Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алыс-жақын елдерден әкелінетін "қоқыс тағамдар" көшелер мен жертөлелерде жасалады – Бибігүл Жексенбай

08:58, 25 қаңтар 2024 236

Халық қалаулысы елімізде "қоқыс тағамдарын" сатуға тыйым салуды ұсынды.





Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Қазақстандағы балалар тамағының сапасына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінгі депутаттық сауал жасөспірімдердің денсаулығы, атап айтқанда зиянды тамақтардың кері әсері туралы болмақ. Соңғы кезде Қазақстан нарығында шығу тегі белгісіз зиянды тағамдар қаптап кетті. Алыс-жақын елдерден қоқыс тауарлар арбалап та, дорбалап та тасылып жатыр. Ең қорқыныштысы, қоқыс тағамдардың көбін көшелер мен жертөлелерде жасайды. Қытайдың өзінде бұл өнімнің зиянды екені дәлелденіп, сайттарында "қоқыс тағамдары" деп көрсетілген. Қытай билігі мұндай залалды тағам өндірушілермен күресіп жатса да, қоқыс тағамдары алыс-жақын шетелдің қорғалмаған нарықтарын жаулап жатыр", - деді Сенат депутаты.

Оның айтуынша, еліміздің арнайы заңдарына сәйкес, әр өнімде қазақ немесе орыс тілдерінде шығарушы, құрамы, пайдалану мерзімі туралы ақпарат болуы тиіс.
"Алайда дүкен мен базарлардағы саудаланатын бағасы арзан, көздің жауын алатын зиянды тағамдар бойынша осы талаптардың орындалуына бақылау бар ма? Екіншіден, шетелден алынған тауарға ақшасын төлесе жылдам сертификат алуға көмектесетін ғаламтордағы жарнамадан көз сүрінеді. Жеке делдал компаниялардың бұл бағытта көптігі нарықтағы сапасыз тауарлардың көбеюіне әкеліп отырған жоқ па? Үшіншіден, зиянды тағамдардың жарнамасы жайлы айтпау мүмкін емес. Өйткені бүгінде жұрт, әсіресе балалар қанты мол, тұзды, майлы, химиялық қоспалардың мөлшері көп өнімдер жарнамаларының еріксіз көрермені болып отырғаны жасырын емес. Әрине, жарнама тиісті заңдармен реттелгенімен, оларда денсаулыққа зиянды өнімдер туралы ақпараттың таралуын шектейтін нормалар жоқтың қасы. Елімізде балаларға арналып жарнамаланатын ас-судың шамамен 72 пайызы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тарапынан тыйым салынған азық-түлікке жатады екен", - деп атап өтті ол.

Сенатордың пікірінше, зиянды тағамдар жарнамасын көбейту түсіне білгенге жамандыққа азғыру.

Депутат әлемде зиянды тағамға қосымша салық салу тәжірибесі айтарлықтай кең тарағанын баса айтты. Мәселен, соңғы он жылда мұндай салық Дания, Норвегия, Франция, Венгрия, Мексика, АҚШ және басқа да елдерде бар.
"Осы салық түрі енгізілген елдерде өндірушілер мен сатушылардың 70 пайызы зиянды және қосымша салық салынатын өнімдерді қысқартты. Ел келешегін ойласақ халықты зиянды тағамнан қорғау да елдік мәселенің бірі", - деп жалғастырды сенатор.

Бибігүл Жексенбай елімізде "қоқыс тағамдарын" сатуға тыйым салу, стандарттау және сертификаттау қызметін қатаң бақылауға алу бойынша бірқатар ұсыныс тастады. Атап айтқанда, осындай өнімдерді жарнамалауға уақыт шектеуін енгізу, зиянды тағамдарға, қанты көп, энергетикалық түрлі сусындарға  "қоғам денсаулығын қолдауға арналған қосымша салық" салуды қарастыру.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар