Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Әруақ», «әулие», «Тәңір» дегенге рухы оянатын қазақ халқы Елдостан тіксініп қалды - Дінтанушы

17:20, 09 тамыз 2024 607

Дін зерттеушісі Асылтай Тасболат олимпиада чемпионы Елдос Сметовке қатысты сын туралы өз ойын айтты, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Ол бұл постын facebook парақшасына жариялады.

Елдос Сметовке қатысты хейттен бір нәрсені ұқтым. Қазақтың эпикалық жадында бар "әруақ", "Тәңір алқап", "Құдай қолдап" сөзін айтпаса қазақтың рухын ояту қиын екен. Осыдан екі-үш жыл бұрын футзалдағы жағдай еске түсті. Футболшыларды "әурақ блять" деп рухтандырған спорт айналасындағы шенеуніктің сөзі желіні дүрліктіріп еді. Бекзат Саттархановтың да Ясауидің басына зиярат еткені халық жадында.

"Османлының халық исламы" деген атаумен кітап жазған түріктің Хатиже Арпагуш дейтін ғалымы бар. "Халық исламы" деген ұғымды қолданады. Ғұлама институты мен қарапайым халықтың Ислам туралы түсінігі біркелкі болмайтынын жазады. Әруақ, әулие, Тәңір секілді ұғымдар халыққа жақын, аңыз-әпсаналармен көмкерілген батырлар мен қаһармандар тарихы схоластикадан гөрі халыққа өтімді екенін айтады.

Батырлар жырындағы образдар мен "иә, пірім" дейтін слогандарды көрмеген соң халық Елдостан тіксініп қалған сияқты. Намазхан, намазға жығылды, орамалға келді, деген сөздер де кеше ғана пайда болды. Аллах сізден разы болсын дейтін түрікше мен арабшадан тіке аударылған калька сөздер құлағыңнан қан ағызатыны тағы бар. Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтардың Құдай туралы түсініктері мен Тәңірге жалбарынып, әруаққа сыйынып сұрайтын жырларындағы эпикалық жады солғын тартқалы қашан. Ақтанбердінің "Бала берсе тезінен, Пірлердің бітсе демінен, Шілтеннің тиіп шылауы, Артылып туса өзімнен" дейтін өлең жолдарын жұтып қойып орындаған Бекболат Тілеуханның ұлттық өнерге жасаған қиянатын көрмей қалған жоқ қой жұрт.

Меніңше, түркілер, соның ішінде қазақтар Исламды өзіне бейімдеп алған. Соның ғасырлар бойы қалыптасқан жады бар. Соған сәйкес келмесе хейт жасайды. Ясауиге Пайғамбардан тіке құраманы алдырған да сол түркілік рух па деймін. Ахмад Сәни, яғни екінші Мұхаммед деп ат қояды. Парсы мен арабтан жолда ешкімді араластырмай тіке Пайғамбардың көзін көрген Арыстан бабтан құрма алады. Ортада "посредник" боп жүрген Арыстан бабтың өзі құрманы, яғни ілімді жеткізуші. Болды, бітті. Мұхаммедтен кейінгі екінші адам Ясауи. Тарихқа қарасаң, Исламның үш түрлі өркениеттік ізі бар: араб, әжам, әтрак. Араб түсінікті, әжам дегені үнді мен парсы, әтрак - түріктер.

Тағы бір нәрсе Елдос пен басқа да боксшылардың мұртына қатысты.
Сақалы бар мұрты жоқ,
Шапаны бар, ұлты жоқ,
Қырма сақал, бірдеңе
Ел түбіне сол жетер, деген шумақтар ел арасында тарап жүр. Мәшһүр Жүсіпке теліп жатыр соны. Мәшһүрде ол өлең жолдары жоқ екені даусыз. Сәлафиттерден әбден ығыр болған жартылай ақын бір қазақ шығарды да таратып жіберді. Фактчекиң жасамайды соны ешкім. Бірақ бұл халықтың мәдени тұрғыда өзін-өзі сақтау әрекетінен туған лепес сияқты.

P. S. Кәсіби дінтанушы болғандықтан жат ағым, теріс ағым деген сөздерді қолдануды ғылыми этикаға жат деп есептеймін. Себебі, молданың рөліне кіріп тура жолды нұсқау компетенцияма кірмейді. Бірақ, қазақтың эпикалық жадына сіңген мұрасын кино мен жапондар секілді аниме жанрлары арқылы халыққа сіңірмесе боз кілемге рухыңды оятатындай ұран айтып кіретін болашақта спортшы таба алмасымыз анық. Ерлан Төлеутай ағамыздың сұқбатын көргенде таң қалғам. Бейсаналы түрде әруақ деп айтқан актерді қайта қайта дубль жасатып сөзін өзгертіп тастаған екен Ақан Сатаев,"- деді ол өз пікірінде.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар