Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Екеуі де ұлы жүздің жалайыр руынан". Үкіметбасы Бозымбаев бола ма?

13:05, 30 қаңтар 2024 234
Соңғы кезде үкімет басшысы Смайыловтың жұмысына сын айтып, көңілі толмайтындар көп. Тіпті, саяси сахнада «Смайыловтың орнына түгенше келеді екен» деген ақпараттың шеті жиі шығып жатады дейді "Даланевс".

Осы тұста кейбір инсайдерлер «саясатта салмағы жағынан «ауыр» Қанат Бозымбаевтың мансап шырағы әлі сөне қойған жоқ» деген пікірді ортаға салады.

Яғни, көптен бері көрінбей кеткен Бозымбаев ең жауапты қызмет – премьер-министр лауазымына дайындық үстінде көрінеді. Бірақ бұл мүмкін бе? Қасым-Жомарт Тоқаев басшылық еткен бес жылда оның әкімшілігі кадрлық резерв ретінде пайдаланылғаны рас па? Президент көмекшісі болып тұрғанда білікті қызметкерлерді ең осал жерлерге жіберіп, өзін көрсете алды ма? Жалпы, президент әкімшілігі кейбір саясаткерлер үшін уақытша пана ма, әлде құтқару үйі ме?

Осы сауалдардың астарына үңілсек, мұның да жаны бар сияқты. Себебі, бұл жерден кеткендер лауазымды қызметке тағайындалады немесе тып-тыныш зейнетке бір-ақ кетеді.

Алайда, бұл «клубқа» кіру екінің біріне бұйырмаған бақ. Мұнда тек ең жақын, ең сенімді адамдарға ғана есік ашық. Соның ішінде Бозымбаев та бар.

Десек те, Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысының әкімі болып тұрған Қанат Бозымбаев біраз сын тезіне алынды. Сол кездегі облыс орталығы –Талдықорған қаласы шерушілерге толықтай беріліп, қирап қалды. Халық арасына шыққанда да аузына түскен боқтық сөзді айтып, абыройсыздыққа ұрынған. Міне, содан кейін 2 жыл бойы хабарсыз кеткен Бозымбаев журналист-олигарх Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында аймақтағы бар жауапкершілікті тағдырдың жазуына және бүгінде сотталып кеткен Алматы облыстық полиция басқармасының экс-басшысы Серік Күдебаевтың еншісіне қалдырған еді.
Қазіргі уақытта Бозымбаев функционалдық жағынан толық түсініксіз президент кеңесшісі лауазымында. Шамасы, оның мансабындағы мұндай үзіліс өзі үшін керек болған шығар. Бәлкім, «Көзден кетсе, көңілден де кетеді» демекші, халықтың оған деген негатив көзқарасын азайтып, жадынан шыға тұрудың амалы ма?

Жалпы, Қанат Бозымбаев Энергетика министрі және Павлодар және Алматы облыстары әкімі қызметін жұрт күткендей басқара алмаса да, қазіргі үкімет құрамындағы ең мықты мемлекеттік басқарушылардың бірі саналды.

«Оның үстіне Президенттің Бозымбаевқа деген сенімі бөлектеу және өзіне адал қызметкер деп біледі. Ең бастысы, екеуі де Ұлы жүздің Жалайыр руынан екенін ескерген жөн. Қазақтың рушылдық дерті көбінесе Нұрсұлтан Назарбаевтың билігіне тән десек те,  «Жаңа Қазақстанда» да бұл құбылысты толығымен жоққа шығаруға болмайды-ау, сірә», - дейді инсайдерлер.

Сондықтан да Бозымбаевтың ішкі саясатты жетік білуі мен мол тәжірибесі басымдыққа ие болып, еліміздің жаңа Премьер-министрі қызметін атқаруына мүмкіндік сыйлауы да мүмкін ғой.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар