Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Назарбаев Мәсімовтың сатқын екенін қалай білмей қалған?

09:13, 21 қараша 2022 234
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада президент сайлауына дауыс берді.

Ол Қауіпсіздік Комитетінің бұрынғы басшысы, қазір «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен және басқа да ауыр баптармен істі болған Кәрім Мәсімов туралы «егер ол шынымен кінәлі болса, оның артында кім тұр?» деген сұраққа жауап берді.

«Бұл сұрақ мені де қызықтырады. Бұл әрекетке не үшін барғанын, оның артында кім тұрғанын білу үшін мен де тергеу мен соттың аяқталғанын күтіп жүрмін. Мәсімов менімен бірге көптеген жылдар бойы жұмыс істеді. Бірақ кім білген... Иса пайғамбар да қасында отырған Иуданың сатқын екенін білмеген», -деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Экс-президент немере інісі Қайрат Сатыбалдының сот үкімі туралы сұраққа да  пікір білдірді.

"Соттың шешімі әділ деп ойлаймын. Әділ болмаса, оған сенбеген адам қарсы болып, өзінің арызын беру керек. Сондықтан бәрібір қайда барғанда да мәселені сот жүйесі шешеді",- деп жауап берді ол.

Сондай-ақ бұрынғы мемлекет басшысы қазір халыққа ең бастысы бірлік керегін жеткізді.

«Мен кезінде таңдауымды жасадым. Айтайын дегенім: халыққа бірлік керек. Бір президенттің айналасына шоғырланып, еңбек ететін халық бірлігі керек. Бұл Қазақстан халқының болашағы үшін өте маңызды. Азаматтарымыз осыны түсінеді деп ойлаймын. Қазақстан – тәуелсіз, өз үкіметі бар, астанасы тұрғызылған мемлекет»,-деді ол.

Айта кетейік, бүгін елімізде кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру өтіп жатыр. Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша республиканың 2 792 962 азаматы бюллетень алды. Ол тізімге енгізілен азаматтардың 23,37 пайызын құрайды.

Сайлауға түсіп жатқан алты кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев (Халықтық коалиция атынан); Мейрам Қажыкен ( "Аманат" республикалық кәсіподақтар бірлестігі); Жигули Дайрабаев ("Ауыл" партиясы); Қарақат Әбден ("Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігі); Салтанат Тұрсынбекова ("Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі); Нұрлан Әуесбаев (Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы) учаскелерге келіп, өз таңдауларын жасады.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар