Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

19 мың теңге - "Халық әртісі" алатын үстемеақы

06:40, 05 желтоқсан 2023 303
Биыл Республика күні қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бірнеше өнер иесі Қазақстанның халық әртісі атанды. Сөйтіп, араға 24 жыл салып, бұл атақ қайта беріле бастады. Жыл сайын санаулы адамдарға ғана берілетін бұл атақта қандай жеңілдік бар? Өнер иелерінің өздері не дейді?

«Дариға дәурен!» деп ән салған Рамазан Стамғазиев атағына төленетін үстемақы әлі алмағанын, енді берілуі тиістігін айтты.
«Мен бұрын ҚР Еңбек сіңірген әртісі едім, ол кезде 7 мың теңге төленетін. Енді халық әртісін алдым. Бұл үшін жалақыма қосымша 19 мың теңге төленеді екен. Кадр бөлімі солай айтты. Енді жалақымызды алған кезде түсуі тиіс. Жұрт арасында «Совминка» деп аталып кеткен Орталық клиникалық ауруханаға (ОКА) тіркеуге шақырды. Әйелім екеуімізді сонда тіркеді. Халықтың берген бағасы өз алдына, мынау мемлекет беріп жатқан атақ. Барған жерінде айтылып жатады емес пе? Оның несі жаман? Бұйырғанын көрерміз», - дейді Рамазан Стамғазиев.

56 жастағы ҚР халық әртісі қазіргі кезде Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында еңбек етеді. Профессор, сонда сабақ береді.

Ал жақында осы алған атағының құрметіне той жасаған актер Дулыға Ақмолда қандай үтемақы алатынын білмейтін болып шықты. Күйші Айгүл Үлкенбаева телефонын көтермеді. Бұл үшеуінен бөлек, ҚР халық әртісі атанғандардың қатарында әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген, театр және кино Дінмұхаммед Ахимов, Михаил Токарев, опера әншілері Талғат Күзенбаев,  Шахимардан Әбілов бар.

Халық әртісі атанғандар үстемақыдан бөлек, Астанада тұрса Президент іс-басқармасына қарасты ауруханаға, Алматыда тұрса Орталық клиникалық ауруханаға тегін қарала алады. Сосын жылына бір рет шипажайға тегін демалуға мүмкіндік бар.

Биыл қыста сол кездегі Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы үшін берілетін үстемеақы мөлшерін базалық лауазымдық жалақының 100 пайыз мөлшеріне дейін өсіру үшін бюджеттен қосымша қаржы сұраған еді. Сол үшін үш жылға 16,5 млн теңге қосымша қаражат бөлінді.

Айта кетейік, «Қазақстанның халық әртiсі» –  музыка мен хореография, театр мен кино, эстрада мен цирк өнерін дамытуға айрықша үлес қосқан, бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі»,  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болған адамдарға берілетін құрметті атақ.

1999 жылдың шілде айынан бастап бұл атақты беру тоқтатылған еді. 2022 жылдың мамырында президент Тоқаев тиісті министрлікке атақты қайтару туралы тапсырма берді.

Көрші  Ресейде   мұндай марапат иелеріне ұшақта ұшуға, теміржол тасымалында, басқа да әлеуметтік төлемдерге айтарлықтай жеңілдік қарастырылған.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар