Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Дархан Қыдырәлі: Сайрамда қастерлі орындар қараусыз жатыр

09:22, 15 ақпан 2024 258
Қазақстанда қараусыз қалып, жойылуға айналған тарихи жәдігерлер бар. Тіпті кейбірінің шетін базар басқан. Ұлттық тарихи-рухани құндылықтарға алаңдаушылық білдірген сенатор Дархан Қыдырәлі көне Сайрам мен Созақтағы рухани ескерткіштерді сақтау ісін Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайына тапсыру ұсынды.

Бұл ойын ол бүгін Сенат отырысында айтты.

Сенатордың пайымдауынша, Қазақстанда ұлттың рухани бағдарына айналған және халыққа қорған болған көптеген киелі орындарды сақтау мақсатында жұмыстарды күшейту керек.
«Кешендердің көбі жойылған, енді бірі бастапқы келбетінен қатты ауытқыған, тарихи орындарды қалауынша өзгерткен. Сол сияқты, сансыз бабтар мекені Сайрамда қастерлі орындар қараусыз жатыр. VIII-IX ғасырдан қалған көне қорымның бір шетін базар басып барады. Бағзы Исфиджабтан жеткен Ибраһим ата, Қарашаш ана, Қызыр хазірет сияқты тарихи-рухани нысандарды сақтау қажет. Сондықтан көне Сайрам мен Созақтағы рухани ескерткіштерді сақтау ісін Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайына тапсыруды ұсынамыз», – деді сенатор.

Сондай-ақ ол еліміздегі рухани ескерткіштерді қорғауға ерекше назар аудару қажеттігін және олар біздің мұрамыз бен тарихымыз екенін атап өтті.
«Ұлттың иммунитетін қалыптастыратын рухани орындар тағылым мектебі болуы керек. Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қалқанымыз – діңгекті дәстүр мен рухани бұлақ көздері зерделене бастаса, деструктивті теріс ағымдардың жолын жабуға септеседі. Тарихи кешендерді ұлттық бренд ретінде ЮНЕСКО-ға ұсыну ісін жүйелеп, жеделдету қажет. Мемлекет басшысының 2019 жылы елімізді рухани-этнографиялық туризмнің орталығына айналдыруды тапсырғаны белгілі. Сондықтан киелі мекендерді мемлекет қарауына алу, заңды қатайту, инфрақұрылымды дамыту қажет деп ойлаймын», – деді Дархан Қыдырәлі.

Фото: facebook.com/darhan.hidirali
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар