Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстан-Қытай арасындағы визасыз режимнің қаупі мен пайдасы қандай? -Дос Көшіммен сұхбат

11:03, 22 маусым 2024 562

Осыдан бір жыл бұрын Қазақстан мен Қытай арасында визасыз жүру режимі ашылған болатын. Alash.kz ұлттық порталының тілшісі қытай-қазақ арасындағы бұл үрдістің қаупі һәм пайдасы туралы зерттеп көрді. Саясаткер Дос Көшім тақырыпқа сай пікір білдірді.

-Қазақстан мен Қытай арасындағы 1 ай визасыз жүру режимі енгелі бір жыл болды. Елге қандай қауіп бар?

-Ешқандай қауіпті көріп тұрған жоқпын. Ұмытпасам, осыдан екі жыл бұрын 14 күн визасыз жүруге де мүмкіндік берліген болатын. Сонда «ойбай, енді қазақстанға қытай қаптайды» деген сөздерді естігенбіз. 

Алайда олар Қазақстанға таласып-тармасып, шұбырып келіп жатқан жоқ. Оның басты себептері мынада сияқты; біріншіден, біздегі туристерге қызмет көрсету деңгейі, өкінішке орай, өте төмен. Бұл жағынан біз Европа елдерін былай қойғанда, Дубай, Тайланд, Вьетнамдарға жете алмаймыз.

Өз басым, Қытай туристерін Лондон мен Парижде көп кездестіремін. Соңғы уақытта, жақын болғандықтан ба, Вьетнамға да қытайлықтар көбірек баратын сияқты.

Екіншіден, туристерді тартатын қазақтың ұлттық мәдениеті Қытайдың қазақ жайлаған үш облысында, сондағы тамаша демалыс орындарында бізден де артық беріледі. Демек оларға таң емес. Үшіншіден, бізде әлемдік деңгейдегі аты шыққан туристік нысандар көп деп те мақтана алмаймыз.

Керісінше, осы визасыз жүру режимі қазақстандық туристерге үлкен пайда әкелген сияқты. Біздің азаматтар әлемдік  деңгейдегі жәдігерлерді көру (Сиань қаласындағы террокиттен жасалған мыңдаған әскердің мүсіні, Ұлы Қытай қорғаны сияқты) мүмкіндігін алды.

Сонымен қатар, кейбір сырқаттанған жандардың Қытай медицинасына қаралуына жағдай туса, енді біреулер балаларына панда көрсетіп, қуаныш сыйлауда.

Қысқасы, визасыз қатынаста біздер ұтқан сияқтымыз.

-Саудагерлер Қытайға барып арзан зат әкелгеніне мәз. Ал қытайлықтар Қазақстанға келіп қандай ойларын жүзеге асыруы мүмкін?

-Өте жақсы сұрақ. Тек саудагерлер емес, енді Қытайға қазақстандық кез келген жан барып, өзіне қалаған заттарын алып келе алады.

Ал қытайлықтар, бізден қаржылық-әлеуметтік жағдайлары көш ілгері елдің азаматтары бізге келіп, біздің қандай «тауарларымызды» көтеріп кетпек...

Олар, меніңше, кәсіп ашу, сауда, өндіріс қатынастарын орнатуға көбірек келетін сияқты. Екіншіден, бақуатты елдің зейнетке шыққан азаматтары ел көріп, жер шарлағанды сәнге айналдырады екен.

-Жалпы визасыз жүру режимі не үшін енгізілді? Саяси астары бар ма?

- «Жалпы визасыз жүру режимі» - барлық елдердің сыртқы саясаттарының ажырамас бір бөлігі дер едім. Бұл – сол елдің ашықтығын, демократиялық сипатта екенін білдіріп қана қоймайды, экономикасына да оң әсерін тигізеді.

Кейбір елдердің бюджетінің басым бөлігі осы туризм саласынан түседі. Қазақстан соңғы уақытта көптеген елдермен визасын режимге көшіп жатыр.

Бұл – құптарлық саясат. Кеше ғана қазақстандықтар Вьетнам елінде визасыз бір ай бола алады деген хабарды естідім.

Бұл да Кеңес заманындағы «темір тордың» алына бастағанының көрінісі. Мүмкін, күндердің бір күнінде әлемде виза деген сөз қолданыстан шығып та қалар.

-Батыстағы көптеген мұнай компанияларының басшылары - Қытай. Мұнай саласына қауіп бар ма?

-Кез келген елге инфестиция құйған, өздерінің өндіріс орындарын ашқан кәсіпорындардың басшылары – сол елдің азаматтары. Бұдан қандай қауіп көресіз?Қазақстанда мыңдаған Ресей кәсіпорындары жұмыс істейді (қытайлардан он есе көп!).

Ол жерде орыстар басқарады. Американдық кәсіпорындарды американдықтар басқарады.

Бұл -түсінікті мәселе. Ал мұнай саласына келсек, басты қауіп – Ресей мемлекетінде екені анық. Себебі – теңізге шығатын жолы жоқ Қазақстанның мұнайды шетелге жіберудің бірден бір жолы – Ресей арқылы жүргізілген мұнай құбыры, тасымалы.

Өткен жылы Қытай үкіметі мұнай тасымалдауға Қазақстанға өзінің бір теңіз портын беріпті деген жақсы хабар естідік.

Бұл – Қазақстан экономикасы үшін жақсы жаңалық.

Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар