Алматы облысы, Қарасай ауданының тұрғыны әйелінің жұмысына барып, оны темірмен және балғамен ұрып өлтірмек болғаны хабарланды. Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтей отырып хабарлайды.
Жәбір көрген әйелдің басы бірнеше жерден тігілген, қолы сынған. Әйелді әріптестерінің аман алып қалғаны белгілі болды. Ер адам әйелін соққыға жыққанын қоймай, мектепке барып, баласына зиян келтірмек болған. Бірақ мектеп директоры ер адамды мектеп ғимаратына кіргізбеген.
Алматы облысының полиция департаменті болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
"Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, соттың санкциясымен күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде заңды шешім қабылдана отырып, мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті тексеру үшін заңда көзделген барлық шаралар қабылданады. Тергеу барысы бақылауда. Тергеу мүддесіне қатысты басқа ақпарат жария етілмейді", – делінген хабарламада.