Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Құтқарушылардың қызметі және олардың қоғамдағы рөлі

10:29, 27 қыркүйек 2024 292

Құтқарушылар – төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғау және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін ерекше дайындықтан өткен мамандар. Олардың қызметі өрт, су тасқыны, жер сілкінісі, өндірістік апаттар, автокөлік оқиғалары сияқты түрлі апаттардың салдарын жоюға бағытталған. Құтқарушылардың міндеті – адамдарды қауіптен құтқару, алғашқы медициналық көмек көрсету, материалдық құндылықтарды қорғау және жағдайды бақылау. Құтқарушылар жоғары деңгейдегі физикалық дайындық пен кәсіби біліктілікті талап ететін арнайы курстар мен жаттығулардан өтеді. Олардың әрқайсысы жылдам шешім қабылдау, апатты жағдайларда әрекет ету және психологиялық тұрақтылық бойынша білім алады. Құтқарушылардың денсаулығы мықты болуы, ал психологиялық жағынан қиындықтарға төтеп беруі қажет. Себебі олардың жұмысы үнемі қатерге толы.

Құтқарушылардың жұмысы әрдайым күтпеген жағдайлармен және қиындықтармен байланысты. Кез келген уақытта олар төтенше жағдайға шақыртылып, адамдардың өмірін сақтап қалу үшін шұғыл шаралар қабылдауға міндетті. Олар апат орнында дұрыс шешімдер қабылдап, қиын сәттерде азаматтарды қорғап қалуы керек. Бұл қызметке батылдық пен жанқиярлық тән, өйткені құтқарушылар көбінесе өз өмірлерін қатерге тігеді.

Бүгінде Қазақстанда өрт сөндірушілер саны шамамен 20 000 адамды құрайды. Бұл құрамға өрт сөндірушілер, құтқарушылар және азаматтық қорғаныс саласында жұмыс істейтін басқа да қызметкерлер кіреді. Олардың негізгі міндеті — өрттермен күресу, адамдарды құтқару және төтенше жағдайлар кезінде шұғыл көмек көрсету. Өрт сөндірушілер Республика бойынша орналасқан өрт сөндіру бөлімдерінде, мамандандырылған бөлімшелерде және департаменттерде жұмыс істейді.

Құтқарушылардың еңбегі қоғам үшін маңызды және бағалы. Олар тек апат кезінде емес, сонымен қатар төтенше жағдайлардың алдын алу үшін де қызмет атқарады. Мысалы, өрт қауіпсіздігі ережелері мен су тасқыны қаупінің алдын алу бойынша халықпен профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Құтқарушылардың жауапкершілігіне болашақ апаттардың алдын алу шаралары да кіреді. Олардың арқасында көптеген адам өмірі құтқарылып, апаттардың салдары азайтылады. Осындай қиын жағдайларда өз өмірлерін қауіпке тігіп, адамдарды құтқаруға көмек қолын созып жүрген құтқарушы, өрт сөндіруші жандардың бірі Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушы, өрт сөндіруші, жас маман Нұрланбек Сағын. Ол Атырау облысы Қызылқоға ауданының Миялы ауылында дүниеге келген. Өңірдегі тосыннан болатын апатты жағдайлардың басы-қасында жүрген жас маманның еңбегі орасан зор. Бүгінде Қызылқоға ауданының батыл да еңбекқор өрт сөндіруші маманы. Атырау облысы ТЖД қоғаммен байланыс тобының сипаттауы бойынша Нұрланбек Сағын Азаматтық қорғау органдарындағы қызметін 2020 жылы бастаған. Түрлі төтенше, шұғыл жұмыстарды атқаруда өрт сөндіруші өзінің жауапкершілігінің молдығымен, қызметіне адалдығымен, берілген тапсырманы дер кезінде сапалы орындауымен, кәсіби шеберліктерімен адамдардың өмірін құтқарып, отбасылардың шаңырақтарындағы тыныштық қамтамасыз етуде.

Тағы бір батылдықтың үлгісі болып жүрген қайсар өрт сөндіруші Абай облысы Семей қаласының № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Ермек Ысқақовтың қауіпті салада жүргеніне биыл 6 жыл толады. Қауіпті төтенше жағдайларды жасаған ерлік істерінің бір мысалы, Семей қаласындағы көпқабатты үйдегі өрттердің бірінде болған. Ол бұл төтенше жағдайда 5 жасар баланың өмірін сақтап қалған. Бұл оның өміріндегі әр секунд маңызды болған сәттердің бірі болған. Оның айқын және кәсіби әрекеттерінің арқасында осы шұғыл жағдайда бала өртке оранған ғимараттан аман-есен шығарылған. Осындай ерең еңбегі мен батылдығы үшін ол жоғары наградаға да ие болған.

Ермек Ысқақовтің айтуынша,  «Өрт сөндіруші өртті оқшаулап қана қоймай, адамдардың өмірін сақтап қалуы керек». Ол үшін бұл мамандық тек жұмыс емес, оның балалық шағынан бері келе жатқан өмірлік мақсаттарының біріне айналған. Құтқарушы маманның айтуынша, өрт сөндіруші болуға деген ұмтылыс әкесінің арқасында пайда болғанын айтады. Оның әкесі Бесқарағай ауданы Бекен ауылында өрт сөндіруші болған. 2006 жылы олардың ауылына жақын жерде үлкен орман өрті болды және бұл оқиға Жас Ермек үшін үлкен бетбұрыс болған. Әкесі өз өмірін қатерге тігіп, отпен күресті, сол күні кішкентай Ермек әкесінің жолын қуғысы келетінін түсінді. Өрттің үйлерді, соның ішінде өз үйлерін қиратқанын көріп, ол осы кәсіптің маңыздылығы мен жауапкершілігін түсінген. Бүгінде ол № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бөлімшені басқарады және әкесі бастаған істі мақтанышпен жалғастыруда. Командир Ысқақов тек өз ісінің маманы ғана емес, сонымен бірге өз жұмысына берілген және әрқашан көмекке келуге дайын үлкен жүрегі бар адам. Оның мысалы көпшілікті шабыттандырады және оның подіктері көмектескендердің жүрегінде қалады.

Құтқарушылардың қиын жағдайларда қандай ерлік істер жасағаны, қауіпті жағдайларда адамдарды құтқарғаны және өз өмірін қатерге тіккені туралы әңгімелер әрқашан адам жүрегін толқытары анық. Олар күнделікті жұмысында көптеген қиындықтарға тап болады, бірақ соған қарамастан, өмір сүруге деген құштарлықтары, адамға деген қамқорлығы басым. Құтқарушыларды өз қызметіне деген адалдық, адам өмірін қорғау және қоғамдық жауапкершілік алға жетелейді. Құтқарушылар – қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін маңызды қызмет атқаратын батырлар. Олардың жанқиярлық еңбегі кез келген елдің дамуы мен қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар