Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жүлделі әңгіме

09:15, 17 қазан 2022 194
Мейіржан Жылқыбайдың бұл шығармасы былтыр «Ұлы дала» шығармашылық байқауынан екінші орын алса, биыл балалар жылына орай ұйымдастырылған байқауда Ыбырай Алтынсарин атындағы сыйлыққа ие болды. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасына ұқсас тақырып таңдала отырып, қазіргі заманның Қожасын суреттеп шыққан жас жазушының шеберлігін өзіндік тапқырлық демеске шара жоқ. Балалардың бүгінгі күнгі өмір салтына сай жазылған бұл шығарма заманауилығымен балалар көңілінен шығатыны байқалады. Балалар шығармашылығына арналған байқаулардан жүлделі орындар алып жүрген әңгімені көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

 Менің атам Қожа!

Алматының көп қабатты үйлерінің бірінде Рүстем өз бөлмесінде сабақ оқып отыр. Оқып отырған жоқ. Әдебиет кітабының мұқабасын тесіп жіберетіндей ежірейе қарап тақпақ жаттап отыр. Екі құлағын басып алып, басын екпіндете изеңдетіп айғайлай жаттайды:

Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Қоңыр салқын төске алмай

Тебінді терге шірімей …- ұмытып қалып тоқтаса да, тақпақтың екпінімен іхі-іхі-іхі-іхі- деп отырды да, - Төу, құдай – ай -! –деп кітапты ашып қарады.

- Тірлігі майдай ерімей Алты малта ас болмай …- деп оқыды да, кітапты шиырып жіберді.

- Махамбет батыр мына ел түсінбейтін сөзді қайдан алған? Еңку-еңку, тебінгі тері …- дей ме?- Айғайлап жіберді,- қалай жаттаймын мен мына өлеңді?

Қалта телефонын алды да далаға сытылып шықты.

Дала қоңыр салқын. Кеудесі  көтеріліп, кең тыныстады. Құжынаған адамы көп көшенің бойымен кете берді.

Үйренген аяқ өзі-ақ алып келді.  Компьютер клубы  -мұның жылы ұясы сияқты, магнитше тартады. Еті үйренген орындықтардың біріне отыра кетті. Осында отырғандардың бәрі мұның көз танысы. Бәрінің үйренген ордасы  бір – компьютер клубы. Бірінің ұтқан қуанышына, бірінің ұтылған  сәтсіз сәтіне куә бола отырып, бірін бірі жақсы білетін жақыны болып кеткен жандар. Бұларды жақындастырған  туыстық та, достық та емес. Бойларындағы өзге көрсе де, өздері мойындамаған ойынқұмарлық.  Бұлардың көздері көреді, құлақтары естиді, сабақтарына қатысады, бірақ көргені мен естігені санасына сіңбейді. Айналасына немқұрайлы қарайды. Ой-сананы ойын билеген. Кеше ұтылса, қалай қимылдау керек еді, қалай мүлт кетті, енді алда нені ескеру керек- соны ойлап мазасы кетеді. Ұтатын құрал, епті кейіпкер сатып алу үшін ақшаны кімнен алса болады. Қайда жүрсе де, аяқ астынан ақша тауып қалатындай басын салбыратып төмен қарап жүргені.

Бұл біраз ойнап қайта ұтылып қала берді.  Қабағы түсіп жанындағы үстелде отырған Дәуреннің ойынына  қарады. Дәуреннің қолында жарқылдаған отты қылыш қақ айырады ау, қақ айырады. Жаңағы бұған әл бермеген «Пәле» қайта- қайта құлап әлсіреп барады. Көз алмай қарап рахаттанып отыр. Сол керек саған! Ішінде ала құйын көтеріле берді. Компьютердегі «Пәлені» өзі шауып жатқандай бұлшық еті өз өзінен жыбырлай бастады. « Пәленің» әлі кетіп қиралаңдай бастағанынан соған деген кек боп түйілген түйін босай берді.  Жауынгердің ерлігін бар денесімен сезіп өздігінен ақ тер, көк тер болды. Шіркін ай, шах-шұх! Айла! Әрекет! Бір кезде ойын аяқталды. «Пәле» омақаса құлады. Жеңіс!!! Жеңіс!!! – атып тұрды.  Дәуренге қарады. Жоқ, мұның жеңісі емес екен. Дәуренннің жеңісі екен ғой. Дәуреннің мысқыл аралас шаттыққа толы жүзі бұған қалай екен дегендей масаттана қарайды. Ееее, Дәурен екен ғой «Пәленің» басын шауып, «ерлік» жасаған. Желі шыққан доп құсап мысы басылып қалды.

Бұл бәсекелестікті қойсайшы, ішті тырнап шыға келетін. Шарасынан шыға жанып тұрған көзі төмен қарап мөлиді де қалды. Ия, жеңіс иесі- Дәурен. Оны мойындай қолын созып құттықтады да, шыға берді. Бұл да мұндай жеңістің талайын көрген. Өткенде эльфтың қылышын сатып алғанда қалай масаттанды десейші. Тура жаңағы Дәурендей қайқайды ғой шіркін. Басын жерден алмай ойланып келеді. Ақша, ақшаны қайдан алса екен… Ешкімнен түсіп қалмады ма екен деп жер сүзіп келеді. Жоқ… Қайдан… Жұрттың бәрі жақсы көретін ақшаны кім түсіре қойсын. Тездетіп қалта телефонын ақтарды. Кімнен алса екен?.. Әкесінен анаған, мынаған деп айтар сылтауы да таусылған. Анасын талай алдап алған. Астанадағы Бауыржан, ауылдағы Сабыржан көкелерінен небір сылтаумен ақша алған. Кім бар? Кім бар?.. Тізімді шыр айналдырды. Жиен ағасынан, нағашы апайынан алған… Телефоны жәрдем бере алмады. Алақанына ұрғылап, үйіне де жетті.

- Балам, қайда жүрсің? – анасы аңырая қарап қарсы алды. – доп ойнап жүр ме десем, достарың аулада жүр, сен жоқсың.

- Волейболға бардым.

- Ауыстыратын киіміңді алмап па едің? Сөмкең жоқ қой.

- Иә, мама, ұмытып кетіппін, осы киіммен ойнадым.

Кешкі асты әкесі, анасы, қарындасы төртеуі күні бойғы әңгімелерін айтып көңілді ішті. Шынында бұл әңгімеге қосылған жоқ. Санасында ойынның сазы ыңылдап тұрды. Алмас қылыш алу керек.

Асын ішіп болып теледидар қарап отырған әкесінің жанына келіп отырды. Қайта-қайта қарағыштап отыр. Сонша ақшаны қалай сұрап алса екен?

- Осы…- деп әкесіне қарап мүдіріп қалды.

- Иә, балам, айта бер.

Не деп сұрайды? Түк сылтау жоқ. Бажырайып әкесіне қарап қалды. Айта салар сөз таппады. Ақша сұрайтын сылтау да таусылды. Неменеге бұған елжірей қалды. Әлі сұраулы кейпімен қарап отырғаны несі. Әлде бірдеңе байқап қойды ма? Өзі тығырықта отырған адамды одан сайын тығырыққа тіреп бақырая қарап отырғаны несі екен? Ашу ма, ыза ма лып ете қалды.

- Жәй! – деді ашуланып.

- Айта берсеңші енді. Бірдеңе айтқың келді ғой.

- Ештеңе айтпаймын! – қадалғаны несі. Не айтады?

Ашуы көтеріле берді - шарасыздық пен белгісіздіктің ашуы. Осы халден құтылғысы келіп атып тұрды. Ашулы көзбен әкесіне бір қарады.

Әкесі аң – таң болды. Телефон қарап отырған мұның шешесіне қарады:

- Көрдің бе? Сен мынаның түрін, көз қарасын көрдің бе?

- Ол… Білмеймін. Не болды?

- Ойпырым-ау, мына бала өзгерген. Мынау менің баламның көзі емес. Мені көзімен атқанда шошып кеттім.- Бақытжан басын шайқады. – Тура мені жеп қоятындай жек көріп қарады. Рүстемім емес қой мынау.

- Түшш, Ғазиза ернін саусағымен басып жәй сөйледі, - өтпелі кезең ғой. Не айтасың енді. Он үш жас! Өтпелі кезең осылай болады дейді ғой. Мен де біраздан бері байқап жүрмін. Бала қатты өзгерді. Интернеттен ұл тәрбиесі жайлы қарап білдім. Көп көңіл бөліп ойын жақсы жаққа бөлмесек. Ерлік жасағысы келетін, қызға қарауды бастайтын кезі ғой.

- Ой мен қызға бірінші сыныпта-ақ қарағанмын. Бірақ ешқандай ашусыз-ақ тығылып қарадық қой.

- Кімге? Қандай қызға ғашық болдың 1-сыныпта?

- Қызғанып отырсың ба?

Ғазизамен қалжыңдасқан Бақытжан жаңағы әбігерін ұмытып кетті.

Бақытжан Алматының таңғы кептелісінде тұр.  Шыдамсыздана алдыңғы көліктерге көз жүгіртеді. Мамық орындықта отырғандары болмаса көліктегілердің бәрінде бір мазасыздық бар.  Әлбетте, бұған әбден еті үйреніп кеткен. Қанша дегенмен, жетер жеріне зымырап жете қоймағаннан кейін көңіл жайлана ма?

Бақытжан шыдамсыздана рөліне алақанын ұрғылап әндетіп қояды:

- Амалым бар маааа? Амалым бар мааа? Амалыыым… Қалалықтардың таңдап алған өмірі ғой. Шіркін, ауыл рахат қой – Қалта телефонын алып қоңырауға жауап берді:

- Иә, Қалеке, өткізе беріңіздер жиналысты. Ойпырым-ай… Менсіз өткізе беріңіздерші. Ауылдан інім келе жатыр екен, бауырым…күтіп алайын деген едім. Иә, өзім. Сағындық ауылды да әкені де, шешені де, бауырды да. Иә, үлгересіздер ғой. – телефонды өшіріп қалтасына салды. – Ауылда, шіркін, бәрі бірін бірі түсінеді ғой. Оп оңай… Еһ, ауылым, ауылым!

Дегенмен, Бақытжан інісінің пойызы келетін уақытқа әрең үлгерді. Екі бауыр құшақтасып, мәре – сәре болысты. Жүктерін көлікке тиеп жатып Бақытжан басын шайқады.

- Апам ғой, иә мынаның бәрін толтырып жүрген?

-Ауылдың дәмін сағынған шығар деп,-толтырды ғой, әйтеуір.

- Ол рас енді. Сағындық. Кешке апамның қазы-қартасын жейтін болдық қой.

Әңгімелерін көлікте жалғастырып, елдің амандығын, соңғы жаңалықтарды сұрасты.

- Аға6 сізден сұрағым келгені: ана Талғатты қазақ күресіне баулып жүр едім ғой. Нәтижесі жаман емес. Соған спорт мектебін қарауға келдім.  Қай жастан, қандай құжаттар дегендей. Жатар орны, жаттықтырушылары қандай дегендей.

- Сабыржан, сен өзің қазақ күресінің майталманысың ғой. Сенен артық жаттықтырушы бола қоймас қазақта. Бұл менің ойым, әрине.

- Ой аға, қаталдау болмаса болмайды екен. Қаталдығым бір басыма жетеді. Бірақ көбіне үй тірлігіне айналып кете береміз.. Нағыз кәсіпқойлар баптасын деп отырмын.

- Жарайды, сен өзің білесің ғой. – Бақытжан бауырының шыныққан дене бітіміне сүйсіне қарады. Бәрібір ауыл жақсы ширатады ғой.- деді іштей.

Рүстем үйге әкесі інісімен дабырлай кіріп келе жатқанда қалта телефонынан қылышты қарап отыр еді. Қарғыс атқыр бағасы да бақырайып тұр. 20 000 теңге. Орнынан тұрып Сабыржан ағасымен амандасты.

- О, Рүстем батыр! Бойың өсіп кетіпті ғой! Сабағың қалай?

- Жақсы. Талғат келмеді ме?

- Талғаттың сабағы бар ғой. Малды көбейтіп жатырмыз. Қора соғайын деп едім. Соған кірпіш құяды. Қазақ күресінен жаттығуы бар. Естіген шығарсың, облыс бойынша алда келе жатыр.

- Бұл бала волейбол таңдаған. Қазақ күресіне бар деп едім, маған көнбеді. Міне, ағаңды қарашы. Бақытжан інісінің күші бұлтиып шығып тұрған қарынан қысып қойды. Рүстем де келіп қысып көрді. Сосын өзінікін қысып көрді де, көңілі толмағаннан қолы сырғып түсті.

- Сабыр аға, сіз неше жыл жаттықтыңыз?

- Мен. Мен ес білгелі десем дұрыс шығар. Бауыржан ағам, Бақытжан ағам үшеумізді дала жаттықтырды. Тәй-тәйді далада жасадық. Содан даланың топырағына аунап өстік. Су кешіп шаңын шығара жүгіріп, тау мен тасқа арқардай секірдік. Үшеуміз де он жастан асқан соң қазақ күресімен айналыстық. Мен әлі сол саладамын.Әкең ғылым қуып кетті. Бауыржан көкең әскери салада. Ол кісі де спорттан алыстамады. Иә, ол кісіні 2-3 жылда бір көреміз. Рүстем кірпік қақпай тыңдады. Тура кинодағыдай. Шет елдің киносындағы сенсэйлер осындай болушы еді ғой. Жаңағы әкелерінің тау мен тасқа секіріп жүргеніндей.

Бақытжан да енді есіне түскендей «шіркін-ай, сол мен бе едім»? – дегендей қабырғаға қарап ойланып қалды.

- Сабыр, - деді сосын, - керемет өмір еді ғой, иә? Айтшы, әрқайсымыздың ат қойған жеке жартасымыз болушы еді ғой. Жардан суға секіруші едік. Еех, қазір сонда болсам ғой...

Сабыржан өз жұмыстарымен кетті. Бақытжан жұмысына кіре бергенде қалта телефоны шырылдады.

Рүстем екен.

- Әке сіз ренжімейсіз бе? – деді.

- Не үшін ренжуім керек? Айта бер.

- Әке маған 20 000 теңге керек болып тұр.

- 20 000 ? Көп ақша ғой.

- Керек…

- Айтсаңшы неге керек екенін? Сен түгілі мен ондай ақша жаратпаймын.

- Керек болып тұр. Қазақша күреске барайын деп едім. Соған киім алуға керек. – деп қойып қалды. Аяқ астынан айласы асып кеткеніне қуанып та тұр.

- Рас па? Жарайды. Сабыржан ағаңның әңгімесіне қызықтың ғой. Солай ма? Дұрыс, дұрыс. Мен қазір телефоныңа жіберемін.

Рүстем компьютер клубында сол кеше отырған үйреншікті орнында отыр еді. Телефонынан тездетіп ойынға қылыш сатып алды. Көзі жайнап кетті. Ал енді Пәленің көзін жояды. Енді аямайды. Қылышты сермеп шыға берді кейіпкері… Қылыш жарқ-жұрқ етеді. Тінтуірге жабыса қалған саусақтары дір-дір етеді.

Ертесіне дастархан басында Сабыржан тірлігінің біткенін, алдағы күзде Талғатты спорт мектебіне беру үшін қандай құжаттар жинауы керек екенін әңгіме қылды.

- Рүстем батыр, сен қазақ күресіне баратын болыпсың ғой. Жарайсың! Біздің отбасымызға дарыған спорт қой. Қазақ күресі ол- өзіміздің ұлттық спорт. Қазақ мінезіне келетін. Дене мен қолдың күшін сынайтын спорт. Ата-бабамыздың мұрасы.

Рүстем бақырая қарап тұр. Қазақ күресі мұның бар уақытын алатынын сезіп тұр.

- Рүстемді қазақша күрес секциясына мен апарайыншы. Жұмыстарым бітті. Алматы үлкен қала. Жаттығу залын көрейін. Жаттықтырушысымен сөйлесейін. Өзім де бала жаттықтырамын, біраз тәжірибе бөлісейін.

- Сабыржан, мынауың тіпті жақсы болды ғой. Мен жұмысымнан мүлдем шыға алмаймын. Қатып кетті. Осы бала жеке жүреді. Бір жерге ілестіріп бара алмаймын. Себебі уақыт жоқ. Мына қаланың зыр айналған дөңгелек сияқты тірлігінен мойын бұра алмаймын. Соңғы кезде бар ғой, ауылға кетіп қалғым келіп жүр. Малды жайып жіберіп кітап оқып жатқым келеді. Классиктерді қайта оқып шығу бір арман… Табиғатқа қарап отыру бір арман. Ех, шіркін осылай армандап жүре беремін бе? Рүстем кеше алған күреске арналған киіміңді алып келші. Сай келе ме екен, ағаң көрсін. Ағаңмен бірге бар. Жақсы болды. Жамбасқа алып тарс, жамбасқа алып тарс! – Бақытжан орнынан тұрып баласын жамбасқа алып жәй ғана сұлатып көріп ойнады. Сөйтті де арқасынан қағып:

- Ех, Рүстем, тынысың кеңейіп, денеңе қуат бітіп жігітше арпалысатын болдың ғой. Бол! Неғып тұрсың? Әкел киіміңді. – деді.

- Әке, мен киім алмадым. - Рүстемнің дауысы жердің астынан шыққандай тұншығып шықты.

- Онда жолда аламыз. Жүріңдер, шығайық. Менің кездесуім бар. Киім алып, сендерді спортзалға апарып тастайын.

- Әке, мен ақшаны жаратып қойдым.

- Қалайша? Сонша ақшаны қайда жараттың?

- Сол… Керек болды…

- Не үшін керек болды? Бұл көп ақша ғой, балам.

Рүстемде үн жоқ.

- Балам, менің білуім керек.- Бақытжан ашулана бастады.- Өткенде де менен алған ақшаңның қайда жаратылғанын айта алмадың.

Сабыржан бұрылып орындықтың арқалығына қолын салып ойланып қалды.  Айтсам ба екен, айтпасам ба екен? Жасыруға болмас.

-Аға, ренжіме, екі айдай бұрын Рүстем хабарласып менен де 15 000  теңге алған. Мен ойланбай салып жібердім волейболға доп аламын деген соң. Атасынан да сондай бір бұйымтаймен ақша алғанын естіп қалғанмын. Рүстем доп алдың ба? Әлде көп ақша жарату әдет болған ба? – Енді ағасы шүйлікті.

- Мен неге білмеймін? Ғазиза, сен білесің бе?-Бақытжан таңырқай әйеліне қарады. Ғазиза иығын көтерді.

- Рүстем! Саған доп әперетін әуелі – мен! Менің доп әперуге шамам болмаса ғана ауылдағы мына ағаңнан, болмаса атаңнан сұрайсың. Ұқтың ба? Кәне, 15 000 теңгеге алған добың, көрсет!

Рүстем үнсіз. Араға Ғазиза кірісті шыр-пыр болып:

- Ойпырым –ай, Рүстем, саған біреу күш көрсетіп жүр ме? Сенен бұзақылар ақша талап етіп жүр ме? Сен менен де ақшаны көп алып жүрсің ғой. Тауға шығамыз, Ағылшыннан жеке оқытқаны үшін беремін деп. Жағдайы жоқ балаға деп… Солар рас па?- Ғазизаның көзі шарасынан шыққалы тұр.

Рүстем үнсіз.

- Рас! Рас болды! – Анасы баж ете қалды.- мұны бұзақылар қорқытып ақша сұрап жүрген ғой. Дереу полицияға  хабарласу керек. Кімдер екенін айтасың. Байғұс балам – ай! – Баласының алдына отыра қалып бетіне үңілді.

- Жоқ, апа!.. – мұрнының астынан міңгірлеп. Дәл осылай істің ушығып кетерін күтпеп еді.

Бәрінің қиюын келтіріп жүрген ойынының әшкере болатын түрі бар. Не болды сонша. Көп ақша емес қой. Полициясы несі. Даудырлап ақшаларын қимай бара ма?

- Қойыңыздаршы көп ақша деп…Сіздер үшін түк те емес қой. Соған бола полиция шақырасыз ба? Сабыр аға, 15 000 теңгеге ішіңіз тарылып әкеме шағыстырдыңыз ғой.  Бармаймын күреске де, волейболға да. Ешкім маған күш көрсеткен емес. Өзім жараттым.

Бақытжан баласының жағынан салып қалды.

- Мынау не дейді ей! Мынау не деген дөкей ей! Сен үлкендермен қалай сөйлесіп тұрсың? Мынау кәпірленіп кетіпті ғой. Мынау …- Бақытжанның ашудан қолы селкілдеп кетті. Сен қазақ емессің. Сен менің балам емессің! Сабыржаннан ұят болды ау! Қай қазақ үлкенге қарап сөйлеген? Сабыржан, кешір, мен бала тәрбиелемеппін. Мен үлкен қате жіберіппін жұмыс, жұмыс, - деп жүріп. Енді сәл өссе екеумізді ұрып ақшамызды тартып алатын түрі бар екен мынаның.

- Мен өйтпеймін! Мен сіздерді ұрамын деген жоқпын ғой!

- Қазір қарсы сөйледің бе? Қазірден ақша үшін отбасыңды  алдадың ба? Онда үлкейгенде зорын көрсетесің. - Қайда жараттың? Елді алдап алған ақшаны не істедің?

-… Компьютерлік ойындарға салдым.

- ... Қап! Мен қалай сезбедім? Сабыр, жаның ашыса мына баланы әкет ауылға. Сен тәрбиеле. Атамның тәрбиесін көрсін. Саған аманат. Менің жұмыстан қолым босамайды. Көп адам күтіп отырған бастамам бар. Ғазиза да жұмысбасты. Мұны қадағалап, бұл жаман әдеттен суырып алатын көмек жоқ бұл үйде. Компьютерлік ойын дегеннен хабарың бар шығар. Одан шығу қиын. Мен кінәлімін. – Бақытжан басы салбырап отырған күйі, інісіне қарауға шамасы жоқ еді.

Ертесіне Бақытжан буынып түйінген інісі мен баласын пойызға шығарып салды.

- Кешіріңдер мені. Міндетімнен қашқаным емес. Бөтенім емессің ғой. Балам өмір көрсін. Дұрыс жолға түсіру әкем екеуіңнің қолдарыңнан келерін білемін. Қазір бұл өз кінәсін, жаман жолға түсе бастағанын толық ұқпай тұр.- деді бауырына.

- Ештеңе етпейді. Өз отанының қасиетті табалдырығы тез оңалтады мұны. Уайымдама.- деп інісі қоштасуға қолын ұсынды.

Жол бойы екі туысқан ләм деспеді. Сабыржан кітап оқып, Рүстем терезеден далаға қарап телмірді де отырды. Халқы ығы-жығы болған шулы қала алыста сағым боп қала берді.

Ауылдағы үйде бұларды ата- әжесі, Сабыржан ағасының бала-шағасы шулай қуанып қарсы алды. Өзінің жақсы атпен келмегенін үй іші біле ме екен дегендей Рүстем сүлесоқ амандасты. Әлбетте, біледі – деп ойлады іштей. Мені елді алдаған өтірікші, ақша ұрлаған ұры деп отырған шығар іштерінен. Өтірік қуанбай ақ, айтпай ма: - оо, ұры келді деп. Бұлар да өтірікші болғаны ғой сонда. Көзінің астымен жақтырмай қарады. Иәә… Мұны кім түсінер…

Бүкіл қазақ, қала берді бұрынғы КСРО балалық шағын кинодан көрген атасы аса қартая қоймаған. Жасы жетпісте болғанымен жас көрінеді. Денесі ширақ. Арқасынан қағып, маңдайынан иіскеді.

Келмегеніне үш жылдай болып қалған Рүстем Талғаттың бөмесіне кіріп аң – таң болды. Бір жақ қабырға түгел Талғаттың қазақ күресіндегі жетістіктеріне арналыпты. Сөрелерде неше түрлі кубиктер. Ал алтын, күміс , қоласы аралас алқалар жеке – жеке құрметпен ілінген. Мақтау қағаздары да, әдемілігімен бірге оңай келмегенін білдіріп жеке рамкаларға салынған. Қабырғаның ортасында Қажымұқан палуанның суреті тұр. Міне көрдің бе осылай дегендей жымиып қарайды. Ол суреттердің айналасында Сабыр ағасының да жарыстарда күресіп жатқан, жүлде алып тұрған екі үш суреті бар, қалғаны Талғаттың күрестегі жеңістерінің суреті екен. Бірінде төреші Талғаттың қолын жоғары көтеріп тұрса, енді бірінде қарсыластарын құлатып жатыр.

Рүстем өзімен жасты Талғаттың мынадай жетістіктері бар екеніне қызыға да, қызғана қарап кібіртіктей берді. Бұған көп жаттығу керек шығар ау. Бұған бұлай болуға енді тым кеш шығар. Иәә… Мұндайлардың әлемі бөлек қой. Ерінбей жаттығу деген…

Сабыржан кіріп Рүстемнің иығына қолын қойды.

- Иә, бауырыңның жетістігі қалай екен. Сен де осындай боласың ба? Жаттығайық, жарай ма? Ертең мектепке орналастырамын. Арғы күннен бастаймыз!

Ертесіне сынып жетекшісі Рүстемді сыныпқа таныстырды. Талғатпен бірге оқитын болды.

- Балалар бізге Қожаберген Рүстем жаңадан келді. Қожаберген Талғаттың туысы.

- Ооо!- деп ду етті балалар. Менің атам Қожа екеу болды ғой, - деді шәңкілдек дауысты біреуі.

Талғат сызданып орнынан тұрды.

- Иә, біздің атамыз Қожа. Ал сенің атаң ше?

- Оның атасы Орынбасар. – деді біреуі күліп, сосын ғой орынды басыыып отырғаны.

Сынып ду күлді. Оларға сәл еркіндік берсе болды кез келген оқиғаны күлкіге айналдырып, өзіне көңіл аудартқанына разы болады.

-Рүстем, сен ана үшінші қатардағы бос орынға, Сұлтан Ақеркенің қасына отыр – деген апайының сөзіне балалар тағы ду күлді. Рүстем түк түсінбей қабағын түйіп ұзын бойлы қыздың жанына отырды.

- Не болды? Не шу?- апайы жұдырығымен үстелді тақылдатты.

- Апай, Қожаберген мен Сұлтан енді парталас болды. Бірігіп сабақтан соң қой ауылға барып қойдың елтірі терісін ұрлайтын шығар?

Рүстем енді түсінді. Жанындағы сонда атасын талай ұятқа қалдырған Сұлтанның немересі ме? Тегі Сұлтан деді ғой. Ия, ия, бойы ұзын, тегі Сұлтан…Солай болып тұр ғой. Атамды елге күлкіге қалдырған Сұлтанның немересісің бе?- дегендей оқырая қарады. Қыз мұның мына әбіржіген түріне қарап қасын бір көтеріп күліп қойды.

Мұғалім Сара апай столын тықылдатып тәртіпке шақырды.

- Балалар, тынышталыңдар! Қожаберген атай да, Сұлтан атай да ауылымыздың құрметті азаматтары.  Қожаберген ата сендердің де, басқалардың ауырғанда баратын емхананың дәрігері болып істеген. Оны бәрің білесіңдер. Ал Сұлтан ата - жылқышы. Иә, ол кісілердің балалық шағын бүкіл қазақ біледі. Міне, сол кісілерден тараған балалар сендердің сыныптастарың. Бір – біріңді құрметтей біліңдер.

Соңғы сабақ бітіп, балалардың бәрі далаға шықты.

- Қожаберген, - деді бағана Рүстемнің алдындағы партада отырған Айдос деген бала. – енді екеу болдыңдар ғой. Біреуің шөпке, біреуің қырықтыққа барсаңдаршы.  Топ бала ду күлді.

Талғат та, Рүстем де тұра тұра ұмтылды. Талғат жете бере желкесінен бүре ұстап жерге алып ұрды. Айдос та қазақ күресіне барып жаттығып жүрген баланың бірі- күресе кетті. Басқа балалар топ болып қоршап тұр. Күж – күж етеді. Не істерін білмей тұрған Рүстемнің арқасынан біреуі итеріп жіберді. Сенің күшіңді көрейік, қане, шығасың ба?

Рүстем тығыншықтай Жарас деген балаға ежірейе қарады. Ойынмен, дене еңбегімен өскен баланың күші басым екені сезіліп тұр. Бірақ қорқып қашып күлкіге қалғысы келмей ұмтыла берді. Рүстем мен Жарастың алысы басталып кеткенде алғашқы алысып жүргендер үстерін қағып бұларға алаңдап кетті. Дәл осы кезде дене шынықтырудан сабақ беретін Сабыржан жақындап келді. Ортада алысып жүргендерге қарап тұр. Ажыратуға асықпай інісінің – ағасының баласының әрекетін байқамақ болып бөгелді. Рүстем - ұзын бойлы талдырмаш бала. Арық та емес. Соңғы кездері компьютерлік ойынға құмартып, айналасының тіршілігінен бейхабар бола бастағалы иығы төмен түсіңкіреп жүретін. Дегенмен екі жыл үзбей волейболмен айналысқанынан болар, тез қимылдайды екен. Осы бала әлсіз-ау деген Сабыржанның күдігі расталмады. Қазақ күресінің қимылдарымен шалып құлатпақшы болған Жарастың айлаларынан серпіле құтылып үлгеріп жүр. Күрестің тәсілдерін білмесе де қорғануға ебі келіп-ақ жүр. Тығыншықтай Жарастың қолына бір іліксе оңбайтынын біліп екінші тынысы ашылып кетсе керек. Дегенмен Жарас оңдырмай ұрып та, құлатып та үлгерді. Сабыржан кеудесіне жіппен тағылған ысқырықпен ысқырып тоқтатты.

Балаларды ажыратып қуып жіберді. Жарастың жұдырығы Рүстемнің қабағына оңбай тиіпті. Қанап, ісіңкіреп кетті.  Рүстем Сабыржан ағасы бұлармен төбелескен балаларды әке – шешесін шақыртып жазалар деп ойлаған. Келіп мұның қабағын сүртіп беретін шығар деп, ауырсынғандай отыра қалды. Сабыржан қабағын түйіп оқушы ұлдардың бәріне зеки сөйледі.

- Тез қайтыңдар үйлеріңе. Жаттығуға келгенде көремін күштеріңді. – деді де кетіп қалды. Рүстем түсінбей қалды. Орнынан тұрып Талғатқа ере берді.

Сонау Алматыда масқараға ұшырағалы бауырына басып мұны түсініп жүрген әжесі ғана. Атасының да пейілі түсер, жаны ашып мұны кемсітіп ұрып жібергендерге сыртынан болса да бір ұрысып, жаны ашып пейіл білдірер деген ойы орындалмады. Мұның хәлін көрмеген адамдай:

- Тамақтарыңды ішіп алған соң жер аударыңдар. Жер кеуіп барады. Тезірек қияр, қызанақ отырғызып алсын әжелерің мен аналарың. – деп шаруасына бұрылып кете берді. Торы атына мінгенде батырлардай көрінді атасы.

Таңертеңмен сағат алты болғанда Талғат пен Рүстемді Сабыржан оятты. Рүстем өмірі істемеген тірлігін істеп – жер аударып, тырмалап қарық істеп, сабағын оқып сілесі қата шаршап құлаған. Қабағында жапсырма қағаз жалбырап, ауызынан суы ағып ұйықтап жатыр. Ояна қоймады. Ауырып қалған денесінің рахаттана дем алғанына балқып жата берді. Сабыржан ағасы атын атап, жұлқылап қояр емес.

- Қойыңызшы –ей! – деп мазасын алған ағасына ашуланып айғайлап жіберіп жата берді. Бір кезде ағатайы бетіне салқын суды шашып жібергенде шашалып атып тұрды.  Не деген басынғандық бұл. Әттең, барар жер басар тауы жоқ. Алматыдағы өз үйі мұны жау көріп отырғанда бұлардан не күтсін. Үстін қаққылап алақтап қалды да, ауызы бұртиып киіне берді.

Алдарында атасы, Сабыржан ағасы, артынан Талғат екеуі көшеден жеңіл жүгіріспен шығып ауыл сыртындағы жазықпен кетті.

Таңғы салқын самал кеудесінің ыстығын басты. Денесі сергіп, құрысы жазылды. Жалаң аяқ тұрып дене жаттығуларына кірісті. Қара жер табанына майдай жағып тұр. Айнала жап – жасыл шөп басқан дала. Арасынан майдасы бар, ірісі бар гүлдер әр түрлі түспен рең беріп тұр. Қалың жасыл тоғай да анадай жерде тиіп тұр. Жан тыныштығы осында дегендей жапырақтары күнге жалтырап желмен жайлап , қалың көлеңке төменінде бұйығып жатыр. Құстардың үні анық көңілді естіледі.  Сарқырап аққан өзеннің дауысы қосылып, құлағына майдай жақты.

Дене жаттығуы небір оймен, өкініш, реніш сияқты сезімдерден ауырлап тұрған денесінің құрысын жазды. Тарылған тынысы кеңіді. Өкпесі таза ауаны құныға жұтып, бойына оттегі молынан тарап, екі бетінен қан жүгіре бастады.

Туыстарының  артынан үйге қарай жүгіріп келе жатып кешегідей төбелес қайталанар болса қайтпаспын, менде де күш бар ғой деп ойлап келе жатты.

Мектепке бұлар келіп кіргенде қоңырау да соғылып еді.

-  Ақерке Сұлтан,- деді бір шашы тікірейген сары бала,- сен Қожаберген

Рүстемді атаң құсап балық аулауға шақырсаң етті. Ата жолымен жүру керек қой.

Ақерке деген қызда түк намыс жоқ-ау, қосыла күліп сары баланы қостағандай болып отыр. Осы қыздың жанындағы орыннан басқа бос орын да жоқ екен.  Атасын бүкіл Қазақстанға күлкі қылған Сұлтанның немересіне жолағысы жоқ. Тіпті жыны келеді. Жастай темекі шегіп, қойдың елтірісін ұрлаған адам емес пе еді. Қазақта, сірә, «Менің атым Қожа» фильмін көрмеген адам жоқ шығар. Қызға жаман көзімен қарап орнына отырды. Орындығын тартып алысырақ отырды.

- Қазір бізге диктант болады, диктант дәптерімізді таратады, сен жаңа дәптер әкеліп пе едің?- деді Ақерке.

Бұрылып та қарамады, жауап та бермеді. Қарашы, өзінің кім екенін білмейтін сияқты. Бұзық болған адамның немересі екенін, бүкіл елге күлкі болғанын біліп ұялып отырса қайтеді.

Ақерке аңтарылып қалды да, алдына қарап отырды. Қызық бала екен – деді іштей.

Сабақтан соң сыныптың ұл балалары дене шынықтыру залына келді. Бұл сыныптан сегіз бала қазақша күрестен жақында аудан бойынша жарысқа түспекші. Қалғандары қызықтап келді. Тамашалап бес алты қыз да келіп отыр. Арасында Ақерке де бар.

Жаттықтырушы Сабыржан ағасы балаларды жеке-жеке шақырып6 әр баламен күрестіріп көріп жатыр. Дұрыс қимыл болмаған жағдайда ысқырып қолын көтеріп қайта күрестіреді. Рүстемді күресте жүрген балалардың еркіндігі, өздеріне деген сенімділігі таң қалдырды.  Дайындықта алысып жүріп құлағанның өзінде ұнжырғасы түскен баланы байқамады. Орнынан тұрып келесі кезегін сенімді түрде күтіп отырады. Ауылдың балаларының қала балаларына қарағанда ширақ қимылдайтынын да байқап отыр. Кеше ғана бір бірімен алысып төбелескен балалар бүгін бір бірінің жеңісіне қол қысып құттықтасып мәз болысып жүр.

- Ия, қарқындарың жаман емес. Жазғы демалыс та жақын қалды. Осы жарыстан соң күзге дейін жаттығу болмайды. Тек өздерің қалаған жерлеріңде дайындаласыңдар. Табиғат аясында, болмаса ауылдың стадионына жаттықсаңдар болады. Ал, үйге қайтасыңдар ма? Әлде арамызда волеболға қатысқан Рүстем отыр, соның ойынын көреміз бе? Волейбол ойнаңдар!  Қыздар! Ақерке, келіңдер. Рүстем, біздің волейболшылар Ақерке мен Жансая. Ойнап көресің бе?

Волейбол жақсы өтті. Сабыржан Рүстемді волейболға қатысқан деп қанша жарнамаласа да, асып бара жатқан ойын көрсете алмады. Ойынға ебі келмей қалған. Қайта Ақерке керемет ойнады. Тура кәсіби волейболшы дерсің. Ұзын бойлы денесі епті-ақ. Асықпай допты тоса  қояды да, сарт ерткізіп соға салады.  Мұның тобына қайта-қайта доп салған сол. Доп соның қолына ғана ұшатын сияқты. Кәдімгі өзі жақсы көретін волейбол добы. Тек Ақеркені ғана сыйлайтындай, соның ғана айтқанын істеп жүр. Рүстем де намысқа тырысып ойнады. Сонда да Ақеркенің тобынан екі ұпаймен ұтылып қалды.

Ақеркенің  тобы оны ортаға алып құшақтасып бірін бірі құттықтап жатыр. Қыздың беті бал-бұл жанады. Рүстемнің ішіне біреу шоқ тастағандай болды. Ол қуанышымен мұның жеңілісін мазақтағандай көріп тұр. Жаңа ғана Сабыржан  ағасы Рүстемнің ойынын көрейік деген еді. Олар күткендей ойын болған жоқ. Сыныптастары Ақеркенің ойынына тәнті болғандарын жасыра алмай гуілдесіп мақтап жатыр.

Мұны ешкім елемеді. Сын сағатында өзін көрсетіп қалмақшы боп тырысқанынан ештеңе шықпады. Бірінші рет волейболға бармай, компьютерлік ойынға барғанына өкінді. Жарас қана бұған қарап:

- Иәәә… - деді, - болмай қалды ма, інішек, дебют? Ренжіме, біздің Ақерке осындай.

Ашуы келді. Жарастың қолынан ұстап өзіне тартып қалды.

- Сенің не шаруаң бар менде? Жолың әні!

- Әрине, әрине…- Жарас мысқылдай күлді. - Мақтаған қыз тойда пух дейді.

- Мен волейболды көптен бері ойнамағанмын. Шамалы шығып қалған сияқтымын ойыннан. – енді Рүстем түсіндіруге кірісті. Маңында үш – төрт бала тәжікелесіп тұрған бұларға қарап қалған екен.

- Сен ағаңа тартқан шығарсың.

- Не деп тұрсың?

- Сенің ағаң Қазақстан чемпионы болғанын білесің ғой.

- Иә.

- Неге әлем чемпионы бола алмай қалды, білесің бе? Білмейсің. Ол да мақтаған қыз тойда пух дейді болған. Қазақ күресінен чемпионат болған. Сонда сенің ағаң – Сабыржан ағай шықпай қалған. Біз бәріміз ауыл болып ұйықтамай күтіп отырдық. Ал ол кісі піппп – деп мазақтап ернін шығарып Жарас кете берді.

Рүстем артына қарап ызадан жарылардай болып қалды. Қалайша? Сабыржан ағасының жеңістерін әкесі талай жыр қылып айтқан. Ешкімнен жеңіліп көрмеген деп еді ғой.  Рүстем ағасына қарап қалған. Асқардай таудай боп көрінетін ағасы демде аласарып көрінді көзіне. Өзінің жақсы ойын көрсете алмағанына енді ағасын кінәлай бастады. Несі бар еді мені мақтап, мені елге күлкі қылды. – деп ызадан жарылардай болып кете берді.

Түскі асты ешкімге қарамай басын салбыратып отырып ішті. Рүстем ағасы мен Талғат ештеңе болмағандай алдағы жарыстың қайда , қашан болатынын, көрші  ауылдан кімдер келетінін әңгіме қылып отырды.

Рүстем далаға шықты. Атасы торы  аттың жалын тарап жатыр. Жануар өте сұлу екен. Жанына келіп басынан сипады. Қап қара үлкен көзін аударып бұған қарады. Танысқысы келіп тұрғандай. Рүстемнің басын, жағын сипағаны ұнап тұрған сияқты.

- Көрдің ба, - деді атасы, - қандай сұлу ат.

- Иәәә. Ешкімді мазақтамайды. Ешкім мұны мазақтамайды. Өзінің күшті екенін біледі. Елдің бәрі мұны сыйлайды.Шашын тарайды. Не деген бақытты!

- Тоқта, бұл не деген сөз? Сені кім мазақтап жүр?

- Ешкім…

- Мазақтаса, әзілдеп ойнағысы келген шығар. Бұл ауылдың бәрі әзілқой. Мазақтағанды сен де мазақта. Соған ба ұнжырғаң түсіп жүргені? Мен әке – шешесін сағынып жүр ме десем.

- Оларды не деп мазақтаймын?

- Мазақтамасаң, әзілдес. О несі-ей! Адам соған да сонша уайымдай ма?

Міне, енді атасы сөйледі. Бәрі мұның жауы, бәрі бұны жек көреді. Бәрі өздерінше. Атасында не жоқ. Ойбу, балам-ай, күнім-ай, жаным-ай десе қайтеді екен басынан сипап. Бәрі шетінен қатыгез. Кетіп те қала алмайды. Әкесі мұны көргісі келмейтін шығар. Анасы да кетер кезде бұған «сен қандай баласың?»- дегендей қараған. Мектеп те де, үйде де құшағын жайған адам көрмеді. Жалғыздық деген оңай емес екен. Талғат бауыры әрі сыныптасы болса да екеуінің әңгімесі жараспайды. Бұл ойындардың кейіпкерлерін айта бастаса немесе бір компьютер программасын айта бастаса, селқос тыңдайды. Оған кімнің аты жүйрік екені, кіммен кім күресте төбелесетіні ғана қызық. Сондықтан екеуі бірге көп уақыт өткізбейді.

-Торы аттың ерін әкел! – деді атасы. Атты ерттеп үйрен, сосын мініп шабуды үйретемін.

Рүстем аттың ерін әкеліп салды. Ердің бас жағы қайда екеніне қарамай аттың үстіне теріс сала салды.

- Не, атқа теріс мініп шабайын деп па едің? – атасы мысқылдап күлді. Айнұр жеңгесі есіктің алдында Майратайды ойнатып отырған. Ол да сықылықтап күліп жіберді. Майратай түсінбесе де сақылдай күлді. Осы кезде далаға Сабыржан да шыққан еді. Теріс салынған ерге ол да мырс етіп күліп жіберді.

Рүстемнің ашуы келді. Елдің бәрі мұны мазақтайды. Мұны ешкім адам құрлы көрмейді. Майратайға дейін мұны кемсітіп отыр. Тас түйін болып тырысып ашуланып отырғанын ешкім байқамады.

- Кел, Рүстем, атқа отыр, – деп атасы ерді дұрыстап қойып жатып.

- Отырмаймын. Неге бәрің маған күлесіңдер? Бәрің мені жек көресіңдер. Ата, сен өзіңе қарап алмайсың ба? Сұлтанмен темекі шеккенсің. Қозының елтірісін ұрлаған Сұлтанмен дос болдың!

- Рүстемтай, не айтып кеттің? Ешкім сені жек көрмейді, – деді Сабыржан.

- Сіз де жаңа мазақтадыңыз. Өзіңіз чемпионатқа бармай жарыстан қашып кеткенсіз. Бәрің өздеріңді білмей жатып, мені мазақтай бересіңдер.

Рүстем ызадан жарыла жаздап тұр. Атасының қолынан аттың шылбырын алды да атқа қалай секіріп мінгенін байқамай қалды. Қамшы ердің басында тұр еді қамшыны алып атты салып, салып жіберіп шаба жөнелді. Торы ат әбден мініске үйренген ғой, жатырқамай, тоңқымай шаба жөнелді.

Ызадан көзінің жасы ытқып кетті. Енді тоқтамай ағып келеді. Бәрінен қашып келеді. Ешкім бетіне қарамаған, ешкім сенікі дұрыс емес деп айтпаған баланың ішіне реніш толып қалыпты. Қалада әке-шешесінің қуып жібергені, ауыл мектебіндегі балалардың мазағы, Сұлтанның қызынан жеңіліп қалғаны, Сабыржан ағасының волейболға қатысқан деп мақтап алып мұны жеңіліске итермелегені – бәрін ішіне жинап алған екен. Енді ашуын торы аттан алып- сабалап, ебіл – дебілі шығып жылап келеді.

Қайда келе жатқанын өзі білмейді. Бірінші рет атқа мініп тұрса да, қорқынышты іштегі ыза жуып кеткен бе, тоқырақтап атпен шауып келе жатыр.

Бір кезде аты тасты жерге жетіп, тұяқтары тайыңқырап жүрісін азайтқанда барып айналасына қарады. О, тоба мынау қай жер? Мен қайдамын? Айнала тас. Таудың етегі. Анадай жерде өзен ағып жатыр. Бұл қай өзен екен? Таңғы жүгіруде көріп жүрген өзеніне құсамайды. Бұл қайда бармақшы? Ат шаршаған сияқты. Тепең жүріске салып өзенге қарай келе жатыр. Мейлі, шөлдеген шығар. Аузындағы ауыздығын алу керек пе екен? Ауыздықпен қалай су ішер екен? Кәдімгі атқа күнде мініп жүрген адамдай, оңай мініп, оңай атта отырғанына өзі таң қалып келе жатыр. Сірә, атасына тартқан болар. Атасы есіне түскенде іші удай ашыды. Атам-ай, атаммен қалайша сөзге келіп қалдым?- деді ернін тістеді. Ат өңкеңдеп суға төніп барады.

- Қой, әй! Қоя тұр! Ауыздығыңды алып алайын. Қалай алатынын да білмейді өзі. Қаланың баласы аттың ауыздықпен де су іше беретінін білмейтін еді. Бұл қолын созып аттың ауыздығын алмақшы болып шетінен асығыс тартып қалды.Аттың басы қақшаң ете қалды. Темір ауыздық аттың езуін жыртып кете жаздады. Ат үркіп кетті. Үлкен көзі аларып, басын шайқап , шайқап жіберіп үркіп шаба жөнелді.  Рүстем үстінен аударылып қала жаздады. Ат құйғытып келе жатыр. Рүстем ерге жабысып, ердің басынан тас қылып ұстап алған. Ат мұны ұнатпай қалған сияқты. Мұның ернін жыртып жібере жаздағанын жақтырмай мұны аударып түсіріп тастағысы келіп келе жатыр. Қайта – қайта алдыңғы екі аяғын көтеріп кісінейді. Біраз шапқан соң, мұның түсе қоймағанына көнбей артқы аяғымен әбден тоңқыды.  Рүстемде зәре қалмады. Жүрегі тарсылдап ерге жабыса түсті. Біттім – деп ойлады. Болды, мына ат мені аударып түсіріп, теуіп-теуіп өлтіретін шығар.

- Торы ат, Торы ат, мен атамның немересімін ғой! Торы ат, мен жаңа сенің жалыңды сипап едім ғой! – деп шыңғырды.

Ат одан сайын шошыды. Құйғытып келеді. Қанша шапқаны есінде жоқ. Бір кезде арттарынан аттың дүбірі естілгендей болды. Есі шыға қорқып отырған бұл мойынын бұрып қарауға шамасы келмеді. Аттың дүбірі жақындай берді. Қатарласа шапқанда қараса, атта Ақерке отыр. Басына көк орамал тағып алған.

- Қанат, Қанат, - деп жәй ғана айқайлады ол Рүстемнің атына – тәк, тәк жануарым. Торы ат мойнын бұрып Ақеркеге қарады.

Танығанын білдіргендей кісінеп жіберді.

- Қанат, Қанатым, тәк, тәк! – дей берді қатарласып шауып келе жатқан Ақерке.

Торы ат шабысын бәсеңдете берді.Сосын екі ат қатар жай желіске түсті. Ақерке қатарласып келіп торы аттың жалынан сипағанда ат қалт тұра қалды. Ақерке атынан түсіп торы аттың мойнынан сипап тынышталған атты айналып толғанып мақтай жөнелді. Ат Ақеркенің бетінен шашынан сүйгендей ернімен тиіп өтті. Рүстем өң мен түстің арасында отырғандай.

Мына қыз қайдан сап ете қалды? Айдалада не істеп жүр? Мен өзім кинода жүрген жоқпын ба? Қанша жер шаптық? Мына айналаның өзі кинодағыдай. Таулар, етегіндегі жазық - жап – жасыл шөп пен түрлі-түсті гүлдер.

- Ертегіге келдік пе?- деді бұл аузына басқа сөз түспей.

Ақерке бұған таңдана қарап қалған. Сосын мұның сөзіне жымиып күлді.

- Ия ертегідегідей жер. Сен мұнда неғып жүрсің? Менің Қанатымды неге ашуландырдың?

- Сенің Қанатың ба? Бұл атамның аты ғой. Торы ат.

- Ақымақ, Торы- мұның түсі. Ал аты- Қанат. Мен қойғанмын. Көрдің бе, қанаты бар пырақтай ұшқанын?.. Солай…Бұл атты сенің атаңа менің атам сыйлаған. Мен мұны құлын күнінен баққанмын. Өте әдемі болатын. Сен түсіп, аяғыңды созсаңшы. Рүстем түсуге қорқып отырса да, Ақеркенің алдында ұялғанынан қипақтап жүріп аттан түсті. Шынымен қорыққанынан ба, әлде ұзақ отырғаннан ба аяғы сіресіп икемге әрең келді. Екі атты жетекке алған Ақеркемен қатар жүріп келеді. Торы атты мен жетектейін деп айта алмады. Тағы үркіп кете ме деп ілесіп келе жатыр.

Өзін құтқарып қалған Ақеркеге таңқала әрі жатырқай қарайды. Не деген қыз өзі. Аттың құлағында ойнайды. Қалай жетіп алды, үріккен атты қалай тоқтатып алды? Қайта – қайта Ақеркеге қарай берді. Әдемі екен өзі. Байқаса да байқамағандай болған еді мектепте. Енді анық көріп келеді. Күнге тотыққан жүзінде өзіне деген сенімділік бар. Нәзік те, еркелеу. Ұзын бойлы тал шыбықтай денесі серіппедей икемді.  Көзі ботаның көзіндей. Неге осы қызды жек көргенін өзі түсінбей келе жатыр.

-  Ат су ішетін болған соң, ауыздығын алайын дегенмін. Ноқтасын сыпырудың орнына асығып ауыздықты тартыппын, содан ат үркіп кетті.

Қыз сықылықтап әбден күлді. Ат су ішу үшін ноқтаны сыпырудың қажеті жоқ. Ауыздығымен де су іше береді ғой.

Бұл жолы Рүстем өзін мазақтаған қызға ашуланған жоқ. Ұялғанынан жымиып келе жатыр.

- Сен қайдан пайда болдың? Айдалада ешкім жоқ, не үй, не қора жоқ. Әлде… Рүстем өз ойынан өзі қорықты. Әлде сен сиқыршысың ба?

- Жоқ. Мен сиқыршы емеспін. Менің атам мен әкем жылқышылар. Жылқыны осындай кең, таулы, сулы жерде жаямыз. Жайлауымыз осы маңда.

Бүгін сенбі болғандықтан жайлауға келгенмін. Жылқы бағып жүр едім. Қанат шауып барады, үстінде біреу айқайлап барады. Бірдеңе болғанын білдім . Ақмаңдай бәйгенің аты ғой. Демде қуып жеттім. – Ақерке жымиып қойды. Рүстемнің ең ұнатпайтыны – мазақ болу. Бұл жолы мазақ болдым деп намыстанбады. Ақеркемен бірге ыржия берді.

Екеуі екі атқа мініп Ақеркенің жайлаудағы  үйіне келді.  Алдарынан ұзын бойлы жауырыны қақпақтай Сұлтан ата шықты. Аппақ көйлек, қара бешпент пен қара шалбар киген. Рүстемнің атасының жас кезіндегі ебедейсіз, сужұқпас досы Сұлтанға мүлде құсамайтын салмақты ақсақалды көрген Рүстем аттан түсе сала қолын беріп амандасты.

- Мына жігіт құйып қойған Қожа екен. Қожаның жас кезі.  Өзі Қожаның атын мініп алыпты. Соған қарағанда туысы боларсың?

-Қожабергеннің немересімін, ата.

- Ее, Бақытжанның баласысың ба? Кел, қымыз іш. Қонсаң ет асамыз.

- Жоқ ата, кеш түсіп келеді. Ауылға қайтуым керек.

- Қаланың баласы, жолды білесің бе?

- Жоқ адасып келемін.

- Жарайды онда, өзім апарып тастайын.

- Сау бол, мен жылқыға кеттім. Айдап келу керек, – деп Ақерке бұған қолын көтерді де атпен құйғытып шаба жөнелді.

Атта қалай әдемі отырады! Ердің үстінде қопаңдамай тіп – тік отырады екен.

Рүстем қолын бұлғады. Кеше ғана бұл қызды жек көргені ойына түсті.

Ат үстінде Сұлтан ата көп әңгіме айтты. Ақеркенің әжесі аттан құлап аяқ сүйектері майдаланып кеткенде Қожаберген атасы сынықтарын орнына қойып берген екен.

-Ауылға келгенің дұрыс болған екен.  Ел іші тұнған тарих, үлкен мектеп. Досым Қожаберген де балаларын жақсы тәрбиеледі. Сенің әкең үлкен фирманың иесі деп естідім. Сабыржан – спортшы, Қазақстан чемпионы.

Одан да жоғары әлем чемпионы болатын еді. Моңғолиядан қазақ күресін дамытып, спортшылар дайындаған бір азамат жарысқа келді. Келгеннен елім деп қазақ жеріне маңдайын тигізіп келгеніне қатты қуаныпты. Сол Моңғолияның қазағымен күреске шығатын біздің Сабыржан болып шығады. Сабыржан қазақша күресті шет елде дамытуына себепкер болған азаматтың жеңіліп қайтқанын қаламай, сол жарыста аз қимылдап, жеңісті елім деп келген қазақ бауырының алуына жол берген.

Рүстем таңқалғаннан аузын ашып қалды.

- Қалай сонда? Солай да бола ма екен? Өз жеңісін қалайша біреуге берген?

- А-а, сен оны білмейсің бе? Әлбетте, оны ешкімге айтқан жоқ. Бірақ біз – Қожа екеуіміз сездік. Көріп, көңілімізге түйдік. Сабыржан өз елінде ғой. Алда талай жеңіс бар, жеңіліс бар. Өмір деген солай. Ал көрші елдегі қазақ жігіт өз шәкірттерінің алдына мерейі тасып барды деп ойлаймын. Міне, солай.

Рүстемнің есіне ағасына айтқан сөзі түсті. Ұят-ай! Енді қалай қарар екен ағасының көзіне. Бәрін әбден даттады ғой. Өзі ше, өзінің масқара болып, туыстарын алдап ақша алғанын ұмытыпты. Басқаларды сынапты.

Бұлар үйге келгенде әжесі мен жеңгесі , бауырлары үрпиіп отыр екен.  Атасы, Сабыржан ағасы, Талғат – үшеуі мұны іздеп дала кезіп кетіпті. Рүстем кінәлі қалыппен үндемей басын салбыратып отыр. Келген соң бұған ұрысатын болды. Мұны енді адам санамайтын шығар. Бәрін сөгіп атқа мініп тайып тұрғанына енді өкініп отыр. Әжесі телефонымен хабарласып бәрі бірінен соң бірі үйге келе бастады.

Мұны ешкім кінәлаған жоқ. Тек аман келгенің жақсы болды деп Аллаға шүкірлер айтты.

Ертесіне таң тура баяғыша атты.Рүстем ұйқыдан бәрінен бұрын оянды, атасы, ағасының соңынан Талғаттың алдында жүгіріп бара жатты.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар