Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады

09:29, 11 наурыз 2024 369

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады.

– Қымбатты отандастар! Сіздерді Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша.   Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл.  

Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді.   Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады. Мен Қазақстан халқының әрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін.   Ораза қабыл болсын!   Баршаңызға зор денсаулық, амандық, толайым табыс тілеймін! – делінген құттықтауда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, биыл Рамазан айы 30 күнге созылады. 11 наурыз алғашқы күні болса, 9 сәуір – соңғы күні. 

10 сәуірде ораза айты мерекесі басталады. Сәуірдің 5-сінен 6-сына қараған түні – Қадір түні. 

Биыл пітір мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері Қазақстан бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.

Ораза ниеті: Алла Тағаланың разылығы үшін таң атқаннан күн батқанға дейін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім.Ауызашар дұғасы: Уа, Жаратқан Ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризықпен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешір!

Кімге ораза тұтпауға рұқсат?

Алыс жолға шыққан жолаушыға, ораза ұстаса ауруы асқынып кететін науқасқа рамазан айында ораза тұтпаса болады. Бірақ кейін қазасын өтейді. Ораза көп зиян тигізбейтін жолаушыға ораза тұту абзал. Жолаушы еліне қайтса немесе науқас айықса, оразаларының қазасын тұтуға тиіс. 
Екіқабат әйел мен емізулі баласы бар әйелдер өздерінің, балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе, ораза ұстамауына болады. Бірақ, кейін қазасын өтеу – парыз.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар