Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Сахнаға қоймен шығарса, маңырап тұра беретіндей“: Ақбота Керімбекова Республика сарайында ән айтқан Мұрат Әбділдаға шүйлікті

10:54, 21 қазан 2024 728

Әнші Ақбота Керімбекова Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға қазақ мәдениетіне қатысты үндеу жолдады, - деп хабарлайды Alash.KZ Massaget.kz материалына сүйеніп. 

Әлеуметтік желідегі парақшасында әнші мәдениет саласына қатысты үндеуін тікелей Аида Ғалымқызына бағыттап, Республика күніне орай өткен концертте Мұрат Әбілданың ән айтуы сорақылық деп есептейтінін айтты. 

 

“Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Мұрат Әбілда деген адамның Республика сарайында ән салып тұрған видеосы тарады. Ойлаңызшы, Республика сарайында. Еліміздің тарихи-мәдени маңызды нысанында! Қазақтың мыңдаған таланты сол сахнаға шығуды армандаған, мыңдаған дарынды қазақ сол сахнаға шыға алмай, арманда кетті. Ол жігіт елдің азы мен тозы емес шығар, оның адами кескін-келбетіне тілімді тигізе алмаймын. Бір жағынан қарағанда, оның Республика сарайында ән салғаны қылмыс та емес шығар. Менің айтарым басқа”, - деп бастады әңгімесін әнші.

Керімбекова киелі сахна төрінде желі арқылы танылған блогер-әншінің өнер көрсетуіне шамданғанын жеткізді. 

“Республика сарайының сахнасы Роза Бағланова секілді аңыз адамның маңдай терімен салынған. Ол сахнаға шығу үшін бізден мың есе лайық әрі таланттырақ адамдар тағдырын арнады ғой, біздің өзіміз музыка мектебінде оқып, өнер академиясында кәсіби дағдымызды қалыптастырып, 30 жылға жуық тынымсыз еңбек етіп келе жатсақ та, тіземіз дірілдеп, зорға шығамыз. Енді сол ұлттық мінберге шыққысы келгеннің бәрі шыға бере ме?! Осы шенеуніктер өздеріне келгенде құқық талап еткіш, ар сақтағыш, дәл солай неге мемлекеттің бас сахнасын сақтамайды?!

Әріптестеріміз де үнсіз отыр. Сахнаға қоймен шығарса, маңырап тұра беретіндей. Арланбайды. Мәдениет саласының ары да, намысы да - сахна. Сахнаға шығарған адамына, сахнада көрсеткен дүниесіне қарап саланың деңгейін көруге болады”, - деп жазды өнер иесі. 

Сахнада өнер көрсететін жандарға зерттеу-зерделеу жүргізу керектігін айтып, мемлекет мінберіндегі бірнеше тұлғаны белгілей кетті ол жазбасында.

"Бұл селқостық қашанға дейін жалғасады?! Президенттің алдында кім көрінген шықпайды, мәжіліс мінберінде кім көрінген сөйлемейді. Ол жер алдын ала зерттеу-зерделеумен қадағаланады. Ал сахна ше? Солардан кем бе? Өнер атын табанға таптатып берген талантсыздардан сахна қашан тазаланады? Бұл соншалықты қиын іс пе?! Әлде, жоғары лауазымды тұлғалар талантты мен талантсызды айыра алмай ма? Мәдениет министрлері өз аттарын, өз репутацияларын қорғағандай, неге сахнаны қорғамайды? Дарынсыз, өнерсіздерге сахнадан, оның ішінде Республика сарайынан басқа да ән салып, әуселе қоятын жер жетіп артылады ғой Қазақстанда", - деп түйіндеді ол үндеуін. 

Бұған дейін Ақбота Керімбекова жас әншілердің танымалдыққа жеткен соң қарапайымдылығын жоғалтып алатынын айтып, сынға алған болатын. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?