Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қазақтың 70 пайызы қырылды". Алаштанушы Аққұлы тарихшы Қойгелдіге неге шүйлікті?

06:34, 19 ақпан 2024 250
Астанада talqy.1465 алаңында жастармен кездесуге тарихшы, алаштанушы Сұлтанхан Аққұлы келді. Тақырып аштық жайлаған дала болды. Тарихшы бұл нәубетті жай геноцид қана емес, этоноцид деп қабылдауымыз қажеттігін, қазақтың 70 пайызы қырылып қалғанын айтты. Сонымен қатар, әріптесі Мәмбет Қойгелдінің статистикасын жоққа шығарды.
«Қазақтың санын Әлиханнан артық білген адам жоқ. Өйткені 1897 жылы халық санына тікелей қатысқан Әлиханның өзі болатын. Сол санақта қазақтың саны 4 миллион 84 мың 134 адам деп жазылған.  Ал бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында 1914 жылы қазақтардың саны 6 миллион 470 мыңға жеткен. Мен бұл мәліметті ойдан шығарған жоқпын: бұрынғы «Еңбекші қазақ», бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің 1924 жылғы қазан айында шыққан бір санынан алып отырмын. Соғыстан кейін де халықтың саны азаймады. Өйткені қазақтар қатыспады. Ресей империясы тұсында да, Совет өкіметі кезінде де, қазақтың табиғи өсу коэффициенті 2,5-ке тең болған. Бұл бүкіл әлемдегі ең биік көрсеткіштің бірі болатын», – дейді Сұлтанхан Аққұлы.

Оның айтуынша, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917–1920 жылдардағы азамат соғысы, оның ізінше елге тараған эпидемия, 1921–22 жылғы ашаршылық қазақтың 1914–1924 жылдар аралығындағы табиғи өсімін азайтып тастаған. Сөйтіп, 1924 жылғы санақта да сол 10 жыл бұрынғы көрсеткішпен қалып қойған. Егер бұрынғы табиғи өсімнің қарқыны жалғасқанда қазақтың саны 1924 жылы 7,5 миллионға жетер еді деп отыр.
«Ал 1937 жылы қазақтың саны 4,5 миллионға азайып, 2,1 миллионға әзер жетті. «Егемен Қазақстан» газетіне тарихшы Мәмбет Қойгелді сұхбат беріпті. Академик деген аттары бар емес пе? Неге деректерге сүйенбейсіңдер дегім келеді? Ол 2 миллион 200 мың ғана халық қырылды деген. Осы дұрыс па? Қазақ санаулы жылдар ішінде Кеңестің нәубетінен 4 миллионнан астам адамынан айырылды ғой. Неге соның жолын тауып, фактілерді салыстыра келіп, есебін дұрыс шығармайды? Тағы да академик кешегі кеңестік жалған фактіні айтып отыр. Мәмбет Қойгелді 1,5 млн қазақ шетелге қашып кетті дейді. Егер сол 1,5 миллионның 1 миллионы Қытайға кетті дейік. Қазір Қытайда 1,5 миллион қандасымыз тұрады. Егер 1920-30 жылдары 1 миллион қазақ Қытайға өткенінде бүгінде кемі ол жақта 5-6 миллион қазақ болуы тиіс еді», – дейді тарихшы.

Ол Моңғолия, Өзбекстандағы қазақтың да саны егер Мәмбет Қойгелді айтқандай болса, бұдан бірнеше есе көп болушы еді деп отыр. Яғни Сұлтанхан Аққұлы сыртқа кеткен қазақтың саны аз болғанын, көбісі зұлмат жылдары қылышынан қан тамған одақтың озбыр әрекетінен қаза тапқанын айтып отыр. Сол жылдары қазақтың 70 пайызы қырылды деп санайды.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар