Елімізде 80 мыңнан астам ауыр жүк көліктері тіркелген. Жолдардың 90 пайызын тас талқан ететін солар дейді мамандар. Шамадан тыс жүк тиеп, салмағы 50-60 тонна тартатын техникамен арлы-берлі зулайтындардың кесірінен жаңа төселген жолдар үш жылға жетпей мүжіліп кетеді екен. Сондықтан «Жол активтері Ұлттық сапа орталығының» қызметкерлері көлік инспекциясымен бірлесіп тұрақты түрде арнайы рейд ұйымдастырып тұрады.
Мәселен өткен жылы ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді автомобиль көлігімен тасымалдау ережелерін бұзуды алдын алу, ескерту және болдырмау мақсатында 4 мәрте тексеріс өткізілді. Аталған шара барысында 64 көлік тексеріліп, ережені елемеген 17 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. Олардан 2,1 миллион теңге өндірілген.
Алайда жол салуға миллиардтап қаржы бөлінетінін ескерсек, сол тас жолды талқандағандардың төлейтін айыппұлы өте мардымсыз. Сондықтан жолға жауапты мамандар арнайы рейдтерді жиі ұйымдастырып, артық салмақ артқан көлік жүргізушілерін жаппай жазаламақшы.