Қазақстандағы ана мен бала өліміне байланысты депутат премьер-министрге сауал жолдады, деп хабарлайды Alash.kz.
Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясының мүшесі Нұрлыбек Сарсенғалиев Қазақстандағы ана мен нәресте өлімінің өзекті мәселесіне байланысты премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың мәліметінше, соңғы алты жыл ішінде елде 563 әйел босану кезінде көз жұмған. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында 20 мыңнан астам нәресте шетінеген.
“Қанша тырысқанымызбен, өкінішке қарай, жансақтау бөлімінде барлық сәбиді аман алып қалу мүмкін болмады. 2024 жылы ата-аналар мәйітханадан 2598 нәрестенің денесін алып кеткен. Ресми органдар нәресте өлімінің азайғанын айтқанымен, бір жылдың ішінде ел екі жарым мың сәбиінен айырылды. Бұл әсіресе Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу және Ұлытау облыстарында өткір мәселе болып тұр”, – деді Сарсенғалиев.
Сондай-ақ, депутат перзентханаларда дәрігерге “алғыс” білдірмеген жағдайда босанушыларға тиісті көңіл бөлінбейтіні жөнінде жиі шағымдар түсетінін атап өтті.
“Барлық дәрігерлерді кінәлауға болмайды, бірақ кейбір медицина қызметкерлерінің салғырттығы өз ісіне адал мыңдаған кәсіби маманға көлеңке түсіреді. Дәрігердің қателігі – адам өмірімен өлшенеді”, – деп атап өтті ол.
Қазақстанда нәресте өлімінен бөлек, ана өлімі де өзекті мәселе болып отыр. Ресми деректерге сәйкес, он өңірде аналар өлімі көбейген. Әсіресе, Жетісу, Қостанай, Ұлытау және Ақтөбе облыстарында жағдай ушығып тұр.
Төрт және одан да көп баласы бар әйелдердің арасында өлім-жітімнің артуы да ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. 2024 жылы осындай жағдай салдарынан 97 бала анасынан айырылған.
“Тағы бір маңызды мәселе – кесар тілігі арқылы босану. Қазақстанда жылына 370 мың босану болса, оның 21%-ы кесар тілігімен өтеді. Бізге кейбір медициналық мекемелердің бұл операция үшін қомақты төлем алатыны және сондықтан дәрігерлер табиғи босанудың орнына осы тәсілді ұсынатыны жөнінде шағымдар түсуде. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Мұны жан-жақты тексеру қажет”, – деді депутат.
Ол сонымен қатар дәрігерлердің жетіспеушілігі мен медициналық мекемелердің ескірген инфрақұрылымына назар аударды.
“Елімізде 4702 акушер-гинеколог жұмыс істейді, алайда тағы 389 маман қажет. Ампутациялық операцияларды тек 560 дәрігер жасай алады, ал акушерлік саладағы барлық хирургиялық оталарды небәрі 438 маман жүргізеді”, – деді депутат.
Көптеген перзентханалар халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Онда орталықтандырылған оттегімен жабдықтау, вакуумдық жүйелер, экспресс-зертханалар және заманауи құрал-жабдықтар жоқ.
Осы мәселелерді шешу үшін Сарсенғалиев мынадай ұсыныстарын жеткізді:
1. Перзентхана дәрігерлерінің, санитарларының және техникалық мамандарының жалақысын көтеру.
2. Аймақтарда жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне бір реттік төлемдер мен тұрғын үй бағдарламасын енгізу.
3. Балалар дәрігерлерін даярлау үшін педиатрия кафедраларын қалпына келтіру.
4. Ауыр жүктілігі бар әйелдерге арналған ауылдық және аудандық пансионаттар ашу.
5. “Қамқор медбике” қызметін енгізу.
6. Перзентханалар мен балалар ауруханаларының материалдық-техникалық базасын жаңарту.
AMANAT партиясының фракциясы осы бастамаларды жүзеге асыруды талап ететінін мәлімдеді.