Студенттердің тілді үйренуге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында мемлекеттік тіліміз, қазақ тілін, жетік меңгерген американдық Чадд Харрис және оның жұбайы Дариа Харристің 1 курс студенттерімен кездесуі өтті. Чад Харрис 1998 жылы Орталық Азияға келген, Қазақстанда көп жылдар бойы студенттер мен қызметкерлерге ағылшын тілінен, Дария Харрис психология пәнінен сабақ береді.
«Менің қазақша атым – Шыңғыс», - деп таныстырған қонағымыз қазақ тілінде еш мүдірмей өзін таныстыруын бастап кетті. Мұхит асып келіп, қазақ тілінде тосылмай сөйлеп тұрған бейтаныс қонағымыз студенттеріміздің көңілін бірден баурап алды. Чад Харристің «Қазақ тілінде дәл ұлы Абайдай сөйлемесем де, сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге жараймын», - деген сөздері Чадтың ұлы Абайдың еңбектерімен таныс екенін аңғартты.
Танысудан кейін студенттер тарапынан:
- Тілді қалай үйрендіңіздер?
- Қандай қиындықтар болды?
- Тілді үйренем деушілерге қандай кеңес беретін едіңіздер?
- Қазақстанда мемлекеттік тілді жетік білгеннің қандай басым тұстары бар?
- Қазақ тілі мен ағылшын тілінің ұқсастықтары бар ма?
- Тілді үйренуде қандай әдістер тиімді болды?
- Балаларыңыз қазақша біледі ме?
- Қазақ халқының қандай ұлттық тағамдарын ұнатасыздар? - деп қойылған сұрақтарға Чад Харрис жұбайы Дария Харрис екеуі кезектесе жауап бере отырып, балаларының қазақ тілін жақсы білетінін, тілді қалай үйренгендерін, тілді үйренудің арқасында достары мен таныстарының саны көбейіп, туыстай болып кеткендерін ерекше толғаныспен әңгімелеп, қазақ халқына, қазақ тіліне деген махаббаттарын жеткізді. Айта кететін бір жайт, қонақтарымыздың кездесу барысында ағылшын тілінде ешқандай сөз араластырмай, бастан-аяқ қазақша сөйлеуі және керек жерінде мақалдап сөйлеуі студенттерді тәнтті етті .
Мұндай кездесулер білім алушылардың тілді үйренуге деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз. Кездесу соңында Тілдер орталығының директоры Нүркен Абайұлы Дария Харрис пен Чад Харриске әсерлі әңгімелері, тұшымды ойларымен бөліскендері үшін алғысын білдірді.
Нуртазина Ақмарал Осеровна