Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Газета бетін шұбарлаған құр қағаз емес, жұртына қызмет етуші ұлтының ұлы екендігін саңылаусыздар болмаса, саналы қазақ таныды

21:52, 22 мамыр 2024 402

2 февральда "Қазақ" екіден үшке шықты. Жаңа газета жас бала сияқты. Бала бастапқы кезінде анау-мынауды елегіш келеді. Бір-екі жылды артқа салып алған соң, буыны бекіп, бұғанасы қата бастайды. Ата-анасы мінезін біліп, сынын танып, сырын түйе бастайды. Газета туралы да нақ солай.

Анау-мынауды елегіш нәзік күйін өткізіп, газетіміз үшке қарады. Айырықша бір апатқа ұшырамаса, аз-мәз нәрсені елемей өтер деген үміт зор.

Газета бетін шұбарлаған құр қағаз емес, жұртына қызмет етуші ұлтының ұлы екендігін саңылаусыздар болмаса, саналы қазақ таныды. Ол танығандығын осы өткен жыл көрсетті. "Тәңірі асыраған тоқтыны бөрі жемес" деген. Тәңірден соңғы күшті халық қой. Халық қолындағы іс анау-мынаудың қастығымен өшпейтінін көзбен көріп, қолмен ұстағандай болдық. Жұрт жұмысының тегермеші ілгері айналса, оны шыбық салып тоқтатамын дегендер құр арам тер болуы қашаннан-ақ бар нәрсе.

Арам тер болғандар бола берсін. Ахмет болмаса, Міржақып шығарар. Ол болмаса, онан басқа шығарар. Бірақ қазақ газетасыз тұрғысы келмейтінін білдік. Соған көзі жетіп, "күштіге сыйынсаң Құдайға сыйын" деген әуелі Құдайға сеніп, екінші, Құдайдан соңғы күшті халыққа сүйеніп, "Қазақ" алдағы жасына аяқ басты. Қайырлы болсын!

Қыр баласы.

"Қазақ" газеті, №93, 1915 жыл.

Орынбор қаласы

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. IX том.- Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар