Алматы облысында әсіредіншіл жігіт қабірлерді қиратып жүр, деп хабарлайды Alash.kz Skifnews.kz сайтына сілтеп.
Аурақтарды қорлаған жігіт имамдардың уағызын тыңдаған. Оның бұл әрекетіне ауыл тұрғындары ашулы.
«Көлсайдың түбіндегі Саты ауылын соқыр сенім кезіп жүр. Осы ауылдың бір жігіті «дінімізге қайшы» деген желеумен зиратты талқандап тастапты. Өлген адамдардың құлыптастарын қиратып, жан-жаққа лақтырып кеткен. Жақындарының қабірі қорланғанын көрген аядай ғана ауыл тұрғындары ашулы», -деп жазды Диас Нұрақын.
Видеода бейіт басына қойылған құлыптастардың қирап жатқаны көрінеді. Бұндай әрекетке барған әсіредіншілердің кесірінен ел арасына іріткі түсіп жатыр.
«Бір есерсоқ бүтін бір ауылдың берекесін қашырады. Бір құмалақ бір қарын майді шірітеді. Мұның бәрі тик-ток имамдардың, уағызшыл ұстаздардың кесірі. Бір ғана кітап оқып алған, көкірегі соқыр адамдар соларға сеніп, асыл дінімізді ластап бітті», -деп ашуланды журналист.