Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Моңғолия. 5300 қазақ тұтқындалып, 4800-і атылған - зерттеуші

07:05, 13 желтоқсан 2023 732
Өткен ғасырдың 20-50 жылдары аралығында Сталиндік репрессиядан бір ғана Қазақстанның өзінен 2 миллионнан астам адам көз жұмғаны мәлім. Қуғын-сүргіннің алғашқы жылдарында-ақ 25 мың адам оққа байланған.  Кеңес одағының «қызыл терроры»  Қазақстаннан тыс жерлерде де жалғасты. Ұрда-жық саясаттың кесірінен  Қытай мен Моңғолия аймағындағы қазақтар нәубет көріп, айдалды, сотталып, атылды. Белгілі қаламгер, зерттеуші Сұраған Рахметұлы сол қаралы жылдар жөнінде архив деректерін, репрессия  куәгерлерінің естеліктерін жинаған. Биыл жазушы Моңғолияның Баянөлгей аймағында  жапа шеккен боздақтар жөнінде «Хужирты құрбандары» кітабын шығарды. Malim.kz  тілшісі автормен  қазақ ұлтының басынан өткерген тағы бір алмағайып замандардың шерлі шежіресі жайында сұхбаттасыпты.   

                Тоғыз бірдей адам шекара маңында мерт болды

-  Қазаққа геноцид жасаған Сталиндік қуғын-сүргіннің Баянөлгей, Бұлғын-Хужиртыда да болғанын кітабыңыздан оқып-білдік.  Орны толмас зардап әкелген зобалаң ол жақта қай уақытта басталды? 

- Бұдан бұрын 1912-14 жылдары болған Жа Лама оқиғасы, 1934 жылы жүрген  «Кенжебек айдаған» деген тақсіретті замандар болды.  Мен  бұл сұхбатта  1936 жылдардан ары қарайғы зұлмат кезеңдерге тоқталсам деп отырмын. КСРО Қазақстанды қойып, арғы беттегі қазақтардың да көзін жойғысы келді. Дегендеріне жетті де. Моңғол шекара маңындағы ауылдарда тыныш өмір сүретін жағдай қалмады. 1936 жылы Адырбай Жұртбайұлы, Үмбет Тұманұлы, Күлкетай зәңгі Әндірейұлының және Бүркітбай Тәнтібайұлы, Мазақ пен Рахымға тән іргелі шыбарайғыр руы жартылай бұзылды. Жуанған Бәтекенұлы үкірдай бүкіл ауылымен бас сауғалап кете барды.  Бұлар Алтай аймағындағы  беделді тұлға Жәнімхан Тілеубайұлының еліне қосылуды мақсат тұтты.  Халықтың үдере көшуіне негізінен Қопалақ Оспанұлы, Қуан Зәңгі Тәжібайұлы, Машан Қобайұлы сияқты 9 бірдей  адамның шекара маңында өлтірілуі түрткі  болды.

Үрейлі жұрттың қашудан басқа амалы қалмады. Алайда, Шыңжаңдағы аз ұлттар қиыншылыққа ұшырай бастаған тұста ғана аталмыш аталған ауылдардың белгілі бір тобы моңғолияға қайта оралды.  Сол тұста партия саясатында көптеген қателіктер орын алды. Соның әсерінен КСРО-ның өрті бүкіл Моңғолияны шарпыды.  1937 жылдың қыркүйек айынан бастап барлық аймақта саяси нәубет орнады. Елдің Кіші Хурал басқармасы мен Министрлер кеңесінің сол жылғы 24-ші қаулысы бойынша Хорлоогийн Чойбалсан Әскери министр, Қарулы Күштердің бас қолбасшысы болып тағайындалды. Бір апта өтер-өтпес уақытта КСРО ұстауға тиіс 115 адамның тізімін Ішкі істер министрлігіне береді. Сөйтіп, 1937 жылы қыркүйектің 10-ы күні 100 азаматты ұстап, қамауға алады. Сол уақытта Ішкі істер министрлігінің қызметкерлерінің 30 пайызға жуығы Кеңестік кеңесші, тәлімгер сынды өкілдерден құралған болатын. Жаппай ұстау әрекеті бір аптадан кейін жалғасты. Кеңес одағының авторлығындағы «зоговорға» алғашында 115 адам ілікті. Моңғолияда тұратын 23 229-дан астам қазақтың 5300-і тұтқындалып, 4800-і атылды деген дерек табылып отыр.

Репрессияға ұшыраған қазақтардың деректері де әр түрлі. Тарихшы Баабар «қазақтардың 4300 отбасы, 21 000-ның 2000-нан астамы Чойбалсанның жарлығымен атылған» деген дерек келтіреді. Ал Зардыхан Қинаятұлы 3270 қазақ жазаланды деп жазады. Қалай дегенмен де ең аяусыз жазалауды қазақтар мен буряттар көрді. Моңғол қазақтарының Өр Алтайға көшу себептері де әр қилы болып отыр.


               Моңғолиядағы қазақтарды жазықсыз қырған Чойбалсан

 23 жастағы әйелге тиген оқ бірдегі баласының қоңынан өткен




- Саяси сүргін батыс шекара маңындағы қазақтар өміріне де орасан зор нұқсан келтірген екен. Олардың Өр Алтайға үдере көшуі қай кезде басталды? 

-1938 жылы тамыздың 11-де Баяннуурдан Өр Алтайға үріккен елдің қарасы көп болған. Көшкендер артына қарамай, мал-мүлкін түгел тастап кетеді. Топты Абдан Омбыжанұлы, Кәбілтай Әмбіұлы, Байғажы Кездікбайұлы деген азаматтар бастайды. Бас сауғалаған ел Далакөл, Толбодан Құзғын асуына жақындап қалған уақытта шекарашылар оқ жаудырып, алғашқы төрт кісі көз жұмады. Дәмелі Аманбайқызы деген 23 жастағы әйелге тиген оқ оның бір жастағы баласының қоңынан өтіп кеткен екен. Қызылбалық деген адам да оқтан жан тәсілім етеді. Төрт адам әйтеуір шекарадан асып үлгереді. Оқиға соңында, яғни 1938 жылдың 13 қазан күні Ішкі істер министрінің арнайы орынбасары Н.Насантогтохтың бұйрығында – «... Лувсанданзан, Ядмаалар жүктеген міндеті бойынша қашқан босқындарға қатаң соққы беру орнына құзіретіндегі әскерлері мен қару-жарақтарын тастап қашып кетті. Соның салдарынан 3 шекарашы, 1 өкіл, 4 адам оққа байланды. Босқындар шекарадан еркін өтіп кетті. Отан қорғау міндетінен шегінген, атқара алмаған штаб бастығы Лувсанданзан, комиссар Ядмаалар далалық сот бойынша ату жазасына бұйырылсын...» делінді.

Оқи отырыңыз:  135 адам ату жазасына кесілген – Қытай қазақтары көрген қуғын-сүргін 

- Кітабыңыздың атауы «Хужирты құрбандары». Шамасы бұл қанды қуғын-сүргін ары қарай сол Хужиртыда жалғасқан болып тұр ғой... 

- Репрессия 1939 жылы бұрынғы Хужирты, бүгінгі Бұлғында қайта жалғасты. Сол жылы Секел мен Қангелді жеріне келген кесапат толастамады. Алдымен Секел аймағынан молда Рамазан Күдікбайұлы, оның соңынан 37 жастағы Шапиық Көшекұлы әйелімен және екі ұлымен ұсталды. Одан кейін Зарып Бақыұлы деген адам жалаға ұшырады. Ұсталу себебі де қызық. Зарып Энхбилэгтийн Гэрэлчулуун деген белсендіге жүйрік атын сыйға бермегендіктен жапа шегіпті.  Оның үстіне әйелі Шошай арғы беттегі шонжарлар әулетінен шыққан Дөнен бидің қызы еді. Ал балалары Ынтыхан, Серхан, Нұқнәби. Тіпті Зарыпты қай жерде атқаны да белгісіз.  Осы кезде Керейге аты мәлім Күдері молда Жиындыұлы үкіметтің құрығына ілініп, аймаққа қарай айдалды. Күдері молда болғандықтан, дұға, дуасынан ерекше сескенетіндер оны кез келген жерде атуға тапсырма алса керек. Күдеріні де Үлкен Жырғылты деген жерде оқ жаудырып өлтіреді.

               «Өкімет, қатты боқ тышсақ та ұстайтын болғаны ма?»

- Осы қаралы жылдар жөнінде қандай да бір естелік-жазбалар сақталған шығар... Ол жазбаларда не жазылған?

- Біраз деректер осы кітапта келтірілген. Біршама жазбалар бізге жеткен. Мәселен, Қанай Қамзақызының естелігінде: 

«... Қол-аяғы матаулы, онсыз да жаны азапталған жүдеу жандар қыстың сары аязында Өлгийдегі түрмеге күні-түні жөнелтіліп жатты. Қайсыбір халі нашарларын түйеге бастырып беретін. Чекистер халі нашар жандарды жол-жөнекей атып тастап жұмыстарын жеңілдететін...»,- деп жазған.

1940 жылы қазақ аймағы - «Баянөлгей» құрылғаны белгілі.  Сол жылдан бастап үкімет қазақ жастарын әскерге тарта бастады. Оған 18 бен 25 жас аралығындағы жастар 6-7 жыл мерзімге баруға тиіс болды.  Хужиртылық Оңғарбай Сетіұлы бұл қиын кезең жайында «... Аттанды шерікке жас буын-буын, желбіреп неше жерде қызыл туы»,-десе, Қасен Толыбайұлы «... Есірку деп басты алды, шерікке деп жасты алды, тірі жесір келіндер, бала-шаға аш қалды, «агт-ға» алды жақсы атты, жыртық үйден тамшы ақты, бұл партия қақсатты...»деп теперіш көргендерін қамыға жырға қосты. Алайда, олар алда қандай азапты күндер күтіп тұрғанын білмеді.  1940 жылы тағы да рулар арасында ұсталмай қалған, келесіге деп сақталып, таңдалған адамдар айдылып кетіп жатты. Мысалы, Жәкула Бақыұлы деген 29 жастағы жігіт «өкімет адамдарына қарсы сөз сөйледі» деген айыппен құрықталды.  Осы Жәкуланың әйелі Риза Шәріпақынқызы «Өкімет, қатты боқ тышсақ та ұстайтын болғаны ма?» деген бір ауыз сөзі үшін 5 жылға сотталды.

Бір бірін ұстап бергендер сыйлық алды

- Осы тұста өкімет туралы үй арасында  айтылған әңгімелер қалай жоғарыға жетіп отырды деген сұрақ туындайды...

-  «Жау жоқ деме, жар астында» деген бар. Бүкіл ел, алыс-жақындағы ағайын-туыстар бір-біріне аңдушы болды.  Сол кезде әркімге қатысты «сыбыс» әкелгендер кәдемен бағаланып, сый-сияпатқа ие болды.  Хужиртыда өсек тасып «жансыз» атанғандарды жұрт – «қызылқұрт - Ә», «қылқұрт - К», «қызылсу - М», «жымсыма - Қ», «кілкиме - А», «екіүйін - Қ» деп тергеді.  Бейбіт адамдардың дүркін-дүркін істі болып, ұсталуы – қарапайым жандарды бұрынғыдан бетер үркітсе, өкімет адамдарын «қырағыландыра» түсті. Хужиртылық «жымсымалар» жіберген шағымдар бойынша 1942 жылы бірнеше тұлға жазықсыз қуғынға ұшырады.  Айталық, соттың 43-ші бабына сәйкес, Төтенше арнайы комиссия Қаһарман Құсайынұлы деген азаматты 10 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл аздай, осыдан кейін Моңғолияның ішкі аймақтарында ашылған кен орындарына жалдамалы жұмысшы алу науқаны басталды. Тізімге ілінген, ілінбеген, ықтиярлы, ықтиярсыз жастардың көбі қара жұмысқа алынатыны туралы хабар жеткен болатын. Онсыз да көлеңкесінен қорқып отырған жұрт амалсыз жалдануға мәжбүр болды.

Жалғасы бар.  

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар