Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әкімдер әулетінен шыққан әкім

12:15, 15 маусым 2022 127
 

«Жаңа Қазақстанда» сенбі, жексенбі деген ұғым болмайды. Өткен сенбі күні тарихи тағайындаулар жасалды. Сөйтіп, жаңадан құрылған облыстарға су жаңа әкімдер, жаңадан құрылған министрлікке шыттай министр келді. Су жаңа деп отырғанымыз, төртеудің үшеуі бұрын облыс түгілі, аудан басқармағандар. Ресми биліктің берген мінездемесінде: «Басшылық қызметтерде болған, ұйымдастырушылық, басқару қабілеттері бар, қолынан іс келетін азаматтар» деп жазыпты. Жаңадан құрылған министрлікке келген басшы да осы әкімдер сияқты сүйкімі кетпеген фигура.

Сонымен, Алматы облысына аты датталмаған, қолы былғанбаған, жемқорлықпен ауырмаған басшы келді. Бұлай деуіміздің себебі, Марат Сұлтанғазин бұрынғы басшылық қызметтерінде жаман аты шықпаған азамат. Ғаламтордан біраз іздестіріп көрдік, көзге қораш ақпарат жоқ.

2014 жылдан бергі мемлекеттік қызметтерінің дені қаржы саласы. 2014 – 2017 жылдары мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы, 2017 жылдың маусымынан 2018 жылдың қазан айына дейін президент әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған. 2018 – 2021 жылдар арасында мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып жұмыс істепті. Былтыр мамыр айынан биылғы қаңтарға дейін Қаржы вице-министрі қызметін атқарған. Үш университетті тәмамдаған. Мамандығы бойынша қаржыгер, заңгер болу керек. Өйткені білім алған университеттерінің бағыты қаржы, заң саласы. Бұрынғы жұмыстары да сондай.

Экономистердің ел басқарғаны дұрыс! Оның үстіне, Марат Елеусізұлы салық саясатын жақсы меңгерген маман. Мұнысы Алматы облысы сияқты ақша айналымы көп аймақ үшін ауадай қажет! Тәуелсіз экономистер мен сарапшылар Алматы облысының екіге бөлінуі Жетісу облысына үлкен салмақ салады деген пікірде. Өйткені өндіріс орындарының дені, зауыт-фабрикалар Алматы облысында қалды. Мәселен, Іле ауданы бұрынғы облыс кірісінің 60 пайызын берсе, Талғар мен Еңбекшіқазақ ауданы экс-аймақтың «еті мен сүті» еді. Бұл жағынан жаңадан келген әкімге аймақты абаттандыру аса қиындық тудырмаса керек-ті.

Жаңа әкімге қатысты жүрек жылытатын бір жағдайды айта кетейік. Бұл Жаңа Қазақстанның шенеуніктеріне үлгі болатын дүние. Түске дейін Марат Елеусізұлының кандидатурасы ұсынылып, мәслихаттың көпшілік дауысымен Алматы облысына әкім болып тағайындалды. Түстен кейін оның туған ағасы – Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуат Сұлтанғазиев арыз жазып, өз еркімен қызметінен кетті. Ол бұл лауазымға көктемде ғана тағайындалған болатын. Жұрт жарты күннің ішінде «Ағасы үйде бастық, інісі түзде бастық» деген сияқты қағытпа әзілдер шығарып үлгеріпті.

Әлеуметтік желіде Сұлтанғазиевтың шыққан тегін жақсы білетіндер: «Әкім боп туған ұл» деген пікір жазып жатыр. Сөйтсек, Мараттың әкесі Елеусіз Сұлтанғазиев ертеректе Шелек ауданының әкімі болыпты. «Тегіне тартып туған» деген осы.

Бұл тағайындаулардың тағы бір ерекшелігі – Назарбаев кезіндегідей «қосылғыштардың орнын ауыстырған» жоқ. Бұрын шалдарды шахматтың тасындай бір облыстан екіншісіне жіберіп, министрлерді де «аяқ суытып» алмастырып отырушы еді. Бұл жолғы әкімдер Тоқаев билігінің өз таңдауы! Басқа аймақ емес, бұрын экс-елбасы Алматы облысын «ашса алақанынан, жұмса жұдырығынан» шығармаушы еді. Енді шықты! Тағайындалған әкімдер ақжемі шыққан, көзге «аллергия» болған зейнеттегі қарттар емес. Жалындап тұрған жастар да емес. Бірақ бұрынғы кадрлармен салыстарғанда бұла күштері толысқан мамандар деуге келеді. Оның үстіне, бұлардың қай қайсысы да әртүрлі салада қызмет етіп, кәсіби тұрғыда кемеліне келген, басқарушылық қабілеттерімен көзге түскендер. Әйтпесе, Ақорда белгісіз адамды жауапты қызметке ұсына ма?

Бір жағынан бұл таңдау су жаңа әкімдерге артылған міндет, берілген «бонус». Егер бұлар ескі Қазақстанның әкімдері сияқты популизммен айналысып кетсе, Жаңа Қазақстан тағы отыз жыл күтпейді. Марат Сұлтанғазиев те осыны жақсы түсінуі керек!

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?