Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Шымкентте "7-20-25" бағдарламасынан дау шығып, ондаған адам назарылық білдірді

10:58, 26 сәуір 2022 266
[ad_1]



26 сәуір күні Шымкент қаласы әкімдігі алдындағы алаңға жиналған отыздан аса адам «7-20-25» бағдарламасы бойынша конкурсы өтіп, алғашқы жарнасы төленіп қойған пәтерлерді беруді тоқтатпауды талап етті.

Бұдан бұрын әлеуметтік желіде бағдарлама негізінде пәтер алмақ болып өтініш тастағандардың тізімі жарияланып, онда қаланың шенеуніктері бар екені дау туғызған еді. Осы даудан соң, кеше, 25 сәуірде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бұл бағдарлама бойынша Шымкентте құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің заңсыз конкурс өткізгенін хабарлап, «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер несиесін рәсімдеуді тоқтатқан.

Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келіспей не қала әкімдігіне хабарламай өз бетінше «7-20-25» бағдарламасына конкурс өткізген қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Утенбаев қызметінен уақытша шеттетіліп, оның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.

Бағдарлама негізінде пәтер алу үшін үміткер атанған Арслан Алтай отбасымен бірге пәтер жалдап тұрады. Ол аз пайызбен пәтер алу үшін алғашқы жарнаны төлеген. Керекті құжаттарды тапсырған.

- Пәтер берілмейтініне, өткен конкурстың күшін жоюға қарсымын. Конкурсты ресми өткізді. Оған дейін әкімдік қайда қарады? Біздің кінәміз неде? Кім жауап береді? - дейді ол ашуланып.

26 жастағы Зере Байарыстанова да 2 бөлмелі пәтер алу үшін құжат өткізген. Жекеменшік компанияда есепші болып жұмыс істейтін ол әлеуметтік статусы сай келмеген соң баспана кезегіне тұра алмаған.

- Тегін сұрап жатқан жоқпыз. Конкурс ресми өтті, қуандық. Енді конкурс аяқталды дегенде кері қайтарамыз дейді. Бұған қарсымыз, - дейді ол.

Жиналғандардың алдына қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков шығып жағдайды түсіндірмек болды. Оның айтуынша, «7-20-25» бағдарламасын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты. Қалалық тұрғын үй басқармасы өткізген конкурстан әкімдік бейхабар қалған.

Білісбеков жиналғандарға ортақ келісімге келіп, бағдарлама негізінде пәтер беруді тоқтатудың заңдылығын бірлесіп қарауға шақырды. Наразылар бұл ұсыныспен келісті.

Шымкентте «7-20-25» бағдарламасымен 900 пәтерлі 15 үй салынған.Нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан, шаршы метрі 180 мың теңге тұратын, аз пайызбен берілетін пәтерді алу үшін үйсіз жүрген 12 мың адам өтініш берген. Олардың ішінде 900 адам үміткер ретінде конкурстан өткен. Кейін конкурстан өткендердің тізімінде аудан әкімдері, басқарма басшылары сияқты шенеуніктердің аты-жөні бар екені анықталған.

Білісбеков «бағдарламамен пәтер алудың негізгі талаптарының бірі – баспанасыз болу. Қала әкімінің орынбасары үміткер ретінде өткен шенеуніктердің баспанасы жоқ, олардың да бағдарламамен үй алуға құқығы бар екенін» алға тартады. Қала әкімінің орынбасары «тізімге ілінген түрлі деңгейдегі 35 шенеуніктің 15-сі екі күнде өз еркімен өтінішін қайтып алғанын» айтады.



[ad_2]

Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар