Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қысқа әңгімелер кітабы

11:19, 20 желтоқсан 2023 534
“Ділмардан” тәлім алып, қанат қаққан шәкірттер ізденуден шаршамайды. Күн сайын білімін толықтырып, өздерін шыңдайды десем артық етпес. Міне, таяуда ғана үйірме үшін айтулы күн болды. Ақ түйенің қарны жарылып, мектебіміздің биылғы түлегі, “Ділмар” Республикалық шешендік өнерді дамыту клубының белді мүшесі, “Жыл шешені”, Республикалық айтыстардың жүлдегері, “Хас” өлеңдер жинағының авторы және С.Демирел университетінің 1-курс студенті Қазыбек Жалғас Серікболұлының “Аққұйын” атты кітабының таныстырылымы болды.



Сәулелі сәттің қонағы болуға шақырту алған кезден бастап-ақ баруға асық болдық. Бұған дейін үйірмемен бірге біраз жерге шейін шауып, алға озған аға буын өкіліне қолдау көрсетіп баруды парызымыз деп білдік. Бауырмалдық пен қамқорлығымыз қатар көрініс тауып, үйірменің бір топ мүшесі мұғалімнің бағдарымен құттықтау бағдарламасын дайындауды жөн көрдік. Бірі жырдан шашу шашамын десе, бірі әңгімегің майын тамызбақ болып келісті. Осылайша көптен күткен сәт те жетті. Не керек мектеп ұжымымен қатар үйірме мүшелері де Жалғасты құттықтауға асықтық. Қыздарының шашбауын көтере келген төркіндей ат салыстық. Ортасына сыйлы болған жас ақынның достары мен бауырлары да жарыса қызмет атқарып жүр екен. Ойландырар кескіндер, автордың толғанысы, қонақтардың тағатсыздана күтуі және оқырманға тезірек жеткісі келген кітаптардың бейнесі неткен ғажап десеңші!… Қолына қара домбырасын арқалап Данияр да ортаға шықты. Ағасына деген құттықтау арнауы мен әуезді әнін шырқап, ортаны ерекше ықыласқа бөледі. Ақын, ұстаз, Қазақстанның мәдениет қайраткері Серік Қалиев ағамыз сөз сөйлеп, құлын боп топқа қосылған шәкіртінің жетістігіне шын қуанып, ақ тілегін жаудыра салтанатты кештің шымылдығын ашып берді. “Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады” демей ме хакім Абай?! Ұстаздарын сыйлап, Серік ағамыздан бастап Жарқын мұғалім мен Алтынбек ағайларға Жалғастың сый-құрмет көрсетуі ерек болды. Боранды ауа-райынан жолда қалып қойған анасының аманатын жерге тастамай, екінші анасындай болған Талшын апайдың ұстаздарға шапан жапқан сәті қандай керемет десеңші!…

Сонымен қатар, “Жалғыз аспан” кітабының авторы, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері , ақын Ержан Алаштуған сөз сөйлеп, тағылымды ой айтты. Кітаптың біршама бетін оқып, толғанысымен бөлісті. Бұған дейін оқыған тың деректерімен бөлісіп, көрерменді бір сәт жігерлендіріп алды. Жалғастың балалығы мен даналығын сөзге тиек еткен Қизат, Динара және Алтынбек мұғалімдердің сөзі де ортаны жылу мен нұрға бөлей түсті. Талабы мол шәкірттің белсенділігін сөзге тиек еткен Педагогика ғылымдарының кандидаты , С.Демирел университетінің профессоры Жұмақаева Береке апайымыз да арнайы СДУ оқу орнынан ыстық лебіз бен құттықтау марапатын ала келген екен. Жалғас түлеп ұшқан мектеп-интернаттың басшысы Ержан Нұрланұлы да құттықтау тілегін айтып, алғыс хат тапсырды.

Кезек бізге де келіп жетті… Жарқын ағай сөз бастап, жырдан шашу шашты. Төл өлеңі мен мазмұны жарасқан әңгімесін шебер баяндап, шәкірт жетістігіне мерейлене түсті. Біз де қалыс қалмай ақынның өлеңдерін жатқа әрі мәнерлі оқыдық. Сондай-ақ, Елдос пен Балнұр, Шәміл мен Ақерке қысқа әңгімелерден құралған шағын көрініс ұсынды. Кешегі би-шешендердей әділ, Абайлардай данышпан, Алаштықтар сынды ұлтжанды болсын деген мақсатта қолына қамшы мен Қазыбек бидің кескінін тапсырдық. Жарқын ағай бастаған топ Жалғастың мерейін одан сайын арттырып, марқайтқандай. “Ділмарлардың” көп өнерді бойға жиғанының дәлелі Аяулым Жайсаңбекқызы болды. Ағасының ойлы келбетін суретке айналдырып сыйға тартты. Данагүл мен Ақеркенің қобыз бен жетігенді серік қыла шерткен әуені көрерменді еліктіріп жіберді. СДУ-дің студенттері де кеш иесінің өлеңін оқыды. Бәрі күткен сәулелі кез де келіп жетті…Қызыл таспамен оралған кітаптаптар да ортаға әкелінді. Кешке келген құрметті қонақтар ортаға шығып, Ержан Алаштуған ағамыз кітаптың тұсауын кесті. Әдебиеттің шыңына жетер алғашқы баспалдақ болсын деп тілектерін білдірді. Тағатсыздана отырған көрермен де шу ете түсті.

“Ажал-құрдас ақ мылтығын кезеніп

«Кеттік!...» десе – мен кеттім.

Бізге неге баянсызды аңсаттың...

Ей, есі бар құдірет?!

Босқа налып, болмашыға шаршаппын,

Көзімнен сүй бір рет!» деген Мейірхан ақынның өлеңімен Жалғас сөзін бастады. Жиналған қауымға алғысын білдіре, өнегелі сөз сөйледі. Авторлық әнін шырқап, талантты дарынның даналығын мойындай түскендейміз. Тізіле тұрған кітаптарды алуға асық оқырмандар шынайы қуантты. Бір демде біршама кітап сатылып, автордың қолтаңбасын алуға кезек те ұлғая түсті. “Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін” деген Ахметтердің жолын жалғар Жалғастай азаматтардың бары көңілге дем берді.

Сонымен қатар, Сәкен Сейфуллин айтқан “сыр сандықты” ашып, “алтын сарайды” түсінер нағыз достықтың куәгері болдым. Осы шара болады дегеннен бастап, өз шаруасын ысырып, абыроймен өтуіне себепкер болған автордың досы, мектебіміздің түлегі, “Жыл шешені”, кеш жүргізушісі болған Шыңғыс Ерболұлының да еңбегі ерен. Меніңше, “Ділмардағы” бауырмалдық пен Жарқын ұстаздың берген тәлімінің айқын көрінісі - осы.

Бұған дейін жырдан шашу шашып, айтыстың алдын бермей келген Жалғастың жаңа бағытты қолға алуы жетістікке толы болды. Жаз айларында белсенді түрде телеграм арнасын қысқа әңнімелермен толықтыруы көпшілікті өзіне бірден баурап алды. Бірнеше ай ішінде 13 мыңға жуық оқырман жинады. Расында, философиясы терең һәм телегей бастама болды. Соның жемісті нәтижесі “Аққұйын” атты қысқа әңгімелер жинағы болмақ. Үш-төрт сөйлемнен құралған бұл оқиғалардың айтары томдық кітаптардан кем емес. Жалғастың таудай талабын байқап, Алаш аманатын орындар нағыз ер екен деген ойға келдім. Жазарың таусылмасын! Еліңнің бүгіні мен ертеңін жалғайтын елжанды ер болғайсың!

Ал біз жаңашыл кітаптың сыры мен мәінін ақтара, мазмұнын түсінуге асығайық!

Аяулым Айдарқызы,

“Жыл шешені”, “Ділмар” үйірмесінің мүшесі, республикалық Абай мектебінің 11-сынып оқушысы
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар