Орыс тілді сыныпқа балаларын қандай ата-ана береді? Бұл сұрақтың жауабын кәсіпкер Әділ Нұрғожин айтып берді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Әділ Нұрғожин Ulysmedia.kz сайтына берген сұхбатында бұрынғы уақыттан бері адамдардың санасында уланып келе жатқан "орыс тілді ортада оқыту - керемет" деген түсінікті кімдер қолданатынын айтып берді.
Кәсіпкердің пікірінше, теледидар көп қарайтын, өздері өзге тілді үйренбеген, "көр" адамдар балаларын орыс сыныбына береді.
"Ол адамдар айналада не боп жатқанын көрмейді, бақыламайды. Әлем түбегейлі өзгерді. Орыс тіліне емес, қазір бірден ағылшын тіліне көшу керек.Бізге дәл қазіргі уақытта кері тартпа тілдің қажеті жоқ. Осы қағиданы түсінбейтін ата-аналар балаларын орыс тілді мектепке береді. Ол - стереотип. Менің тәжірибемде, қытай тілін, ағылшын тілін, орыс тілін, италиян тілін білетін жастардың көбі қарапайым қазақ мектептен шыққан. Қазір ағылшын тілі орыс тілін басып озды. Сондықтан, балаларды шама келсе, қазақ-ағылшын мектептеріне берген дұрыс",-деді кәсіпкер.