Абай Бегейдің екінші әйелі Блогер Фариза Жұманова “Айтарым бар”подкастында жеке өмірі туралы сыр шертті, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Ол қыздарының өзімен екі жыл бойы сөйлеспегенін айтты.
“Алғаш шаңырақ көтерген кездері өте қиын болды. Қыздар екі жылдай менімен сөйлескен жоқ. Әкелерін қызғанып, маған да реніштері болды. Қазіргідей қарым-қатынас құру үшін көп уақыт керек екен. Әркімнің өз аналары бар. Мені “Апа” деді. Бір күні Әмина маған Ақтауда жүрген жерінен хабарласып, “мама” деп әңгімесін бастады. Айтуынша, түс көріпті. Түсінде өз анасы “Неге мама демейсің” деп сұрапты. Ол да берілген аян шығар, содан кейін “мама” деді. Қазір қыздарым сырлас құрбыларымдай болып кетті. Балалардың арқасында 32 жасымда құдағи атандым”, – деп күлді блогер.
Бұл қиындықтан шығарған қандай құдірет екенін де айтты.
"Маған бұл жолда оқыған намазым, діни білімім көмектесті. Алладан қорыққаннан кейін алған аманатыма төзе білдім. Қатты қиын болып кеткен кездері намазда отырып, дұға тілейтінмін.
Ішімдегі уайым-қайғыны Алла Тағалаға айтатынмын. Содан кейін жақсы болып қалатынмын. Ал басқа қыздар осылай істей ала ма, істей алмай ма? Тұрмысқа шыққаннан кейін мамасына, әкесіне, туысына хабарласып тұрса, өзіне қиын, ал ата-анасына екі-үш есе қиын болады”, – дейді Абай Бегейдің әйелі.