салып сарымайдай сақтайсыңдар.

Ендігі жолы барлығың оқуға келіп бастарың қосылғанда, ортаға салып ақылдасып, көптесіп, көмектесіп, ол сасық жаман жақтарды жоқ қылуға себепші боласыңдар.

Шыныменен, сендер белсеніп халық үшін қызмет қылсаңдар, сендердің ақ жүректерің Қазақстанда қазақ-қырғыз халқының алдағы тұрмыстарына жарық сәуле еніп, іштеріндегі болып жатқан ішкі, сыртқы талас-тартыстар жоғалып, халық қатарына қосылар деген үміт тұр.

Жазға жақын оқудан босап елге шығып бара жатқан жас оқушылар!

Ендігі жұмыс: өздерің де елге шығып қарап жүрсеңдер де, жоқ болмаса, ел ішінде болып жатқан жаман әдеттерді топтастырып жазып алып жүрсеңдер де, қандай болып жүрсеңдер де қазақ-қырғыз халқының оқушы жастары да аман-есен болып, күзгі оқуларыңа қайтып, ойлаған талаптарыңа жетулеріңе шын көңілмен тілектеспін.

Қадірлі [жастар], жолдарың болсын! Сендердің талаптарың шыққан елдеріңе құтты қонымды болсын!

Ғалихан.

«Жас алаш» газеті, №4, 9 мамыр 1921 жыл

Дереккөз: Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937).

Шығармаларының 9 томдық толық жинағы. – Астана, 2013.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар