16 жастағы Шерзат Болаттың әпкесі Бақыт Реймова құзырлы органдарға үндеу жасап, төбелеске қатысы бар тағы екі қыздың да ұсталуын талап етті, - деп жазды Alash.kz ұлттық порталы хабарлады.
Massaget.kz порталының хабарлауынша, іске қатысты тағы екі қыздың бостандықта жүргені хабарланды:
"Менің бауырым бұзақылардың қолынан қыршыннан қиылып отыр. Айуандықпен өлтірді. Інім анасының қолында марқұм болып кетті. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Ержан Сәденов (Ішкі істер министрі), Бауыржан Әленов (ІІМ орынбасары), Берік Асыловтан (Бас прокурор) іске араласып, қолға алса деп өтініп сұраймын. Менің інім мен үшін, біз үшін батыр. Себебі ағасы мен інісін қорғаймын деп жан тапсырды.
Іске қатысты тағы екі қыз бар, олар бостандықта жүр. Талғарда қаралған іс Қонаевқа ауысты. Ол қыздарды көрдік, екеуі көлікке мініп, кетіп қалды. Бостандықта тайраңдап жүргенін қаламаймыз", – дейді Бақыт Реймова.
Бақыт Реймова істің бұрмаланып кетпегенін қалайтынын айтты.
"Қазір 7 адам ғана ұсталды. Қалған қылмыскерлердің де ұсталуын талап етеміз. Жалпы, екі қызды қосқанда 13 адам болған", – дейді Бақыт Реймова.
Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданған?
Айта кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғарда жантүршігерлік қылмыс болды. Қолында пышақ пен қаруы бар бір топ жігіт 16 жастағы Шерзат, әкесі мен ағасына шабуыл жасаған.
Шерзаттың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаумен айналысатын. Арты өліммен аяқталған төбелес осы дүкеннен басталған. Бір жігіт дүкенге келіп, сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Шерзаттың әкесі сыраның ақшасын төлеуді талап еткен кезде жанжал туындаған.
Шерзат осы сәтте клиенттің дүкеннен шығып кетуін сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. Бір топ жігіт Шерзатты тепкілей бастаған. Бұл сәтті тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-сыныпта оқитын Шерзат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты. Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай Шерзат жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Қаза тапқан жігіттің ата-анасы полицейлер оқиғаға қатысты адамның бәрін ұстамағанын айтып, дабыл қаққан.
Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Облыстық прокуратура өкілдері бұл оқиға жіті бақылауда екенін хабарлады.