Алматы қаласындағы ауыз толтырып айтарлықтай бағдарламалардың бірі «Алматы жастары» болып отыр. Талай жасты баспаналы еткен бағдарлама биыл да жалғасын тауып жатыр. Мәселен биылғы жылы «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 17 млрд теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 млрд теңгеге артық. Сондай-ақ, «Отбасы банкінің» өз қаражатынан тағы 3 млрд теңге бөлінді. Тұрғын үй бағдарламасымен кемінде 1100 адамды қамту жоспарлануда.
Алматы қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев «Алматы жастары» бағдарламасының бір ерекшелігі қатысушыларға бастапқы және екінші нарықтан тұрғын үйді өз бетінше таңдауы үшін төмен пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй несиелері берілуде. Қала жастары тарапынан үлкен сұраныс пен жоғары қызығушылықты, сондай-ақ өткен жылдардағы қатысушылардың санын ескере отырып, бағдарлама биыл да өз жалғасын таппақ. Айта кетсек, 2022 бағдарламасы бойынша 1097 отбасы баспанаға ие болды», - дейді.
Аlmaty-zhastary.kz сайтында өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасы үміткерлердің жиналған ұпайлары бойынша қатысушыларды іріктейді. Ұпай санына некеге тұрған жылдары, балаларының болуы, кәсібі бойынша үздіксіз еңбек өтілінің ұзақтығы, халықтың әлеуметтік осал топтарына жатуы әсер ететін болады. Үміткерлер тізімі құрылғаннан кейін олардың барлығы төлем қабілеттілігін растау үшін Отбасы банкіне жолдама алады. Банк қатысушыға заем алу туралы оң шешім шыққан күннен бастап баспана іздеуге 45 күнтізбелік күн уақыт береді.
Пәтерді Алматы қаласындағы алғашқы немесе екінші нарықтардан, сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі бар нысандардан сатып алуға болады. Отбасы банк тұрғын үйін сатып алуға 18 млн теңгеге дейін заем бере алады. Егер мүліктің құны 18 млн теңгеден жоғары болса, онда айырмашылықты қатысушы өз қаражаты есебінен төлей алады.