Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Депутат Дайрабаев министрліктегілердің "намыссыз екенін" айтып, Моңғолияның соңында қалғанымызға налыды

13:05, 01 мамыр 2024 1185

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев үкімет сағатына келген өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев пен үкімет мүшелерін сынға алды. Атқа мінгендердің бойында "намыс жоқ" екеніне налып, Қазақстанның Моңғолиядан артта қалғанына ашынды, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы. 

Депутат Дайрабаев елімізде жүн-тері өндірісін дамымай отырғанына қынжылып, Моңғолияның соңында қалғанымызға ашынды. Елдің басшылық құрылымындағылардың бойынан "намысты іздеді". 

«Әр өңірді бекітіп, тері өңдейтін, жүн өңдейтін зауыт ашуға болады ғой. Жанымыздағы көрші Моңғолиядан қалып қалдық қой, құрметті ағайындар! Кішкене намыс болуы керек қой. Бұл өзіміздің мемлекетіміз емес пе. Өзгеріс жасаңыздар. Бір тірлік болса да, сапалы тірлік болсын. Желдірме сөз бен өтірік есептің керегі жоқ. Қазақта «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген сөз бар. Егер қолдарыңыздан келмесе, жиырма миллионның ішінен шоқпарды көтеретін адам табамыз», - деді Дайрабаев.

Депутат, сонымен қатар, министрдің ауыл шаруашылығы жайлы айтпағанына налыды. 

«Министрге және басқа да үкімет мүшелеріне айтарым: егер де сіз Қазақстанды аграрлық мемлекет ретінде мойындамайтын болсаңыздар, онда Қазақстанның болашағы болмайды. "Зауыт саламын, машина жасаймын" деген әңгіменің бәрі бос сөз. Жиырма миллион халық тамақ жейді. Сізден ауыл шаруашылығы туралы бір сөз естіген жоқпын, соған жаным ауырады. Мынау сұмдық қой. Ауылдарды тоздырып біттік. 6295-ақ ауыл қалды. 1500 ауылдың талқанын шығардық», - дейді Дайрабаев мәжілісте өңдеу өнеркәсібін дамыту тақырыбында өткен үкімет сағатында. 

Депутат президенттің тапсырмалары дер кезінде орындалмайтынын да хабарлады. Мәселен, мемлекет басшысының ауыл шаруашылығына қатысты 2022 жылы үкіметке берген тапсырмасы әлі күнге дейін созбалаңға салынып келеді. 

«Сонда үкіметтен не күтуге болады, ағайындар?! Мен Қазақстанды үлкен шаруашылықтармен бағалайын. Кеңес өкіметі кезінде он жыл колхоз бастығы болдым, мынадай тәртіпсіздік болған емес. Мынау деген сұмдық қой! Бүкіл елге үкімет мынадай шешім қабылдады дейді, оны сіздер орындамайсыздар. Сіздер мемлекет басшысын халықтың алдында жаман көрсетіп жатырсыздар. Шамаларыңыз келмесе, орындай алмаймыз деп айту керек», - деп ашуланды мәжілісмен. 

Оқырман үшін айшықтай кетейік, үкімет отырысында Өнеркәсіп министрі Қанат  Шарлапаев Қазақстан қытайдың тағы бір көлігін құрастыратынын айтқан. Дайрабаев елдің аграрлы сипаты бар екенін "ұмыт қалдырған" министрді сынға алып, шүйлікті. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар