Төртінші оқу корпусының алдындағы гранит тастан орнатылған мемориялдық ескерткіштің ашылуына себепкер болған, кезінде осы оқу ордасын 2005-2009 жылдары басқарған генерал-майор Б.Елубаевтың ұл-қыздары демеушілік жасап, әкелерінің атын асқақтатты.
Шара барысында алғаш болып сөз алған полковник П.Поливанов ғалымның қызметтік-жауынгерлік жүріп өткен жолына тоқталып, оның оқу ордасына өлшеусіз үлес қосқан еңбек жолын әңгімеледі. Содан кейін сөз кезегін Бауыржан Ысқақұлымен бірге қызмет атқарған әріптестері алды. Запастағы генерал-майор Атшабаров Нағашыбай Қорғанбекұлы:
«Баукеңмен 1985-1986 жылдары Алматыда таныстым. Ауғанстаннан елге оралғанмын. Шенім – капитан еді. Ол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті КГБ (Мемлекет қауіпсіздік комитеті) болатын. Комитет Төрағасы Мәскеуден келген генерал-майор Мирошник Виктор Михайлович атты өте қатал кісі еді. Баукең төрағаның көмекшісі қызметінде екен. Ол кезде Төрағаның көмекшісі деген статус қазіргіден мүлде басқа еді. Қазір көмекші дегеніңіз барып кел-шауып келдің адамдары ғой. Ол кезде көмекші дегеніңіз басшының кем дегенде жарты жұмысын атқаратын. Ақпараттарды талдау, саралау, сол арқылы қорытынды шығарып, нәтижесін көрсетіп отыру сынды жұмыстардың барлығын көмекші атқаратын. Баукең сол жұмысын мінсіз атқара алды. Өзінің ішкі мәдениеті мен мықтылығының арқасында қаталдығымен аты шыққан Виктор Мирошник өзгелерге көрсететін мінезін Баукеңе көрсетпейтін, өзгелерге айтқан сөзін Баукеңе айтпайтын.
Сол кезден бері ол кісінің өсу жолдары көз алдымда өтті. Ол да өзінің қызметі арқылы мені бақылап отырды. Сол жылдары Баукең мені Ұлттық қауіпсіздік комитеті Орталық аппараты департаменттерінің біріне басшылық қызметке ұсынып, атқарған шаруаларымды, жасаған жұмыстарымды көрсеткенде қатты таң қалдым», - дейді ол өткен шаққа оралып.
Материалды дайындау барысында Бауыржан Ысқақұлы туралы естеліктер жазылған «Кеңдік.» Биіктік. Тереңдік. атты кітапты парақтап отырып ол кісінің Ұлттық қауіпсіздік комитетінде Мемлекеттік тілді дамыту басқармасына да жетекшілік жасағанын оқыдым. Ана тілінің нағыз жанашыры ретінде оның ҰҚК органдарында кең қолданылуына, іс-қағаз айналымына тез енуіне көп еңбек сіңірген. Бұл тұрғыда сардардың көзін көрген әріптестерімнің айтуынша, ол кісі Шекара академиясында қызмет атқарған жылдары қазіргі тіл саясаты бөлімі, білдей бір басқармаға айналған екен. Бұдан ағамыздың нағыз тіл жанашыры болғанын байқауға болады.
Қызмет барысында да, жеке өмірінде де өнегелі ғұмыр кешкен Бауыржан Ысқақұлының кемел қасиеттері, қалдырған ізі туралы көп айтуға болады.
Ұлттық қауіпсіздік саласында, әсіресе, Шекара академиясында басшылық еткен жылдары академия өмірінің гүлденуін әскери қызметшілер аузынан тастамай айтып жүр.
Шара соңында Б.Елубаевтың балалары Академиядағы келушілер бөлмесіне дастархан жайып, жиналған қонақтарға дәм ауыз тигізді.
Олай болса, Бауыржан ағамыздың салған ізі, жасаған ісі, көрсеткен өнегесі мәңгі жасайтынына сенімдіміз.
Жанат Жабырбеков,
ҚР ҰҚК Шекара академиясының баспасөз хатшысы