Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Серік Күдебаев: "... Бала-шағама не деймін, ұяламын?!"

06:15, 25 қаңтар 2023 209
Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы генерал-майор Серік Күдебаевтың ісі бойынша Талдықорғанда кезекті сот процесі өтіп жатыр. Айыпталушы Серік Күдебаев та сот дәлізінде БАҚ өкілдерінің бірнеше сұрағына жауап берді. Біз Күдебаевтың сөздерін ғана жариялап отырмыз.  

– Митингке шыққандардың алдыңғы қатарында балалар, әйелдер болды. Артқы жағындағы адамдар «сендерді атсын» деп айғайлап жатты. Олар төртінші-бесінші қабаттан ғана көрінеді. Құқық қорғау органдарына қатысты заңның 61-тармағында да жазылып тұр. Әйелдер, мүгедектер, жас балалардың қолында қару-жарақ болмаса, оқ атпаса, қарсы қару қолдануға болмайды. Конституцияда да адамның өмірі ең құнды деп жазылған.

Сол кезде қарамағымдағы қызметкерлерімнің 70-80 пайызы түрлі жарақат алып, қабырғасы, жағы сынған. Олар сол кезде ашулы, өздерін әрең ұстады. Мен олармен сөйлесіп жүрдім ғой, егер (оқ атуға-ред) рұқсат бергенімде 300-500 адам мерт болар еді. Ондай жағдайда не болар еді?! Бәріміздің бала-шағамыз бар. Ол жерде митингке шыққандардан бөлек өтіп бара жатқан адамдар болды. Өздеріңіз көріп отырсыздар, қаншама қызметкер жауапқа тартылып жатыр. Өз басым қарамағымдағы қызметкерлеріме алғыс айтқым келеді, қабылдаған шешімім дұрыс деп айтып жатыр. Адам өлтіріп, бәрі мен сияқты сотталар еді, жауапқа тартылар еді ол кезде. Кейін бәрі алғысын (полиция қызметкерлері – ред) айтты, мен де оларға көп-көп рахметімді айтамын. Азаптау бойынша да қылмыстық іс қозғалды ғой. Сотта көрдіңіздер, ол адамдар мені танымайды. Беттестіру де болған жоқ. Сотта да айтты оны. Мен ешкімге бұйрық берген жоқпын, ұрған жоқпын. Куәгерлер де сотта мені көрмегенін, тіптен танымайтынын айтып жатыр.

Алматы қаласы болсын, басқа жерлерде де адам өлтіргендердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр ғой. Бәріміздің баламыз, анамыз бар. Бәріміз мәңілік емеспіз. Ертең әйелдер баламды өлтірдің деп жылап тұрса қайтер едік?! Біз ешкімді өлтірген жоқпыз. Баласынан айырылған адам ретінде, басымнан өткен соң білемін. Біреуді баласынан айыру, өлтіру өте ауыр, дұрыс емес. Еліміз, халқымыз, жұртымыз аман. Бүгінгі тыныштықтың өзі сол шешімге байланысты деп ойлаймын. Бәрі тыныш, жұмыс жүріп жатыр.

Күні-түні жұмыс істеген адаммын. Өзімді аямадым. Мен патриотпын. Қашанда болса қолымнан келгенше елге көмектестім. Тәртіп болса, ел тыныш болса, халқымыз дұрыс болса деп ойлайтын адаммын. Шынын айтсам, осындай жағдай болғаны маған ыңғайсыз, бала-шағама не деймін?!  Ұяламын. Бірақ тағы айтамын, ешкімді өлтірген жоқпыз. Халқым, елім аман, жеке құрамнан ешкім сотталып жатқан жоқ.

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар