Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ресей халқы Путиннен бас тарта ма?

08:03, 23 тамыз 2022 221
Ресейдің импершіл билігі Украина жеріне ашық соғыс ашып, ұалаларда қанқасап жатқанына алты айдың жүзі болды. Күні кеше ғана Украина ҚК Бас қолбасшысы Валерий Залужный осы алты айдың ішінде 9 мың украин сарбазының қаза тапқанын мәлімдеді. Ал басқыншы Ресей әскерінің адам шығыны әртүрлі. Кей деректерде 30-45 мыңның аралығында десе, Британ барлау қызметі 15 мыңның шегінде дейді.

Ал «New York Times» басылымы әлгінде Украинадағы соғысты РФ президенті Владимир Путинің отставкасы ғана тоқтата алады деген нұсқаға тоқталып, «Путинді кім құлатады?» атты сараптама жариялапты. Біз ағылшын тіліндегі аталған мақаланы қазақ тіліне аударып, ұсынып отырмыз.




Қайсы нұсқа көңілге қонымды? Владимир Путин кенеттен Украинамен соғысын аяқтап, әскерін алып кеткені ме, әлде Путинсіз Ресейдің саясатын қайта қарап, соғысты тоқтатып, Украинамен және Батыспен жаңа бейбіт қарым-қатынас бастағаны ма?

Жауап беру қиын. Украинадағы соғыс негізінен Путин мырзаның жеке мүддесін ойлауынан, атаққұмарлығынан басталып отыр. Сондықтан ол өз еркімен соғыстан бас тарта қоймайды. Екінші бір жылт еткен үміт – Ресейдің Путиннен бас тартуы. Путин мырзаны ысырып тастап, билікті өзгертіп, бейбітсүйгіш Ресейді қалыптастыруы. Бірақ бұл да екіталай. Соғыс басталғалы алты ай өтті. Путин мырзаның беделі бейбіт күндегіден еш кем емес. Оның рейтингі жоғары және өзінің қарсыластарының үнін өшірген. Оның орнын басар екі адам бар десек, бірі – Премьер-Министр Михаил Мишустин, екіншісі оппозиция жетекшісі Алексей Навальный. Бірақ Мишустин Путинге адал берілген болса, Навальный түрмеге жабылған. Путин мырзаның аяқ асты жүрегі ұстап қалмаса, ол биліктен өз еркімен кетпейді.

Неліктен билеуші элита өз елін құрдымға сүйреп келе жатқан басшысын құлатуды ойламайды? Неге өздері соғыстан зардап шегіп отырса да Путин мырзаны қолдайды? Ел мүддесі үшін президентті тақтан тайдырар қабілеті бар технократтар мен функционерлер қайда? Осы сұрақтар Батыста үнемі талқыға түседі.

Оның жауабы бар.

Көптеген жылдар бойы Ресейдегі және одан тыс жерлердегі сыншылар Путин мырзаға қарсылықты тудыратын бір ғана тақырыпты қаузап келді: Сыбайлас жемқорлықты. Бұл тәсіл кейбір уақытта жемісін берді. Әсіресе Навальныйдың билеуші элитадағы сыбайлас жемқорлықты сипаттайтын фильмдері Путин мырзаның беделіне нұқсан келтіргендей болды. Бірақ сыбайлас жемқорлық – жүйені бұзатын катализатор емес, керісінше жүйені желім сияқты жабыстыра түседі.

Путин мырза қол астындағылардың ұрлық жасауына көз жұма қарады. Бұл жағдайда ешкім президентке қарсы тұра алмады. Путиндік Ресейде шенеуніктер келген жері күмәнді ақшамен өмір сүреді. Егер заң сөзбе-сөз орындалса, онда Ресейдің кез-келген министрі немесе губернаторы түрмеде отыруы мүмкін еді. Алайда, іс жүзінде Путин мырза әрқашан заңды іріктеп қолданды. Оның қол астындағыларының бірі сыбайлас жемқорлыққа кінәлі болған сайын, халықтың көкейінде «Мұның саяси себебі неде?» деген сұрақ тұрды. Мысалы, бұрынғы экономика министрі Алексей Улюкаев Ресейдің мұнай алпауыты «Роснефтьтің» ықпалды атқарушы директоры және  Путин мырзаның досы Игорь Сечинмен келіспей қалғаннан кейін, оған парақорлық бойынша айып тағылды. Сондай-ақ бірнеше губернатор, кезінде үлкен оппозициялық партияны басқарған Никита Белый да парақорлық бойынша кінәланып, сайлаудағы жеңісі Кремльдің қалауына қайшы келген Сергей Фургалға, тіпті,  кісі өлтірді деп айып тағылған болатын.

Сондықтан Ресейдегі сыбайлас жемқорлық деп аталатын нәрсені бопсалау мен арандату жүйесі деп атаған дұрыс болар еді. Егер сіз президентке адал болсаңыз, президент сізге риза болса, сіздің ұрлауға құқығыңыз бар, бірақ егер сіз мемлекет басшысына адал берілмесеңіз, ұрлық жасағаныңыз үшін түрмеге түсесіз. Оншақты жылда Путин жүйесіндегі бірнеше адам ғана оған қарсы сөйлегені таңғаларлық жағдай емес.

Соғыс бұл жүйенің ақ - қарасын айқындауы керек болатын. Себебі, қазіргі биліктің арқасында арам ақшамен байығандар шетелдегі байлығынан айырылды, санкцияға түсті, алып кемелері мен зәулім сарайларынан айырылды. Қашатын жері қалмады. Билікке жақын көптеген шенеуніктер мен олигархтар үшін бұл өмірлік жоспарының күл-талқаны шығу дегенді білдіреді. Украинамен соғысқа ең наразы топ та осы путиндік клептократтар деп болжауға болады. Путин мырзаның амбициясы өзі әрқашан сенетін элитаның өміріне жойқын әсер етті. Бірақ элита өкілдері өздерінің байлығы мен қауіпсіздігі жағынан билікке тәуелді екенін біледі, сондықтан Путин мырзаға «жоқ»дей алмайды.

Бірақ, бұл «элита өкілдері үндемей қалды» дегенді білдірмейді. Қаржы министрі Антон Силуанов қазіргі жағдайға байланысты қиындықтарға тап болғанын айтты. Мемлекеттік қаржы және Кремль инсайдерін тексеретін органның төрағасы Алексей Кудрин Путин мырзамен кездесуде соғыстың Ресей экономикасын құлдыратқанын мәлімдеді. Тіпті мемлекеттік әскери-өнеркәсіптік монополияның басшысы Сергей Чемезов Путин мырзаның жоспарларын жүзеге асыру мүмкін еместігі туралы мақала жазды. Бірақ саяси салмақпен бекітілмеген мұндай көзқарастар Путин мырза үшін қызық емес, оған қауіп төндірмейді.

Соғыс көп жағдайда офицерлер мен генералдар арасында президенттік билікке наразы жаңа элитаны тудырады. Алайда, бұл Ресейде болмайды. Путин мырза генералдарының тым көп атақ алуына жол бермеуге тырысады. Украинадағы орыс әскерлерінің қолбасшыларының есімдері маусымның соңына дейін құпия сақталды, ал қайтыс болып кеткендер туралы «соғыстың батырлары» деген насихат жүргізілді. Қалай болғанда да, Путин мырза өзінің жанына қауіпсіздік қызметінің адал қызметкерлер жинап алды.

Бұл жағдайда ресейлік функционерлерге күтуден басқа амал жоқ. Олар Батыспен ішінара келіссөз жүргізіп, бір жағына шыға бастауына болатын еді, бірақ осы уақытқа дейін орыс элиталары үшін гуманитарлық дәліздердің белгілері болған жоқ. Егер біреу, мысалы, Роман Абрамович сияқты Путинге жақын олигарх бағытын батысқа бұрса да, оны күтіп тұрған нәрсе — активтерінің тәркілеуі және күдікке ілінуі.

Егер билеуші элитаның мүшелері Путинді құлата алмаса, онда орта тап құлата алуы мүмкін бе? Бұл да екіталай дүние. Мысалы, соғысты сынға алған мемлекеттік Бірінші арнаның редакторы Марина Овсянникованың тағдырын алып қарайық. Ол соғысқа наразылық білдіріп, кешкі жаңалықтар бағдарламасының тікелей эфиріне «соғысты тоқтат» деген плакат ұстап шықты. Нәтижесінде ол отбасын елге тастап, жазадан құтылу үшін шетелге қашуға мәжбүр болды. Ол бірнеше ай бойы Еуропада сандалып, соғысқа қаншалықты қарсы болса да, Путиндік үгіт-насихат машинасының өнімі деген көптеген айыптауларға ұшырады. Ол Ресейге оралды, бірнеше рет қамауға алынып, айыппұл арқалады. Жалған ақпарат таратты деп айыпталып, үйі тінтілді. Овсянникованың бұрынғы әріптестері бұқаралық ақпарат құралдарында оның  іс-әрекетін қайталаудың қажеті жоқ екенін түсінуі керек. Масқара болып жұмыстан қуылғанша, қызмет орындарында тыныш отырғаны дұрыс.

Бүгінгі күні қарсылықты жариялы түрде көрсету тиімсіз. Соғысқа наразылық білдіргендер дереу қамалады. Митингілерді айтпағанда, сыни қоғамдық мәлімдемелер қазір мүмкін емес дүние.  Билік репрессия арқылы жүйе ішкі жағдайды толығымен бақылап отыр.

Путин мырзаға қатты қауіп төндіретін фактор – Украина армиясы. Соғыстағы шығын Ресейдегі саяси жүйені өзгертуге мүмкіндік береді. Оны орыс тарихы дәлелдеп берген. 19 ғасырдың ортасында Қырым соғысында жеңілгеннен кейін II Александр патша түбегейлі реформалар жүргізуге мәжбүр болды. Дәл осындай жағдай 1905 жылы Ресей Жапониямен  соғыста жеңілген кезде қайталанды. Ауғанстандағы соғыстың сәтсіздіктен кейін Кеңес Одағында қайта құру басталды. Егер Украина Ресей әскерлеріне ауыр шығын келтіре алса, осыларға ұқсас процесс басталуы мүмкін. Алайда, осы уақытқа дейін келтірілген барлық шығындарға қарамастан, мұндай өзгерістің ауылы алыс. Әзірге Ресейді Путин мырза басқарады және халқы Путинсіз Ресей құрдымға кетеді деп қорқады.

Айжан Темірхан

Abai.kz-тен алынды
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар