Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Мұндай би қазақ халқының құндылықтарына қайшы". Министр ұлттық құндылықтарды қорлауға жол берілмейтінін айтты

09:51, 19 маусым 2024 582

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева киіз үйде көпшілікке жақпайтын сипатта би билеп, бейәдеп, анайы әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы пікір білдірді. Өз сөзінде ұлттық құндылықтарымызға сызат түсіретін бейнероликтерге жол берілмейтінін хабарлады, деп жазды Alash.KZ ұлттық порталы. 

Құрметті достар! Өздеріңізге мәлім, Ата заңымызда барлық азаматтың құқығы тең, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге кепілдік берілген.

БАҚ пен әлеуметтік желілердің маңызы арта түскен қазіргі кезде қандай контент жасалып, бөлісіліп жатқанына ерекше мұқият болуымыз керек. Адамдардың көңіліне қаяу салып, мәдени және ұлттық болмысымызға сызат түсіретін жазбалар мен бейнероликтерге жол берілмейді.

Осы орайда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі ретінде киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы айтқым келеді. Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді, - деп жазды министр.

Аида Балаева Ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіретінін айтып, бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау ортақ парызымыз екенін мәлімдеді.

Тағы бір мәселе өте маңызды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіреді.

Ал бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау – ортақ парызымыз.

Мен медиа-процесте жүрген барша адамдарды контент жасауда мұқият болуға шақырамын. Кез келген шығармашылық жұмыста ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек.

Жұдырықтай жұмылып, бірлесе жұмыс істеп қана халқымыздың басын біріктіріп, бөлшектеуге болмайтын бай мәдени мұрамызды сақтап қала аламыз, - деп жазды Аида Балаева Фейсбуктегі парақшасында.

Еске сала кетейік, кеше әлеуметтік желіде 2 қыз бен ер жігіттің киіз үйде жартылай жалаңаштана би билеп, бейәдеп қылықтар жасаған бейнеролигі тарады. Бейнероликті көрген қазақстандықтар ашынып, ұлттық құндылықтарды қорлауға тырыспақ болғандарға қарсы пікір білдіріп жатыр. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар