Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматының туристік әлеуеті артып келеді

10:35, 28 сәуір 2023 258
Өткен жылы Алматы қаласына 1 800 000-нан астам турист келген. Статистика жыл сайын қалаға келетін турист санының артып бара жатқанын аңғартып отыр. Мәселен 2021 жылмен салыстырғанда былтыр қалаға келетін турист саны 48,3%-ға ұлғайып, 56,1 млрд теңге пайда түскен көрінеді. Бұл туралы Қазақстан туристік қауымдастықтың төрағасы Рашида Шайкенова мәлімдеді. Негізі осыған дейін де мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік астананы дамытудың маңызды бағыттарының бірі туризм екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Сондықтан мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Алматы қаласының жергілікті басқарушы орындары көптеген жұмыстарды қолға алып отыр.
Бүгінгі күні бұл бағыттағы жұмыстардың айтарлықтай жақсарып, туристер санының да артып келе жатқанын байқап отырмыз. Сондай-ақ осыған дейін Президентіміз «елімізге келетін шетелдік туристер саны 9 млн.-ға дейін өсуі тиіс» дей келіп, «Қазақстанның бұл бағытта мүмкіндігі зор екенін» айтқан еді. Әсіресе, Алматының орналасқан жері жасыл-желекті, Алатаудың бөктері табиғат берген сұлулыққа толы. Сондықтан туристер қызығатын мекендердің ішінде Алматы қаласының мүмкіндігі жоғары деп айта аламыз. Осыны түсінген Алматы қаласының әкімдігі де қалаға турист тартудың түрлі жолдарын қарастырып, қаланы туристерге қолайлы мекен етуге барынша тырысуда. Мәселен жақында Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысының туризм саласы, мемлекеттік органдардың өкілдері бас қосып, туризмді дамыту бойынша кеңес өткізіп, көптеген мәселелерді талқылады.
Осы орайда атап өтер жайт, өткен жылы елімізде қонақүй қызметін пайдаланатын туристердің жалпы саны 7,3 миллион адамға жеткен. Бұл санның тең жартысы үш мегаполиске тиесілі болса, соның ішінде Алматы қаласы алдыңғы орында тұр. Яғни апортты қалаға қызығушылар саны айтарлықтай. Тек сол туристерге қолайлы орта қалыптастыруға, заманауи қызмет көрсетуге, туристерді одан әрі көбірек тартуға тырысудың жолдарын қарастыру керек. Яғни мемлекет басшысы атап өткен туризм инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті жағдай жасау, шетелдік инвесторларды тарту және еліміздің бүкіл экономикасын дамытуға қажетті бірлескен туристік жобаларды іске қосу бағытындағы жұмыстар жандана түсуде.
Туризмді дамыту - өңірлік дамудағы жалпыға ортақ міндет екенін түсінген Алматы әкімі Ерболат Досаев пен ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов бизнес қауымдастықпен кездесуінде нақты жобаларды қолдады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек. Сондықтан туризм жөніндегі кеңестің келесі отырысы бір айдан кейін тағы да өтетін болып белгіленді.

Еркенұр Қонысбай
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар