Сонымен, жоспар бойынша биыл жыл соңына дейін Алматыда бес мектеп пайдалануға берілмекші. Осы уақытқа дейін, айталық 2021-2022 оқу жылдарында шаһарда су жаңа 3 мемлекеттік мектеп және бұрыннан білім беріп отырған 17 білім ошағының жанынан қосымша ғимараттар салынып, оқушылардың білім алуына жақсы мүмкіндіктер қарастырылған болатын.
Қалалық білім басқармасының бізге берген деректеріне сүйенсек, биыл жыл соңына дейін бес мектеп және 5 қосалқы ғимарат қолданылуға берілмекші. Осы нысандар пайдалануға берілсе, мемлекеттік мектептерде 23,6 мың оқушы жайлы білім ордасында емін еркін білім алуға мүмкіндік алады. Сөйтіп, бұған дейін сақталып келген мектептердегі орын тапшылық проблемасы 72 пайызға қысқарады деп күтілуде. Жоспардағыдай болса, мектеп түйткілі шешілер еді деген үміт басым.
Сонымен, Алматының қай аудандарында мектепке қажеттілік басым? Қай аудандарында қандай білім ошақтары салынып жатыр? Осы мәселелер күн тәртінбінде тұрғаны анық.
Жоспар бойынша, мектеп тәуелділігі бар 12,6 мың оқушыға арналған су жаңа 8 мектеп салынбақшы. Оның бесеуі, әрине мектеп қажеттілігі басым Алатау ауданына жоспарланып отыр. Айталық, Саялы, Томирис, Дархан, Мәдениет, Нұркент шағын аудандарында тұрғындар саны көп, мектеп жасындағы балалар да баршылық. Бұл аудандар бұған дейін мектеп тапшылығын басынан кешіп отырған.
Ал одан кейін екі мектеп Наурызбай ауданына салынады деп жоспарланып отыр. Қалған бір білім ошағы Түрксіб ауданына салу жоспарланып қойыпты. Қайрат ықшам ауданында бұған дейін бірде бір мектеп болмаған. Соның орны енді толатын көрінеді. «Қайраттың» балалары енді өз аудандарындағы мектепке барады.
Біз атап айтып отырған Қалқаман, Саялы мен Томирис шағын аудандарындағы мектептердің құрылысы аяқталған. Мердігер компания биыл жыл соңына қарай пайдалануға бермекші. Мемлекеттік және жеке меншік әріптестік негізінде салынған мектептердің негізгілерін «KAZPACO» ЖШС мен BI Group-тың еншілес компаниясы салуда. Мемлекет пен жеке меншік серіктік деген осы. Мемлекет ақша бөледі, ал жеке меншік компаниялар келісімшарт аясында мектеп салады.
Аталған компания 8 мектепті салуға мемлекеттік тендерді ұтып алғанын айта кетейік. Осы сегіз білім ошағының құрылыс жұмыстары үшін компания мемлекеттен 42,6 млрд теңге алған. 12,6 мың оқушыға бөлсек, әрбір оқушыға орташа есеппен 3,4 млн теңгеден айналады. Бұл мемлекеттен әр балаға бөлінген қаражат. Аталған сегіз мектептің ішіндегі ең қымбат білім ошағы – Қалқаман-2 ықшам ауданындағы салынып жатқаны. Бұл 1500 орындық мектеп құрылысына мемлекет қазынасынан 6 млрд теңге бөлінгенін айта кетейік. Әрбір оқушыға бөліп орташа есепбін айтар болсақ, 4 млн теңгеден айналады екен.
Енді мектеп жанынан салынып жатқан қосалқы құрылыстарға тоқталайық. Дәл қазір білім беріп тұрған 22 мектепті кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Сол арқылы 11 000 оқушы орыны ашылған болатын. Мұндай қосалғы нысандар Бостандық ауданындағы бірнеше мектепке салынды. №38, 60, 199 мектептер. Жылдың аяғына дейін №9, 191, 125, 146 мектептерде осындай қосымша ғимараттар салынып, пайдалануға берілетін болады.
Алматы мектептерінің ішінде Әуезов ауданындағы № 6, 117, 121, 132, 133 мектептердегі қосалқы құрылыс нысандары да пайдалануға берілуде. Одан бөлек, Жетісу ауданында төрт мектеп бар: № 43, 57, 102, 177 мектептерге қосалқы нысандар салынды. Алмалы ауданындағы №34 пен 144 ке, Алатаудағы №166 білім ошағына, Түрксібтегі №170 білім нысанына, Наурызбайдағы 186 мектепке осындай қосалқы ғимараттар салынып, оқушылардың игілігіне берілді деп жоспарланып отыр. Ал Медеу ауданында орналасқан №48 мектептің қосымша ғимараты биыл жылдың соңына қарай аяқталады деп жоспарлануда.
Мемлекеттік жеке меншік серіктестік аясында қосалқы құрылыс салумен айналысатын жеңімпаз компанияның бірі – SHEBERBUILD ЖШС. Серіктестік аясында № 121, 133, 144, 170, 199, 191 білім шаңырақтарына қосымша ғимараттар салынды. Жыл ақырына дейін аяқталатындары да бар. №38 гимназияның қосалқы оқу кабинеттерін жабдықтауға «Электрокабель зауыты» жауапты. Ал «Бауыр Құрылыс компаниясы» №43 мектепті кеңейтуге және гимназияның футбол алаңында қосымша оқу ғимаратын соғып берді. Ал №60 мектептің қосалқы оқу корпусын «Жөндеу-Құрылыс» ЖШС аяқтады.
Алматы қалалық білім басқармасының бізге берген деректеріне сүйенсек, шаһарда бір жыл ішінде мемлекеттік мектептер ғана емес, 2,7 мың балаға арналған 13 жаңа жекеменшік білім ошағы ашылыпты. Жоспар бойынша 2022 жылдың аяғына дейін тағы осындай 3,3 мың оқушыға арналған алты білім шаңырағы қосылады.
Кемел ЖАН