Белгілі құқық қорғаушы Инга Иманбай желідегі парақшасында сарбаз Ербаян Мұхтардың Түркияға емделуге жіберілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Stan.kz ақпарат агенттігі Инга Иманбай жазбасын алға тартты. Ол сарбаздың Астанадан Ыстамбұлға 27 қыркүйекте таңғы сегізде ұшып кеткенін айтады.
"Ербаян Ыстамбұлға жолға шықты. Ұшақ бүгін таңғы сегізде Астанадан ұшты. Бұл күнге жету де оңайға соққан жоқ. Тоқтаусыз күрес, талмай еңбекпен келді. Бастысы, кеңпейіл халқымыздың мейірімі мен жанашырлығының жемісі. Ербаян, мықты бол! Бұл жартылай жеңіс! Бұйырса үлкен жеңістер алда. Сенің бар өмірің алда. Аман-есен елге өз аяғыңмен оралуыңды күтеміз", – деп жазды Инга.
Орайы келгенде айта кетейік, шамамен он күн бұрын Ербаянның әкесі Хамит Аймағамбетов баспасөз конференциясында сарбаздың қашан емделуге жіберілетіні туралы жауап берген еді. Сол кезде Хамиттің айтуынша, құжаттармен байланысты қиындықтар және ұлының жағдайы бұл шараны жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген. Жаз айларында қазақстандықтар жігіттің емделуіне қаржы жинағанын жазған едік.