Белгілі продюсер Гүлзира Айдарбекова алаяқтарға ұрынғанын хабарлады. Ол алаяқтардан сақтанып, толассыз соғылған қоңырауларға тіл қатпай отырғанын айтты, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
«Жаңа ғана алаяқтықтың куәгері болып отырмын. Біреу хабарласып, тапсырыс берген затымның келіп тұрғанын айтты. Шынымен де Астанадан зат күтіп отыр едім. «Мына мекенжайдан алып кете аласыз» деді. «Көлікпен жібереміз деп еді, пошта арқылы салған-ау» деп ойлап үлгердім. Тіпті, үйімнің мекенжайын да біліп тұр. Дүкенге апаруын өтіндім. «Сізге код келеді соны айтыңыз» деді. Бір кезде көзім түсіп кетті «кредит» деп жазылып тұр екен. Бірден алаяқ екенін білдім. Енді, міне, қоймай хабарласып жатыр. Бір қызығы тұтқаны көтерсең, бірден камерасы қосылып түріңді суретке түсіріп алады. Сосын даусыңды жазып алады екен. Сіздер де сақ болыңыздар», – деді продюсер.