Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыда жас күйшілер «Күй құдіретіне» тәнтті етті

02:37, 15 шілде 2022 223

Алматы қаласында республикалық «Күй құдіреті» байқауы мәресіне жетті. Күй арқылы жастардың бойында ұлтына, ұлттық құндылықтарға, елдің тарихына, тіліне, мәдениетіне деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруды көздеген ұйымдастырушылардың басты мақсаты орындалды деуге болады.


Өйткені «Жастар арасында мемлекеттік тілді кеңінен танымал ету жөніндегі іс-шараларды өткізу» жобасы аясында ұйымдастырылған байқау күй арқылы көп нәрсені жастардың санасына сіңіруге болатынын ұқтырды. Мәдениет пен өнердің ордасы Алматыда өткен шараға еліміздің түкпір түкпірінен домбыраның құлағында ойнаған жас күйшілер қатысып, бақ сынасты. Нұр-Сұлтан, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Алматы қалаларының 16 және 29 жас аралығындағы жас күйшілері бақ сынасқан шарада  қатысушылар онлайн және оффлайн форматта өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шықты. Түрлі аспаптың «тілін шығарып» құйқылжытып күй орындаған күйшілердің өнеріне таң қалмасқа болмастай.

Атап өтер жайт, қазақ халқының музыкалық мәдениеті өте бай. Күйді «сөйлетіп», қажет болса күй арқылы ішіндегісін ақтарып, күймен қасіретін жеткізген, күй арқылы қуанышын бөліскен қазақ халқының тарихында күй өнерінің орны ерекше. Ұлтымызда белгілі күйшілер де шығып, тіпті әр күйге атау берген, күйдің шығу тарихын қалыптастырған елімізде күйге арналған байқаулардың өткізілуі де қалыпты жағдай деуге болады. Осы орайда «Күй құдіретіне» қатысқан жас күйшілердің байқау барысында құлшынысы ерекше болды. Аспаптың құлағында ойнаған күйшілердің қай қайсысы болмасын мықты екенін дәлелдеп бақты. Сондықтан қазылар алқасына да кіл жүйріктің ортасынан шын жүйрікті табу оңай болмады. Дегенмен әр байқаудың өз жеңімпазы болары анық.

Сондықтан қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды алматылық «Кәусар» жетігеншілер ансамблі алса, екінші орынды Qaz.modern этно-фольклорлы ансамблі иеленді. Ал үшінші орынды «Шалқыма» домбырашылар ансамблі алып, жүлделі орын иегерлері дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Байқауды ұйымдастырушылар күйді дәріптеу, күй тыңдату арқылы жастар санасына оң ықпал етіп, ұлттық құндылықтарымыздың да насихатын арттыруға болады деген пікірде. Сондықтан күй байқауы алдағы уақытта да жалғасын табады деп күтілуде. Ұлттық өнеріміздің жаршысындай болып өткен күй байқауы көпшілік көңілінен шықты.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар