Атап айта кетсек, бүгінде Алматының халық саны 2 024, 861 адамға жеткен. Оның ішінде тоғыз ұлттың саны басқаларынан көбірек. Статистиканы сөйлетсек, қаладағы қазақтардың үлесі - 1 280 360 адам, яғни барлық халық санының 63,2 %, орыстар - 458 901, пайызға шақсақ 27,7 %, ал ұйғырлар - 108 524, яғни жалпы қаладағы халық санының 5,4 % құрайды. Алматыдағы тағы саны көп ұлттар кәрістер - 35 626, яғни жалпы қала тұрғындарының 1,8 %, татарлар - 25 463 пайызбен 1,3 % ға жетсе, әзірбайжандар - 15 063, пайыздық үлесі 0,7 %, ал өзбектер - 13 403, пайызбен 0,63%, дүнгендер - 12 621, жалпы үлестің 0,56 %, түріктер - 10 325, яғни 0,51 % үлесті құрайды.
Бүгінгі күні Алматы қаласындағы тұрғылықты халықтың жалпы үлес салмағы осындай. Қалада ұлттық мектептер де, театрлар да, түрлі ұлттың асханалары мен тіпті газеттері, сайттары да тарайды. Әр ұлттың ұлттық мерекелерін тойлауға, наным сенімдеріне еш шектеу қойылған емес. Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс органы Ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі бөлім – Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасы ҚХА хатшылығы болып саналады. Аталмыш ұйымның жұмысын Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қамтамасыз етеді. Жыл бойына осынау мекемелердің ұйытқы болуымен түрлі шаралар ұйымдастырылып ел бірлігі мен тұтастығын насихаттайтын сан түрлі шаралар ұйымдастырылып жатады.
Осы қаланың тұрғыны, «Алматы қаласының құрметті азаматы» Асылы Осман: «Ұлтым бөлек болғанымен, жаным — қазақ. Алматыдай жаайлы қала көргенім жоқ. Менің ең жылы естеліктерім Алматымен байланысты. Сондықтан қалаға қатысты кез келген жайтқа бей жай қарай алмаймын. Алматының дамуы, тұрғындарына жайлы қала болуы біздің әрбірімізге тікелей байланысты» дейді. Яғни қалаға әрбір тұрғынның ықыласы ерекше.
Жалпы қалада бүгінгі күні 10 республикалық және 38 қалалық этномәдени ұйым бар. Төрт мемлекеттік ұлттық театр жұмыс істейді. Атап айтар болсақ Қожамжаров атындағы Республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театры, Мемлекеттік республикалық музыкалық комедиялық театры, Мемлекеттік республикалық академиялық неміс драма театры, Лермонтов атындағы мемлекеттік орыс академиялық театры секілді мәдениет орындары қала тұрғындарына жыл он екі ай өнер көрсетіп, қызмет етіп келеді. Қаладағы Ассамблеяда тиісті этностардың мәдени мұрасын сақтау мен дамытуды қамтамасыз ету мақсатында құрылған 27 өнер ұжымы бар. «Deutschе Allgemeine Zeitung» неміс респуликалық газеті, «Ахыска» республикалық түрік газеті, «Коре ильбо» корей республикалық газеті, «Уйғур Авази» ұйғыр республикалық газеті, «Азия сегодня» ұйғыр журналы, «Жийана курд» күрд газеті секілді жеті этникалық БАҚ редакциясы ақпарат таратуда. Әрбір ұлт өкілі өз тілінде ақапарат алу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымында Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Журналистер клубы, Ғылыми-сарапшы топ, ҚХА депозитарийі, Алматы қаласындағы «Ассамблея жастары» РҚҰ өкілдігі бар. Шын мәнінде Алматы қаласындағы жүзден астам ұлттың ауызбіршілігінде осынау мәдениет орындары мен құрылымдардың, ақпарат тарату құралдарының өзіндік орны бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі этносаралық қарым-қатынас мәселесі әрдайым өзекті екенін атап өтіп отырады. «Этносаралық келісімді нығайту – еліміздің тұрақты дамуының негізі. Бұл маңызды міндетті жүзеге асыру үшін орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті билік, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жалпы азаматтық қоғам күш біріктіруі қажет», – дейді Президентіміз. Осы орайда Алматы қаласы жергілікті басқарушы орындарының ұлтты ұйытудағы әрекеті, жасап жатқан жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай дей аламыз. Алматы туған жеріне айналған қаладағы жүзден астам ұлт өкілінің ауызбіршілігі осының айғағы.
Еркенұр Қонысбай