18 жастан асқан, әскерге жарамды жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру науқаны жүріп жатыр. Күзгі шақырылымның алғашқы легі болып болашақ шекарашылар да жолға шықты. Кеше Алматы қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде «Күз-2022» шақырылымының алғашқы легін шығарып салу рәсімі өтті. Әскери техникалық меткептің ауласындағы салтанатты шарада 19 болашақ шекарашы сарбаз отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Әскерге аттандыру шарасына ҰҚК Шекара қызметінің ардагерлері, «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының төрағасы, сапастағы генерал-лейтенант Марат Мәжитов бастаған қарт жауынгерлер отан қорғаушыларға ақ жол тіледі.
Бір жылдық мерзімге әскери борышын өтеуге аттанған сарбаздар Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне қарасты Үржар шекара басқармасына түседі.