Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бучадағы киіз үй. Мұхаң Мәскеуге неге ақталып жатыр?

09:39, 11 қаңтар 2023 280









Осыдан бірнеше күн бұрын Украинаның Буча қаласындағы орталық алаңға Қазақстан атынан арнайы киіз үй тігіліп, қазан асылды. Сол маңдағы ашқұрсақ азаматтар келіп жылынып, құрсақ жалғайтын жағдай жасалды деп жазды abai.kz.



«Бәрекелді», - дедік біз. Бізді қойшы, Украина халқы сондағы һәм мұндағы қазақтарға ақжарма алғыстарын айтып жатты. Бүкіл Украиналық БАҚ пен әлеуметтік желілер Қазақстан атынан орнатылған бұл гуманитарлық орталық жайлы жарыса жазды. Киіз үй түріндегі орталық – «жеңілмейтіндердің киіз үйі» деп аталды.

Дәл осындай орталықтарды Украина билігі былтыр күзден бастап орната бастаған. Сол уақыттан бері Украина аумағында осындай арнайы орталықтардың мың шақтысы ашылған. Ал орыс басқыншылығын бастан өткерген Киев маңындағы Бучада осындай орталықтардың бірі Қазақстан атынан киіз үй түрінде ашылған.



Украина ақпараты бұл орталықты ашуға Қазақстан елшілігі септескенін жазған. Ал бастамашы болған Украина Жоғарғы Радасының депутаты Сергей Нагорняк деген азамат. Бұл Нагорняк естеріңізде болса, 2021 жылы желтоқсанда Радаға Қазақстан туы бейнеленген киім киіп келіп, Украина парламенті мінберінен Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтаған «Слуга народа» партиясының депутаты ғой.



Сол Нагорняк өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: Бұл жобаны Украинадағы қазақ диаспорасының және Қазақстандық кәсіпкердің көмегімен жүзеге асырғанын жазған. Киіз үйді сатып алып, Украинаға әкеліп орналастырған – Дәулет Нұржанов деген кәсіпкер екен. Ол Украинаның Винница, Житомир, Хмельницкий облыстарында агробизнеспен айналысатын адам.

Міне, осы ақпарат әлеуметтік желілер мен БАҚ-қа жарияланғаны сол-ақ екен, орыс ақпараты улардай шулады. «Қазақстан біздің одақтасымыз емес пе еді? Ол ҰҚШҰ мүшесі еді ғой... Мұнысы қалай», - деген әңгімелер қыз-қыз қайнады.



Ал кеше Ресей Сыртқы істер министрлігі: «Мәскеу Қазақстан билігінен Бучадағы киіз үйге қатысты түсініктеме алды. Қазақстан билігі бұл киіз үйге еш қатыстары жоқ екенін айтты», - деп мәлімдеді.



Ресей СІМ-інің ресми өкілі Мария Захарова: «Бучадағы киіз үйге қатысты Қазақстан билігіне сұрау салдық. Қазақстан билігі бұл тігілген киіз үйге еш қатыстары жоқ екенін айтты. Ресейдің сенімді серігі саналатын Қазақстан билігінің сөздеріне сенбеуге хақымыз жоқ. Десе де, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастарға алдағы уақытта селкеу түспесі үшін, біз Қазақстан билігінен бұл киіз үйге қатыстары жоқтығын ресми түрде растауды талап етеміз», - деді.



Енді тарқатайық: Әуелі, Қазақстан билігі, оның ішінде Мұхтар Тілеуберді мырза тізгінін ұстаған ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей Сыртқы істер министрлігі алдында ақталған. «Бучадағы киіз үйге түк қатысымыз жоқ», - деген. Ресей солай деді. Ендеше бұл абсурдты жағдай.

Түсінеміз, геосаяси жағдайлар, географиялық һәм экономикалық кіріптарлық т.б. мәселелер бар. Бірақ, Бучаға киіз үй тігіп, ашқұрсақ адамдарға тамақ үлестіру – Мәскеудің алдында ақталатын іс пе? Бұл гуманитарлық жоба! Қазақстан Киевке қару беріп жатқан жоқ. Соғыстан жапа шеккен бейбіт халыққа ас-ауқат беруде.

Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның министрі ме, Ресейдің вице-министрі ме? Әйтпесе, басшысынан сөгіс естіп, алдында ақталған қызметшідей болған бұл әрекетін қалай түсінеміз?

Буча – орыс басқыншылығын көрген қала. Бір айға жуық оккупацияда болған. Осы бір айдың ішінде Бучада жүздеген бейбіт тұрғын көз жұмған. Мородерлікті де, ұрлық-қарлық пен тонауды да, азаптауды да бастан өткерген. Human Rights Watch халықаралық ұйымы Буча қырғынын – «адамзатқа қарсы жасалған қастандық» деп атаған. Өйткені, Буча жаудан азат етілгенде, аула-аулаларда жаппай көмілген жүздеген адамның мәйттері табылған.

Қосымша ақпарат: Осыған дейін Украина әскерінің Бас қолбасшысы Валерий Залужный Ресей соғыс ашып кірген территориялардың 40 пайызға жуығы азат етілгенін мәлімдеген. АҚШ пен Батыс бастаған өркениетті елдер Украинаға гуманитарлық һәм әскери көмектер жолдап жатыр. Ал Қазақстан билігі Ресей басқыншылығын ресми түрде айыптаған жоқ. Бірақ, Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтынын айтты. Оған қоса, Ресей оккупациялап алған аймақтарды Ресей жерлері деп мойындамайтынын мәлімдеді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар