Жуырда ғана соты аяқталған,әйелін ұрып өлтірді деп сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әулеті де қазақ қоғамына жақсы таныс. Тарихшылардың сөзіне сенсек, оның атасы кезінде лауазымды қызметтер істеген, - деп жазады Alash.kz.
Тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы өткен уақыт үшін бүгінгі ұрпақ жауап беруі міндетті емес деген пікірде дейді dalanews.kz.
"Атасының істеген қылмысы үшін неге немересі жауап беруі керек? Қуандық Бишімбаевтың соты болып жатқанда оның туған атасы 12 қазақты, бір ұйғырды соқты деген айыппен Итжеккенге айдатып жіберген (деген ақпарат шықты - еск.). Оған Қуандықтың қандай қатысы бар?! Әйтпесе Қуандықты әйелін ұрып өлтіретін қылып атасы тәрбиелеп пе? Ол - тарих. Өткен заман үшін бүгінгі ұрпақ, немересі, шөпшегі жауап беруге міндетті емес.
Әлиханның 13 жылы жазған мақаласында "Тарих не үшін керек? Тарихтан қай жерден сүріндік, қай жерде құладық, қай жерден гүлдендік, соны білуіміз керек" дейді ғой. Тарих сол үшін ғана керек. Ғалым ретінде тарихты айнадай көрсетуіміз керек. Біреуді ақтау, біреуді қаралау міндеті (алдымызда - еск.) тұрмауы керек", - деді тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы "Қасқа жол" ютуб арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде "Қуандық Бишімбаевтың әжесінің есімі көшеге берілген" деген ақпарат тарап кеткен еді. Түркістан облысында Мария Бишімбаева атындағы көше бар болып шықты.
"Бишімбаева Мәриям - Төлеби ауданының Құрметті азаматы. Ауданға еңбегі сіңгені үшін Төлеби ауданы, Леңгір қаласындағы бұрынғы атауы Садовая көшесі Леңгір қаласы әкімдігінің 2001 жылғы 6 шілдедегі №215 шешімімен Мария Бишімбаева көшесі болып қайта аталды", - деп жазылған Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің берген жауап хатында.
Алайда бұл есімнің әйелін өлтірді деп сотталған Қуандық Бишімбаевқа ешқандай қатысы жоқ болып шықты.