Елімізді отыз жылдан бері обадай жайлап алған әділетсіздік, жегіқұрттай жемқорлық жеп бітірді.
Халық өзгерісті ертең емес - бүгін, қағаз жүзінде емес - өмірде көргісі келеді!”-деп мәлімдеген болатынбыз.
Парламентте 8 маусымда Заң жобасын талқылау барысында ҚР Әділет министрі Азамат Есқараевқа “162 МИЛЛИАРДЕРДЕН ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫН ҚАЙТАРАТЫН КОМИССИЯҒА ЕШКІМ ЫҚПАЛ ЕТПЕЙТІНІНЕ СЕНУГЕ БОЛА МА?-деген сұрақ қойып, заңсыз алынған активтерді қайтару үшін құрылатын комиссияның тәуелсіздігі мен ашықтығы мәселесін көтердік.
Сонымен қатар 27 маусымдағы Мәжілістің жалпы отырысында да бұл мәселені тілге тиек еттік:
- Бабаларымыз талай рет қанын төгіп, жанын қиып, армандап кеткен Тәуелсіздікті қабылдап, ең алғаш әлемге жариялаған Қазақ Республикасы Жоғары Кеңесінің киелі ғимаратын отыз жыл бойы ойына келгенін істегендер иеленіп алып, қазақша атын жаза алмайтындар қазақтың қасиетті орнының шаңын шығарып жатыр. Яғни, Отанымыздың тарихи ордасы отбасының меншігіне айналып кетті!.. Әділетті Қазақстанда қашан әділеттілік орнап, қасиетті ғимаратымызды қайтарып аламыз? “Ақ жол” партиясы 10 жылдан бері көтеріп, жақында қабылданған заңсыз иеленген активтерді қайтарып алатын заңымызды осы ең басты тарихи ғимаратымызды мемлекетке қайтарудан бастау керек!- деп, осы заңға назар аудардық.
Енді, міне, ел көптен күткен «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң қабылданған күнге де жеттік, құдайға шүкір.
ОТЫЗ ЖЫЛ ОЙЫНА КЕЛГЕНІН ІСТЕГЕНДЕР ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫН ХАЛЫҚҚА ҚАЙТАРУЫ ТИІС!
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты