Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Салмағы 450 тонна 15 жүк көлігі өтті": Қазақстандағы ең ұзын көпір сынақтан өтті

17:17, 14 қазан 2024 430

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін ұзындығы 1316 метр екі жолақты көпір арнайы сынақтан өтті, деп хабарлайды Alash.KZ Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл — Қазақстандағы ең ұзын көпір.

Көпір құрылысын тексеру үшін жалпы жүктемесі 450 тоннаны құрайтын 15 жүк көлігі тартылды. Арнайы құрылғылар көпірдегі деформация, діріл (вибрация) және жүктемені бөлу көрсеткіштерін тіркеп алды, — делінген Көлік министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Сынақ нәтижелері Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін жаңа көпірдің барлық нормативтік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетінін және үлкен жүктемелерге төтеп бере алатынын растады.

Екі жолақты көпір Шығыс Қазақстан облысының Жарма, Катонқарағай, Күршім, Көкпекті, Зайсан және Алтай аудандары арасында көліктердің жыл бойы үздіксіз жүруі үшін қажет.

Айта кетейік, Үкімет басшысы Олжас Бектенов шілде айында Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында жол-көлік саласын дамыту жоспарларымен танысып, Бұқтырма су қоймасындағы Күршім көпір өткелінің құрылыс қарқынын тексерді.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысында салынып жатқан көпір ақылы болуы мүмкін екені айтылды.

Бұдан бөлек, Бұқтырмадағы көпір құрылысына шетелдік жұмыс күші тартылмағаны белгілі болды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?