Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлттық жобаның  кәсіпкерлер үшін ұтымдылығы жоғары 

09:30, 10 қазан 2022 158
Кәсіпкерлікті өрістету деген сөз – елдің экономикалық әлеуетін көтеріп, халықтың тұрмысын жақсарту деген сөз. Осыны негізгі бағдар еткен елімізде кәсіпкерлікті қолдауға келгенде көрсетіліп жатқан қамқорлық пен жеңілдіктер жеткілікті.  Былтырғы жылдың қазан айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  елімізде атқарылып жатқан мемлекеттік жобаларды қайта бір пысықтап, артық тұсын алып, кем-кетігін толықтырып ұлттық жобаларды трансформациялауды тапсырған болатын. Соның негізінде 2021 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықты қамтитын кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық  жобасы да өмірге келді.  Жалпы кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлеудегі мақсат қандай? Ең алдымен осы жобаның аясында былтырдан бері елімізде кәсіпкерлікті өрістетудің жаңа өрісі қарқын алып дами бастады.  Бәсекелестікті арттырып, сапаны басты орынға шығару  бағытындағы ұлттық жоба кәсіпкерлердің қорғаны болары анық.  

 

Бұған дейін елімізде  халықты нәтижелі жұмыс орнымен қамтып, жаппай кәсіпкерлікті дамыту  мақсатында 2017 жылдан 2021 жылға дейін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Осы бағдарлама өз нәтижесін беріп, мерзімі аяқталған соң жоғарыда аталған кәсіпкерлікті қолдаудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жобасы іске қосылды.    Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасына биыл республика бюджетінен 33,2 миллиард теңге, жергілікті әкімдік бюджетінен 8,5 миллиард теңге бөлу жөнінде келісім жасалған.

Оқырманға ұғынықты болуы үшін тарқата айта кетуді жөн санадық. Жалпы осы кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бірнеше бағытта дамып, он бірдей міндетті арқалайды. Оның ішінде үшеуі халықты тұрақты жұмыс орнымен қамтып, еліміздегі жұмыссыздық көрсеткішін төмендету. Жұмыссыздықты азайту мақсатында елімізде өзінің кәсібін ашамын, шаруасын дөңгелетемін дегендерге қолайлы жағдай жасау, субсидияның есебінен  жұмыс орындарын көбейту,  сол арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсету – ұлттық жобаның негізгі мақсаты.



Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы Алматы қаласында да қарқынды іске қосылып,  жүзеге асу көрсеткіші бойынша елімізде алдыңғы сатыда тұр. Мұның да өзіндік себебі бар. Қала әкімі Ерболат Досаев кәсіпкерлікті қолдау – мемлекеттің экономикалық әлеуетін арттыру екенін үнемі айтып жүреді.  Міне, осы жоба аясында мемлекеттік қолдауға ие болып, өзінің кәсібін дөңгелеткен жанның бірі – Мария Сыздықова. Алматы қаласында Мария Сыздықова өзінің жеке кәсібін дөңгелету мақсатымен мемлекеттен  кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жеңілдетілген несие алып бір емес үш бірдей жекеменшік балабақшаның ісін ілгері бастырып отырған білікті кәсіпкер.

«Біздің әулетімізде ағарту саласы оның ішінде осы балабақша өрісі династиямыздан келе жатыр десем де артық болмайды. Марқұм енеміз 2015 жылы жеке балабақша ашып, еліміздің ағарту өрісіне өзіндік үлесін қосу мақсатында осы қиын да қызықты саланы таңдап істі ілгері бастырған еді. Өкінішке қарай ұшақ апатынан көз жұмып, ол кісінің үлкен арманы мен аманатын жалғастыру бағытымен жолдасым екеуміз тәуекелге бел буып осы шаруаны қолға алдық. Біз осы балабақшаны ашу  мақсатымен «кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» шеңберінде  жеңілдетілген несиені рәсімдедік те, балабақша ашуға қажетті  екіқабатты  жер үйді сатып алдық.  Жеңілдетілген несиені  біз 14 пайызбен алғанымызбен оның 8 пайызын «Даму» қоры кәсіпкерлікті қолдау дамыту мақсатында субсидиялап береді, сонда біз несиені 6 пайызбен аған алып отырмыз. Бизнес  жоспарымызды әзірлеуге «Qolday»  орталығындағы мамандардың көп септігі тиді.  Балабақшамызда бүлдіршіндерге барлық жағдай жасалған, ойын алаңы, асхана да тұрақты жұмыс істейді. Дүйсенбі-жұма аралығында бес күн жұмыс істейміз. 2015 жылы «Нұр Бөбегі балабақшасы ЖШС» болып ашылған балабақшамызды енеміз Әмина Пәттеқызы  жүргізіп, күтпеген жерден 2019 жылдың желтоқсан айында  өмірден өтті. Енеміздің қасында жүріп осы саланың қыр-сырын толық үйреніп, төселіп үлкен істі жалғастырып отырмыз.

Біздің балабақшамызда мектепке дейінгі білім беру мамандық иелері жұмыс істейді.

«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» аясында кәсіпкерлерге берілетін несиенің жеңілдігі де, тиімділігі де зор. Егер біз басқа екінші деңгейлі банктен мұндай қомақты сомада несие алсақ пайызы жоғары болар еді.  Біз осы шаруаны жүзеге асырамыз істі бастағалы  мемлекеттік бағдарлама, ұлттық жобаның қолдауын көріп келеміз. Егер біз жеке балабақша ашамыз деп үйді жалға алатын болсақ ай сайын бір миллион теңгеден асып кетер еді тек жалға алу құнының өзі. Ал біз осы ұлттық жобаның аясында мұндай қиындықтан айналып өтіп отырмыз.  Біздің елімізде іс бастаймын, кәсіп ашамын деген жандарға қолдау өте көп. Тек  тереңдей зерттеп  қызығушылық танытып ынта-ықыласпен кірісу керек. Билікті, мемлекетті жамандай беруге болмайды, адамның ең әуелі өзінің ойы түзеліп, тура бағытын айқындауы тиіс» дейді кәсіпкер  Мария Сыздықова.

Алматы қаласында  оқушыларға мектеп тапшылығы қатты байқалса,   мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер мен балақайлар арасында балабақшада орын жетіспеушілігі де күрделі мәселе. Бұл түйткілді қала әкімі Ерболат Досаев та көтеріп, түйінін шешу  жолында ауқымды істер атқарылып жатқанын алға тартқан болатын.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысумен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматы  қаласының әкімі балабақшалардағы орын тапшылығына қатысты  «Биылғы балалар жылы шеңберінде  балабақшаға орналасу үшін кезекке тұрғандардың санын азайту мақсатында 82 мектепке дейінгі мекемені ашу жоспарланып отыр. Егер осы балабақшалар ашылса, 10 мың баланы қамтиды. Осы жылы Алматыда 60 жекеменшік және 2 мемелекеттік балабақша ашуды жоспарлап отырмыз» деген еді. Міне, сол  жекеменшік балабақшалардың бірі осы «кәсіпкерлікті  дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлтты жобасы» аясында есігін айқара ашып, балақайларға шуақты көңіл-күй сыйлап келеді.

Қуан Есімбай

 

 

 

 

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар