Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Кремль біздің елмен білім алмасуға мұқтаж емес": Ресейден ҚазҰУ филиалының ашылуы - Путиннің саясаты

13:37, 17 маусым 2024 529

"Путиннің Ресейі" Қазақстандағы стратегиялық маңызды салаларға ауыз салуда. Осылай деп дабыл қаққан Fragment "Ресей мен Қазақстанның білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығы барған сайын алаңдаушылық туғызуда" дейді.

Арна Омбыдан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филиалының ашылғанына алаңдаушылық білдіріпті.

Бұл оқиға академиялық байланыстардың кеңеюін ғана емес, сонымен қатар Ресейдің Қазақстандағы ықпалының артып келе жатқанын аңғартады деп, хабарлайды Alash.kz сайты арнаның ақпаратына сілтеме жасап.

ҚазҰУ Қазақстандағы ең көне әрі абыройлы оқу орны. Мұнда 25 мың студент білім алады. Осындай беделді универдің орыс жерінде филиал ашуы оң қадам сияқты көрінуі мүмкін. Алайда қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырып, бұл оқиғаны мүлде басқа қырынан қарастыру қажет.

Кремль, посткеңестік кеңістікте өз ықпалын кеңейтуге деген ұмтылысын бір сәтке де дамылдатқан жоқ. Білім және ғылым саласында тәжірибе алмасу әншейін сылтау: Ресейдің Қазақстандағы ықпалын нығыздай түсудің амалы. Мұны Қазақстандағы маңызды сфераларды "отарлау" дейтін ауқымды стратегияның бір бөлігі ретінде қарастыру қажет.

Fragment-ке жеткен мәлімет бойынша "Путиннің Ресейі" Орта Азиядағы ықпалын жоғалтпау үшін soft power саясатын белсенді пайдалана бастаған. Білім мен ғылым саласы осы саясаттың негізгі "рычагының" бірі.

Алдағы оқу жылынан бастап ресейлік пропаганда құралдары "екі ел арасынадағы акамедиялық алыс-берістен Қазақстанның ұтары көп" деген агитацияны үдете бастайды.

"Іс жүзінде бұл Қазақстанның Ресейдің білім және ғылым бағдарламасына біртіндеп тәуелді болуына алып келеді", - деп пайымдайды арна өз ақпаратын.

Қазақ ұлттық университетінің ресейлік серіктесі – Достоевский атындағы Омбы университеті сөзсіз беделді оқу орны. Алайда, мұндай ынтымақтастықтың қазіргі саяси шындық контекстінде нені білдіретіні туралы ойлану керек.

Ресей еліміздің экономикадан бастап білім беруге дейінгі стратегиялық маңызды салаларына дендеп еніп жатыр. Кремль біздің елмен білім алмасуға мұқтаж емес, Мәскеу қазақстандық өскелең ұрпақтың жүрегі мен санасы үшін күрес жүргізуде.

Қазақстандық университеттер мен ғылыми институттар геосаяси құралға айналмай, тәуелсіз ой мен инновацияның тірегі болып қалуы керек. Путиннің параноясы асқынған шақта Қазақстан барлық салада өз тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға тиіс. Ресейдің арбауына түспеудің жалғыз жолы осы.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар