–Қоғамда суицидтік көңіл-күйді болдырмаудың қандай қарекетін жасаған жөн?
Ең алдымен отбасылық институтытарын қалыптастыру қажет. Ата-ана өзінің құқығы мен міндетін терең түсінуі қажет, психологиялық білімін дамытып, жетілдіріп отыруы тиіс. Қазір аөқпараттық технологияның қарқынды жетілген шағы. Баланың көңіл-күйіне мән берудің де маңыздылығы жоғары. Баламен дұрыс эмоционалдық қарым-қатынас орнатқан жөн, суицидті болдырмай, қауіптің алдын алу үшін аянбай жұмыс істеуіміз қажет. Заңнамалық тұрғыдан да нақтылап, мектептердегі педагог, пасихологтардың жұмысын жандандырған дұрыс. Ақпараттық ағыстардың арасында әлеуметтік желілерде түрлі ойындар жарнамаланады. Бір кездері «көк кит» деген ойын түрі шықты, міне, осындай балалардың санасын улап, теріс әрекетке бастайтын ойындарды заңмен қатаң тоқтам салу қажет.
–Ата-ана мен бала арасындағы байланыс терең орнамауының да әсері болатыны рас па суицидке? Отбасы пасихологы ретінде бұған қандай кеңес айтар едіңіз?
–Бала мен ата-ана арасындағы эмоционалды байланыстың жоқтығы баланы суицидке итермелеуі мүмкін. Мұны айтып отырғаным суицидке баратын балалардың арасында ата-анасы ажырасып кеткендер, әлеуметтік тұрмысы төмен, материалдық жағдайы нашар отбасында тәрбиеленіп жатқандар көп. Ана бақытты болса, бала да бақытты. Сондықтан да балаға ұрсып жекімей, болмашы бірдеңені сылтау етіп ұрмай ақылмен тәрбиелеу керек. Отбасында күнделікті күйкі тірліктен туындайтын ұрыс-керіс кикілжіңді әке-шешесі өзара шешуі тиіс, балалардың көзінше ұрсысуға болмайды. Отбасындағы керіске балалардың куә болуы олардың психологиясына өте қатты әсер етеді. Суицидтің алдын аламыз десек, ең бірінші отбасындағы хал-аһуалды түзеуіміз керек. Ана мен бала, әке мен бала арасындағы қарым-қатынастың дұрыс орнауы өте маңызды. Психологиялық эмоциясын еркін ұстай алмайтын аналар да кезігеді. Өзінің өмірге деген өкпесін, біреуге кеткен есесін бейкүнә балаларынан алуға бейім тұратын ата-ана да жоқ емес. Балаларын әртүрлі себеппен қиын жағдайға тастап кеткендер де дар. Осындай келеңсіздіктер баланы суицидке итермелейді. Әсіресе бала өтпелі кезең, жасөспірім шаққа аяқ басқанда ата-ана өте мұқият болғаны жөн. Қазіргі кезде селфхарм деген термин жиі айтылады. Бала өзінің ішкі эмоциясын сыртқа шығару үшін денесін жарақаттайды. Бірақ ол өзінің өміріне қауіп төндіремін деп ойламауы мүмкін, алайда бата тимесе де қата тиіп тамырын кесіп жіберіп өмірі үзілген балалар бар. Сондықтан да ата-аналар балаларының көңіл-күйіне қарауы керек. Сондықтан да отбасындағы тәрбиеге деген көзқарас суицидті болдырмайтын құрал десек те болады я болмаса суицидке итермелейтін себеп деп те түсінуге болады. Ендеше біздер суицидтік көңіл-күйді болдырмаймыз десек, отбасындағы, үйдегі тәрбиені түзу ұстауымыз керек.
–Өкінішке қарай елімізде балалар арасындағы суицид бәсеңдемей тұр. Мектепте психологтардың жұмысын жандандыру үшін қайтпек керек, мүмкін психолог педагогтердің штатын арттыру қажет шығар?
–Дұрыс айтасыз, балалар арасында суицидке ұрыну азаймай тұр. Мектептегі психологтардың жұмысы жеңіл демеймін. Олар мектептен тыс жұмыстарды да арқалайды. Сөзіңіздің жаны бар, психолог кадрлардың штатын көбейту керек. Бізде бүгінгі күнде педагог психологтар тым аз, оларға деген сұраныс жоғары. Мысалы қаладағы 3 мың бала оқитын мектепте екі психолог маман жұмыс істейді. Бір кадрға 1500 оқушыдан келеді. Оның барлығының бірдей қыбын тауып, ойының арғы жағында не жасырылғанын оқып бітуіне физикалық тұрғыдан үлгере алмайды. Сол себепті де мектептерге психолог мамандардың штатын көбейту қажет. Отбасындағы тәрбиені түзеп алғаннан кейін қоғамның тәлімін туралаймыз десек, мектептерге психологтардың қатарын арттыру керек. Балалардың үйден кейінгі көп уақытын өткізетін мекені, дамитын ортасы мектеп болғандықтан бұған баса мән бергеніміз абзал. Мектептегі психолог педагогтерді біліктілігін арттыру курстарына жиі жебір, олардың жалақысын да көбейту қажет.
–Балалар арасындағы әлімжеттік, ар-намысына тиіп келемеждеудің де ақыры осындай қиындықтарға әкеліп соғып жатқаны рас. Балалардың бір-біріне деген өшпенділігі неден туындайды?
–Өкінішке қарай солай болып тұр. Өзі бақытты бала ешкімге соқтықпайды, ұрынбайды, намысына тимейді. Отбасында төрт құбыласы түгел, мейірім мен қайырымға қанып өскен бала мектептегі ортасынан да шуақ іздейді, ұрысты емес, ұйымшылдықты көздейді. Әлімжеттікті қандай балалар жасайды? Көбінесе үйінен, ата-анасына ала алмаған махаббаты, ата-анасына деген ренішін сыртқа шығарудың жолы осы деп қабылдайтын балалар әлімжеттікке, шамасы келетінге тисуге ұмтылады. Өзі зәбір көрген бала, өшін кішіден алуға ұмтылады. Бұған да ата-анасының тәрбиесінде ағаттық кеткен, үйінде обал мен сауапты білмей өскен балалар көбірек бейім келеді.
–Өмірлік тәжірибеңізде суицид жасауға ұмтылғандарды райынан қайтарған оқиғалар болды ма?
–Психолог маман ретінде жұмыс істеп келе жатқаныма он жылдың жүзі болды. Кездесті ондай жандар, селфхарым жасап өз денесіне өзі зиян әкелген баллармен де жұмыс істеп, райынан қайтардық. Ол жерде тек мен ғана емес суицидолог мамандардың да ерен еңбегі сіңді. Жоғарыда айтқанымдай ата-ана баласы өмірге келмей тұрып-ақ қандай ана, қандай әке болатынын айқындап, жауапкершілікті сезінуі керек. Әке баласымен сырласып сөйлесіп, саяхатқа шығуы керек, ана үйінде қыздарымен еш бүкпесіз сөйлесіп, тұруы қажет.
Сұхбаттасқан Көшім Есімбай