Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Елорданың ең жас қаламгері

09:30, 08 қазан 2022 176
Баланың жанын, қалауын, ой қиялын баладан артық ешкім түсінбесі анық. Осы орайда балаларға арнап жазылған әңгімелер мен өлеңдерді, ертегілер мен жаңылтпаштарды сол баланың тіліне, санасына лайық етіп өзі секілді баланың жазуының маңызы зор! Сондықтан Бас қаламыз – Астананың тұрғыны және ең жас қаламгері Разия Акпар Өмірсерікқызының шығармашылығымен оқырмандарымызды таныстыруды жөн көрдік.

Ол 2008-жылы Астана қаласында өмірге келген. Бүгінде 9-сынып оқушысы Разия балаларға арнап ертегілер жазуды ерекше жақсы көреді. Өз шығармашылығы арқылы балалардың тап-таза әлеміне өзінше саяхат жасап, олардың таным түсінігіне барынша қызмет еткісі келеді.

«Ертегі әлеміндегі ханшайым» деп аталатын алғашқы жинағы 12 жасында жарық көрген. ҚР Ұлттық Ғылыми Академиялық Кітапханасында кітаптың презентациясы өтіп, оқырмандарына жол тартып, кішкентайлардың көңілінен де шыға білген.

«Ер Төстік» Республикалық әдеби байқауының жүлдегері. Бауыржан Момышұлы атындағы «Шапағат» медалінің иегері. «Ауыл хикаялары» деп аталатын Оралхан Бөкей атындағы Республикалық тұңғыш әдеби байқауының ынталандыру сыйлығының жеңімпазы да атанған.

Бүгін оқырмандарымыздың назарына үш бірдей ертегісін ұсынып отырмыз. Олардың әрқайсысы өзінше ерекше. Мәселен «Сұңқар мен Қарлығаш» ертегісі балаларды мақсат қоюға, сол арқылы уақытты үнемдеуге, ерінбей жалықпай білім алуға шақырса, «Достықта шекара жоқ» ертегісі адамзатты бейбіт өмірге шақырады. Ал «Сөз таптарының хикаясы» тіпті қызық, әдеби шиелінісінің де өзіндік үлкен мақсаты бар. Ең дұрысы өзіңіз оқып алыңыз...

 

СҰҢҚАР МЕН ҚАРЛЫҒАШ

Ертеде сұңқар атты арманшыл құс өмір сүріпті. Ол  басқа құстардан батылдығымен, күшімен, әдемілігімен ерекшеленетін. Оны барлық  жануарлар өте тәрбиелі, өнегелі құс санапты.

Сол  сұңқардың ең жақын досы қарлығаш еді. Ол да өте сұлу, мейрімді және бейбіт сүйгіш құс. Екеуі де бір сыныпта оқиды. Сұңқар кітап оқуды жақсы көреді, өлең жазады, мақсаттары нық. Басқа құстармен бос қыдыруды ұнатпайды. Оның ең басты арманы - алыс Африка еліне бару, джунглиды көру, білім алу, табиғатты зерттеу, оқуға түсу. Сол себепті түрлі мағлұматтар жинап, кітаптармен дайындалып, ұстаздардың ілімін үзбей алып жүреді.

Қарлығаш болса керісінше болашағын ойламайды. Би болатын, пайдасыз әңгіме айтылатын орынның бәріне бара беріпті. Досының кеңестерін тыңдамапты.

Бір күні сұңқарға келіп:

⁃ Күнде кітап оқи беруден жалықпадың ба? Ол қызық емес қой.

⁃ Сен менің мақсаттарымды білесің ғой. Оған жету үшін оқуым керек.

⁃ Оқудың еш пайдасы жоқ. Әне, кітап көп оқыған  қыран құсқа қарашы! Бізден артық емес. Отбасымен, балаларымен үйде отыр. Сен де ертең сондай боласың. Одан да кітаптарыңды, жазуларыңды тастап, жас күніңде бізбен қыдыруға жүр!

Бірақ сұңқар досын күле  тыңдап,  кітап оқуын тоқтатпайды. Қарлығаш болса мұның қылығына ренжіп, басқа сауықшыл құстармен  қыдырғанды жөн көрді.

Күн артынан күн өтіп, қоңыр күз де келеді. Жаздың ұзақ та  алаңсыз күндері аяқталды. Қарлығаш болса ойын-сауыққа әлі тоймады.

Бірде сұңқар есіне түсіп кетіп, ұясын қағып:

-  Бүгін менімен бірге би алаңына  баршы, өтініш. Көңілің  де көтеріледі, дем алып та аласың. Жүрші!

Досы маза бермеген соң сұңқар бір жолға барып келуге келіседі.

Екеуі де күзгі табиғатқа тамсанып, қалай келіп қалғандарын да сезбей қалды.   Би алаңына жеткен бойда қарлығаш досын басқа құстармен таныстырады.  Осылайша үлкен үстел басына дөңгелене отырып алып әңгіме айтады. Басқа жануарларды талқылап, өсек айтып, күледі. Сұңқар болса бәрін құлағымен тыңдап, көзімен көріп таң қалады. Бос сөйлейтін мақсаттары жоқ құстарды алғаш көруі.

Үйге келгесін өзін әдеттен тыс, басқаша сезінді. Уақытын босқа өткізіп алғанын күні бойы уайымдап жүрді. Өзіне енді бос сандалмауға уәде берді.

Сұңқар жылдар бойы басын алмай сабақ оқып, емтихандарға дайындалды. Бірте-бірте жалыға  бастаса да,  болашағы үшін оқуын тастамады. Қарлығаш болса ештеңе ойламай, әрі қарай бос серуенін тоқтатпады.

Келесі күзде сұңқар армандағандай Африка  еліндегі джунглиге оқуға түседі. Тілдерін үйреніп, сол жердің табиғатымен қоса салт-дәстүрін, киімін, ойындарын зерттейді. Қарлығаш болса сол орман ішінде, ескі үйінде қала береді.

Бірнеше жылдардан соң, сұңқар туған жеріне демалуға ұшып келеді. Ескі ұясын іздеп қалқып жүріп досы қарлығашты көзі шалады. Қарлығаш:

- Бірнеше  жыл бұрын сен маған пайдалы кеңестер берген едің. Мен болсам сені тыңдамадым. Осы дүниеге келген әрбіріміз өз қабілетімізді шыңдау керектігін, жер бетін көріп, саяхаттау керектігін түсінбеппін. Мен жасаған қателігімді, балаларым қайталамайды деп армандаймын.

Алайда сұңқар оқуға әлі де кеш еместігін түсіндіріп, білім алу жас талғамайтындығын дәлелдеп көрсетеді. Қарлығаш бұл жолы кеңесті міндетті түрде тыңдап, әрекеттене бастапты.

Ал әрекеттің түбі берекет екендігін бүкіл ғалам біледі емес пе?

 

ДОСТЫҚТА ШЕКАРА ЖОҚ

Көктем мезгілі де келіп қалды. Бұл мезгіл барша тіршілік иелеріне қуаныш сезімі мен ерекше көңіл-күй сыйлайды.  Көктемнің айырықша белгілері өте көп. Табиғат анамыз оянады, қыстың қары еріп, құстар жылы жақтан оралады. Жерден бәйшешек бүршік атып, жануарлар және жәндіктер қысқы ұйқыдан тұрады.

Жануарлар ұйқыдан көзін ашқан кезде, өздерін жігерлі сезінеді. Көңіл-күйлері өте көтеріңкі болып, бір-бірімен тез достасып алып, ойнай бастайды. Қоян мен тиін екеуі доп ойнаса, аюлар мен қасқырлар тығылмақ қылып жасырынып жүр. Көктемнің жылуымен бақытқа бөленген әлем алдағы жаздың  шаттығына асығады.

Ештеңеден хабары жоқ жануарлар ортақ жерде алаңсыз отырғанда, бір сәтте адамдар келіп шекара қойып қояды. Жануарлар бұны түсінбей, бір-біріне таңданған сұрақтар қоя бастайды. Түсініспестік көбейгесін, адамдар жануарларды жиып арнайы жиналыс жасайды.

Адам:

⁃        Біздің ойымызша, саналы адам, ақылды жануарлар ретінде әр елдің жеке шекарасы болу керек. Туған жер тұтас болып, оны қорғау әркімнің міндеті.

Сондықтан біздің жерімізге, басқа елдің адамы да, жануары да рұқсатсыз келмеуі керек. Бұл заң!

Барлығы көп нәрсені әлі де жіті ұғынбағанмен келіседі.

Келесі күні шекараның бетіне екі жақтан да  қарулы  күзетшілер қойылады.

Бір күні кұмырсқаның отбасында тамақ бітіп қалады. Сондықтан, отбасына тағам іздеп жүріп, байқамай шекарадан аса өтіп кетеді. Осыны көрген келесі беттегі тышқан, бар күшін салып оны ұрып жібереді. Соны көрген басқа жақтағы аңдар ашуланып, төбелес басталады. Қасқыр мылтық атып, қарулы қақтығыстарға ұласады.

Орман ішіндегі жануарлардан бөлек, барлық өсімдіктер, ағаштар зардап шекті. У-шуды естіген адамдар да жетіп келеді.

Адамдар:

⁃ “Сендер бізді дұрыс түсінбеген сияқтысыздар, құрметті жануар достар! Біз сендерге бір-біріңді жойыңдар, қоршаған орталарыңды бүлдір деген жоқпыз  ғой. Енді не болды айналаға қараңдаршы, жылдар бойы тұрғызған шаңырақтарыңды қираттыңдар ғой! Туған жер мен елді қорғағандарың дұрыс. Бірақ бірден соғысып кеткендерің мүлде болмайды.

Егер бір келіспеушіліктер болып қалса, үстел басына отырып, келісуге болады. Енді бұлай ешқашан жауласпаңдар!”

Жануарлар  ойланып қалыпты.

 

СӨЗ ТАПТАРЫНЫҢ ХИКАЯСЫ

Ерте, ерте, ертеде Зат есім деген жігіт Қазақ тілі атты мекенде өмір сүріпті. Оның ерекшелігі кішкентай кезінен бастап «Кім? Не?» деген сұрақтар қояды екен. Осы сұрақтарды қоя бергені соншалықты жұрт ығыр болыпты.

Өсе келе Зат есім өте ақылды, ержүрек, батыл ерге айналады. Ол ауылда тұрғандықтан, ата-анасына көмектесіп, қамқор болып, қой бағуға жәрдемдеседі.

Осындай бейбіт күннің бірінде жағымсыз хабар жетеді. Қазақ тілінің ханы бүкіл ел   халқына жар салады:

⁃Бізге жау келе жатыр! Біздің жерімізді, атамекенімізді жаулап алуы мүмкін! Бізге батырлар қажет. Кім сол жауды жеңсе, асқан батырлық көрсетсе, соған өзімнің қызымды тұрмысқа беремін - депті.

Сонда Зат есім ойланып қалады. Себебі «ханның қызы» дегенде халық «Қандай? Қай?» дейді екен еріксіз.

Хан қызының аты Сын есім сұлу. Қап-қара қою шашы, аппақ жүзі, ботадай көздері, ұзын бойы бәрі-бәрі жарасымды. Оның сұлулығы туралы жырлар да жазылған. Ол тек сұлу емес, өте ақылды да болған екен.

Оны бір көру үшін Зат есім сарайға барады.

Сарай есігіне жақындаған сәтте оны күзетшілер кіргізбейді. Сонда да кетпей,  қасқиып күтіп отырады. Біраздан соң  хан өтіп бара жатып, мұны байқап қалады.

Хан:

⁃Сен мұнда не істеп тұрсың?

Зат есім :

-Хан, мен сіздің қызыңызды көргім келіп тұр.

Хан жігіттің батылдығына тәнті болып, көруіне келісім береді.

Айтпақшы, Ханның аты Етістік болатын,  ол бәріне «не істеді? не қылды?»  деп көп айтады-мыс.

Ханшайымның бөлмесіне кіргенде, Сын есім шашын тарап отырады. Зат есім оған ғашық болып, сұлу үшін ерлік жасауға дайын болады.

Келесі күні-ақ ол жауды жеңу үшін шабуылға шығады. Ол 4 күн және 4 түн шабуылда жүріп, жауды асқан ерлікпен жеңеді. Келесі  күні сарайға келгенде, хан оны қуанышпен сырнайлатып, салтанатпен қарсы алады. Оған өз қызын беруге уәде береді.

Ханның жеті уәзірі болатын. Олар: Жіктеу, Сілтеу, Сұрау, Өздік, Жалпылау, Белгісіздік және Болымсыздық. Олардың басшысы Есімдік еді. Ол ханның қойшыға қатты құрмет көрсеткенін қызғанып, ханшайымды қойшыға тұрмысқа бергісі келмепті. Алайда қолдарынан ештеңе келмеді.

Хан қызын тұрмысқа беріп жатқанын естіп, елдегі бай жігіт Сан есім ханның сарайына жетіп барады. Себебі ол жастайынан Сын есімді жақсы көрген.

Ол Ханға келіп :

- Хан Ием, бұл Зат есім қойшы ғой! Ханшайым ондай адамға лайық емес! Сіз оған екінші тапсырма беріңіз! Орындаса қызыңызды берерсіз!

Хан:

- Жарайды, бірақ қандай тапсырма берейін?

-Мен де сіздің қызыңызды  жақсы көремін!            Біз алтыннан жасалған сандыққа бар байлықтарымызды салайық, кім сол сандықты көтеріп алып әкелсе және кімнің байлығы көбірек болса сол қызыңызды алады!

Хан ойлана келе келіседі.

Мұны естіген Зат есім қатты қиналады. Сол кезде қасына адал досы Үстеу келеді.

Зат есім тапсырма туралы бәрін айтып береді.

Үстеу:

- Уайымдама досым, мен саған Сан есімнен де көп байлық беремін! Сен сол байлықты көтеріп, ханға апарып , Сын есімді аласың!

Зат есім Үстеуге рахметін айтып, байлығын алады.  Келесі күні Зат есім Сан есімді жеңеді. Хан қуанып "Сын есімді беремін!" деп шешті.

Ал Сан есім  болса ашуланып Математика еліне кетеді.

Келесі күні хан Сын есімді тұрмысқа беруге дайындалады. Үстеуге дос деп Зат есім қатты сенетін. Бірақ сол Үстеудің ағасы Шылау да  Сын есімге ғашық екен.  Шылау Ханның Қызын Зат есімге, яғни қойшыға беретініне таң қалады.

Ол да қатты ашуланып сарайға келеді. Ханға келіп бар ойын айтады. Хан айтылғанға келіссе де, өз уәдесінде тұруды шешті.

Бірақ Шылау былай депті:

- Хан, ханшайымға өте өнерлі адам керек, біз Зат есіммен  айтысып көрейік . Кім жеңсе сол алсын. Бір мүмкіндік беріңіз!

Хан, әрине, келіседі. Зат есім домбырадағы күйлерді өте жақсы ойнайды, бірақ өзі ешқашан айтысып көрмеген-тін. Ал Шылау болса ауылдың бар айтыстарына қатысып, 2 немесе 1-орындар алатын. Сонда Зат есім қайта қиналуды бастады.  Сол кезде алдынан Еліктеуіш өтіп бара жатады. Еліктеуіш күйлерді Шылаудан да жақсы ойнайды. Ол жануардың да, заттардың да дыбысын шығарады.  Сонда Зат есім оны тоқтатып , бәрін айтып береді. Еліктеуіш оны тыңдап , былай депті:

⁃Зат есім, сен күйлерді жақсы ойнайсың. Бірақ оны жеңу үшін бұның аз. Сен күйлерді, жыр өлеңдерді тыңдай бер, сонда ойың дамып, ұйқасты өлеңдер шығаруға дағдыланып, жеңесің деп ойлаймын!

Зат есім қуанып, күні бойы қазақ жырларын  тыңдапты.

Келесі күні Зат есім Шылауды басымдықпен жеңеді. Сонда хан өз қызына батыл, бай, өнерлі адам тапқанын хабарлап, той ұйымдастырады.

Зат есім Сын есімді алып, кейін даналығымен "хан" атанады.

Олар өте көңілді, бақытты өмір сүреді .

Сол «Қазақ тілі» елі әлі күнге дейін бар көрінеді.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар