Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бірқатар әншілер Құрманай Бақтиярқызы туралы бұрын естімеген тың деректермен бөлісті

07:54, 29 қазан 2024 11783

Қайтыс болған қазақстандық хит әндердің авторы, ақын, асаба Құрманай Бақтиярқызы көзі тірісінде 200-ден астам ән жазып қалдырды, - деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап. 

Оның әндері қазақ эстрадасында хитке айналып, кейбірі тіпті ретро әнге айналып үлгерді. 

Құрманай Бақтиярқызы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында "Ақын, асаба, әнші, көркем сөз оқу шебері, Мәдениет саласының үздігі, "Толғанай", "Жан серігім қаламым", "Құрманайдың құнды сөздері мен хит әндердің сөзінің авторы" деп сипаттама жазған.

Айта кетейік, ақынның артында екі қызы мен бір ұлы, немерелері қалды.

Құрманай Бақтиярқызы "Алматының түндері-ай", "Толғанай", "Вокзалда қауышқан қыз", "Гүл әпше" сияқты 200-ден астам хит әндердің авторы.

Қаламгердің қазасы туралы Instagram желісіндегі парақшасында балалары мәлімдеді.

"Анашым Раббысына қайтты, дұғада болыңыздар", - деп жазды оның парақшасына балалары.

Өнер иесі ауыр дертке шалдығып, жеті мәрте ота жасатқанын бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшасында жазған еді.

"Жоспарланған операция. Бес жерден тесіп, жақсы өткен. Асқазаны ауырып жүргеніне екі жыл болды. Барлық анализдер жақсы шығып, отадан соң тұрып, үйге қайтқанмын. "Ішек спайка болған, тілу керек, әйтпесе болмайды" деді. Ары қарай білмеймін. Комаға түсіп, өң мен түстің ортасында Димаш Құдайбергенмен әлемдік концерттерде жүрдім. Иә, анық көрінеді. Жиырма күнге жуық ес-түссіз жатқанымды көрген достар бәріне дайын тұрды. Алланың қалауы ғой, "99/1 пайыз ғана үміт бар, дайын болыңыздар" деген екен", - деп жазған еді ол.

Ақын осыдан алты жыл бұл бұрын "Сөккен әңгіме" бағдарламасына сұхбат беріп, жеке өмірі туралы сыр шертіп, отбасы туралы айтып берген еді. 

Құрманай Бақтиярқызы - танымал қазақстандық әнші Қайрат Нұртастың бірнеше хит әнінің авторы. Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова ақын қаза болған күні жақындарына көңіл айтып, көлемді жазба жариялаған еді. 

"Жаным, Құрмашым, әлі сенер емеспін, жақсы адамым! Жаның жаннатта болсын! Жақында ғана Құрмашым телефон соғып, дауысы саңқ ете қалды: "Гүлім менің, саған арнап жаздым, уатсабыңды оқышы" деп жіберіп еді, қоштасқың келіп, айта-айта жүрсін дедің бе екен", - деп жазды ол.

Мақпал Жүнісова да ақынның желідегі парақшасына пікір қалдырып, балаларына көңіл айтты. 

"Айналайындар, сендер бақытты болыңдар, аналарың бір сәт сендерді есінен шығармаушы еді, өзінің ата-анасын да құрметтеп, қадірлей білді, Алла панасына алсын, иманы жолдас болсын, мықты болыңдар жандарым", - деп жазды ол. 

Бұған дейін Құрманай Бақтиярқызы ауыр халде жатқаны хабарланған болатын. Бұл туралы эстрада әншісі Алтынай Жорабаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Әнші Мөлдір Әуелбекова да ақынға жазба арнады. 

"Әпке, қош бол! Махаббат символына айналған "Бірге жанымыз", әрбір баланың бесік жырына айналған “Балапаным” сыңды әндердің мәтіні сіздің кең жүрегіңізден шыққан еді… Алла сізді панасына алсын", - деп жазды ол. 

Ал Жазира Байырбекова: "Ешкімге ұқсамайтын,ерекше жан,қылықты,талантты,кішіпейіл,көңілі тап-таза болған қарлығашым-ау! Сен де кеттің бе? Құрманайдың ата-анасына,ұл-қыздарына қайғыра көңіл айтамын. Жаның жәннатта болсын", - деп көңіл айтты. 

Сәкен Майғазиевтің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған жазбасына бес мыңға жуық адам пікір жазған. 

"Алтыным-ау сол. Қазақтың аяулы қызы, ақын Құрманай Бақтиярқызы өмірден озыпты. Жан-жағына жылу беріп, шуақ шашып, күлкіге көмкеріп, кез келген адамның көңілін көтеріп, жақсылық жасап жүретін жан еді. Иманы жолдас болсын. Алла тағала мейіріміне бөлесін. Құрманайдың әулетіне қайғырып көңіл айтамыз", - деп жазды Сәкен Майғазиев. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар