Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қарға қуған қазақтар Қазақстанға не әкеледі?

13:22, 21 шілде 2023 205
Шетелге кетіп жұмыс істеу біздің отбасымызға да жетті. Жақында ғана нағашы бөлемнің әйелімен бірге Англиядағы фермаларға жұмысқа кеткенін білдім. Ал жақсы араласатын, замандас азамат 7 жылдан бері АҚШ-та трак айдайды. Ол да маған жыл сайын «кел, кел» деп қоймай жүр. Визалық шақырту жасатып, драйвер лицензиясын алып беріп, барлық жағдайымды жасауға дайын. Бірақ, «шымшық сойса да қасапшы сойсын», яғни әр адам өз ісімен айналысу керек деген идеологияны ұстанатындықтан өзімді үлкен фураның рөлінде еш елестете алмай қойдым. Ол тұрмақ, жексенбі күні болмаса жеңіл көліктің рөліне отырғанды да ұнатпаймын, сондықтан метроның тұрақты клиенті атандым.

Жә, мұның бәрі пролог орнындағы эмоционалды кіріспе ғой. Негізгі тақырыпқа нақты қатысы жоқ.

Түптің түбінде біздің гастербайтерлікке назар аударатынымыз бұрыннан бері белгілі болатын. Әсіресе 2023 жылдың статистикасы өте маңызды. Себебі, биылдан бастап қазақ жастар жаппай Англия бағытын меңгере бастады. Ондағы 1 сағаттың еңбек ақысы жоғары болғандықтан, нақты картинаны келесі жылы анық көретін боламыз.

 

WPR деректері бойынша, 2019 жылы гастербайтерлер Қазақстанға жіберген қаржы біздің сол жылғы ішкі жалпы өнімнің 0,3 пайызын құраған. Ал 2022 жылы Қазақстанға сырттан тартылған қаржы көлемінің 676,8 миллиард теңгені құрағанын, ішкі жалпы өнімнің 102,9 триллион теңге болғанын ескерсек, онда қазақ гастербайтерлерінің ел экономикасындағы үлесі 0,6 пайыз болғанын көреміз. Яғни, үш жыл ішінде гастербайтерлердің Қазақстан экономикасына тигізетін жағымды әсері екі есеге көбейген.

Қазір, менің есебімше, шетелде шамамен 135 мың қазақ гастербайтері жүр. Әр гастербайтердің Қазақстанға жылына алып келетін орташа чегі - 5 миллион теңге. Бұл ретте, макроэкономикалық тұрғыда, сыртқы төлем балансы жағынан алып қарасақ, гастербайтерлердің өте игі іспен айналысып жатқанын байқай аламыз. Назарбаев кланы мен олигархтар елден капиталды сыртқа шығарып, біздің экономиканы тұралатса, гастербайтерлер керісінше Қазақстанға валюта алып келуде. Ол өз кезегінде теңгенің тұрақты болуын қамтамасыз ете алады.

Қазақ гастербайтерлері елеулі күшке айналып, ел экономикасын әртараптандыра ала ма? Менің ойымша, ондай деңгейге жету үшін, олардың экономикадағы үлесі кемінде 10 пайыздан асуы тиіс. Бірақ онда, егер қазіргі чек сақталса, кемінде 2 миллион қазақ сыртта жұмыс істеуі керек. Қазір елдегі экономикалық белсенді халық саны 10 миллион адам шамасында. Оның бестен бірінің сыртта жүруі ішкі тұтынуға да, салық базасына үлкен зиян әкеледі. Демек, плюсінен минусы көп.

Жалпы, гастербайтерлікке қатысты мынадай ұстаным бар. Егер халық саны көп болса және экономика ішкі нарықта жеткілікті жұмыс орнын қамтамасыз ете алмаса, артылып қалған азаматтардың сыртта жұмыс істеп, елге валюта жіберуі өте пайдалы деп саналады. Бұл таза Өзбекстан моделі. Бірақ халқы аз мемлекетте жұрттың бәрі сыртқа кетіп қалып, елдің іші босап қалса, онда экономикаға өте қауіпті. Бұған Молдова мысал бола алады.

Басты сұрақ – Қазақстан осының қай жағында? Біздің гастербайтерлер санының қауіпсіз шегін қалай анықтай аламыз? Идеалды балансты қалай табуға болады?

Бізге өтірік мифтерге сенуді қою керек. Қазақстан бай мемлекет емес. Қазақстан еш уақытта да бай мемлекет болмаған. Әділетті орны - кедей елдерден жоғары, ортанқол елдерден төмендеу. Ал Англия - бай мемлекет. Ол шынымен де ауқатты ел. Сондықтан Англия фермалары беретін жұмыс ставкасын Қазақстан қанша тыраштанса да тауып бере алмайды. Қазір Англия біздің жастарға азғантай уақытта мол табыс табуға, өзінің әлеуметтік қиындықтарын шешіп алуға мүмкіндік беріп отыр және жастарымыз оны ұтымды пайдалануда.

Бұл бір жағынан біздегі ішкі әлеуметтік жағдайдың жақсара бастауына, банк секторындағы проблемалық кредиттер көлемінің азаюына, ішкі тұтынудың белсенді динамикасын сақтап қалуға көмектеседі.

Айбар Олжай
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар